Қоғам

Өлкетану музейіне көне жәдігерлер табысталды

Семейдің өлкетану музейіне ежелгі жауынгерлердің қоладан және темірден жасалған қарулары тапсырылды.

Семей қаласының тұрғыны Денис Маторин Семейден 60 шақырым жердегі Белокаменка ауылының маңында, жыртылған өрт қауіпсіздігі жолағына зерттеу жүргізу кезінде ежелгі мәдениетке жататын жәдігерлерді тауып алған. Ата-бабамыздан қалған бұл көне жәдігерлер ұзақ жылдар бойы құм қойнауында сақталып, ауылшаруашылық техникасы – соқаның арқасында бір сәтте біздің дәуірге тап болды.

Белгілі семейлік іздеуші-зерттеуші, «Ел Дала» қоғамдық бірлестігінің өкілі Денис Маторин дәл осы жыртылған алқапта серуендеп жүріп, осыдан мың жыл бұрын Белокаменка ауданында тұрған ежелгі тұрғындардың металл заттарын  тапты. Жәдігерлердің ішінде жебенің, пышақтың, найзаның ұштары, айна және моңғол кезеңіне (шамамен б.з.д. ХІ ғасыр) жататын екі темір зат бар.

– Мен жоғарғы және төменгі Белокаменка ауданында жиі болып тұрамын. Бұл жерде адамдар ежелден тұрып келеді, мен осы жерден әртүрлі дәуірдегі заттар түріндегі дәлелдерді жиі табамын. Осы жолы мені жоғарғы Белокаменка тасжолы маңындағы жаңадан жыртылған өрт қауіпсіздігі жолағы қызықтырды, – дейді зерттеудің егжей-тегжейін айтып берген Денис Маторин. – Мен итімді серуендетіп жүріп жыртылған жерді байқадым да, ол жерде не бар екенін көргім келді. Нәтижесінде, бірнеше сағат ішінде мен қола дәуіріне жататын заттарды таптым, табылған жәдігерлер мені одан ары қызықтыра түсті. Өйткені олардың әрқайсысы адам қолымен,  ерекше оймен жасалған.

Зерттеушінің айтуынша, барлық заттар жақсы сақталған, анық ажыратуға болады және орындаулары тамаша. Ұштардың арасында скифтік үлгі ерекшеленеді, ол үш жүзді және көлемі жағынан андроновтық үлгіден сәл үлкенірек. Ұзартылған үшбұрышқа немесе миниатюрлы найзаға ұқсайды.

Скиф тайпалары Еуропадан Алтайға дейінгі кең аумақта біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдан біздің заманымыздың IV ғасырына дейін өмір сүрді. Жауынгер халық болғандықтан, олардың көпшілігінде садақ пен жебе болды. Жебе ұштары Евразия аумағындағы барлық алқаптарда жиі табылады.

Белокаменка маңынан табылған қола заттар арасынан дөңгелек үлгіде жасалған айна да ерекше. Бұл зат керемет жылтыратылған, шағылыстыру қабілеті жағынан қазіргі заманғы айналардан сәл ғана кем түседі.

Табылған жәдігерлер арасында темірден жасалған екі бұйым бар. Олардың бірі – қиғыш сызықты жебе ұшы. Сырт келбеті қауырсынға ұқсас. Қиғыш сызық қыры кең болуына байланысты жануарларды аулауға немесе сауытсыз жауынгерлерді жоюға арналған. Бұл жауынгерлік зат жануардың немесе жауынгердің денесінде терең жара қалдырады.

– Маған ізденіс жұмыстары не береді? Біріншіден, зат арқылы өткен дәуірдің, біздің заманымызға дейінгі дәуірдің адамдары қалай өмір сүргенін суреттейді. Олар әлдеқайда ақылды болды, ата-бабаларымыздың ақыл-парасаты, ептілігі дамыған және олар қолөнер шеберлігін жақсы меңгерген. Елестетіп көріңіздерші, олар бәрін – балық аулау ілмектерін, пинцет, скальпель, балға, түйме, жебе ұштарын, айналарды, әшекейлерді өз қолдарымен жасады және қандай сапамен жасағаны көрініп тұр, – деді зерттеуші.

Денис Маторин табылған барлық жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстады. Айта кетейік, зерттеуші үнемі өлкетану музейінің қорын осындай тарихы мол, көне дәуірлердегі жәдігерлермен толықтыруда.

Флора Левина, Семей.

Осы айдарда

Back to top button