Өлеңмен өрнектелген тұңғыш шежіре

Том-том тарихтың тамырын тереңдете қазатындардың қатарында өлке тарихшылары да бар. Қазақтың қай ауылына барсаңызда қазыналы қарттардың қатары көп. Шығыстағы шежіреші қариялардың бірі – ақын, журналист, шежіреші Советхан Қалиғожин. Ақынның шежіре кітабын кірген дастандардың көлемі 10 мың жол, 2500 шумақтан асып жығылады.
Шежіреші қарттың «нар найман саңлақтары» атты кітабы 263 бет болып, «Шығыс Полиграф» баспасынан жарық көріпті. Кітапқа Күшлік хан, Қаракерей Қабанбай, Көкжал Барақ, Қаратай батыр, Мамай батыр, Танаш батыр, Тайлақ палуан және басқа да тарихи тұлғалардың өмір жолына арналған дастандар кірген. Сексеннің сеңгіріне шыққан шежіреші сүбелі туындысын санаулы ғана данамен шығарыпты. Өйткені кітапты басып шығару қазіргі таңда қымбатқа түсетіні түсінікті. Жыр шежірені бүгінгі ұрпақ тарихым деп тани білсе ұлағат болар дүние көп-ақ. Өлеңмен өрнектеліп, жырға қатталған жыылдардың шежіресі.
– Бұл кітап автордың ұзақ жылғы төккен терінің, ересен еңбегінің жемісі, Шығыс өңірінің тарихы мен әдебиетінен ойып тұрып орын алар құнды кітап, – депті шежіре жинақтың алғы сөзін жазған қаламгер Айтмұхамбет Қасымов.
– Ескерту: Найман шежіресі өлең жолдарымен бірінші рет жазылып отыр. Жазған осы кітаптың авторы, – деп қолтаңба қалдырыпты автор кітаптың соңғы бетіне.
Алтай Ғали-Асқар