Қоғам

“Өле-өлгенше құрдас болып өтерміз”

Бізде 14 пен 29 жас арасындағы адамдар жастар деп саналады. Биыл Тәуелсіздіктің құрдастары 29-да. Жарты айдан кейін 30-ға қадам басады. Алайда олар ересек орта, үлкен өмірге баяғыда араласып кеткен. 

Атаулы күн қарсаңында олардың бірнешеуімен байланысқа шығып, елдегі жеткен жетістіктер мен өздері өзгерткісі келетін дүниелер туралы пікірін сұрадық.

Еркебұлан Садырбеков:

“Ешкімге тәуелді болмасам деймін”

– Үш аяқты «Балдырған» деген белесебетім болған. Әкем 1993 жылы бес қойға алып берген. Төл теңгеміз енді шыққан кез… Кейбір сыныптасым кейін айтады: «Сендер білмейсіңдер ғой, біздің үйдегі алты-жеті баланың алдына мамамыз нан тілімін санап қана қоятын» дейді. Ұн жоқ. Міне, бізді осындай қиын кезде өскен деп жазасың ғой (күлді). Расымен, тоқсаныншы жылдарда тоқырау болған ғой.

Туып-өскен жерім – Тарбағатай ауданы, Шолақорда ауылы. Сыныптастарым қазір әр қалада еңбек етеді. Мен өз мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Мамандығым – алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі. Өскеменге алғаш келген жылы күзетке тұрмақ болдым. Сонда беретін еңбекақы мөлшерінен екі есе көп ақша сұраған. Жалпы қазір де тұрақты жұмыс табу үшін «бірдеңе» ұсыну керек. Мемлекеттік қызмет пен мектепке былайша орналасу қиын. Сондықтан жеке жұмыста істегенді дұрыс көремін. Құрылыста ақша сұрамайды. Құрылысшы тапшы.
Тәуелсіздік құрдасымын дегенді ойласаң, расымен, қызық сезім кешесің. Сен қырыққа келсең – мемлекетің қырыққа келеді. Тоқсанға келсең – тоқсан. Өле-өлгенше құрдас болып өтесің ғой.
Елдің жетістігі деп байтақ жеріміздің тура ортасынан үлкен қала салынуын айтамын. Астанадағы зәулім ғимараттардың бой көтеруіне қаншама адамның маңдай тері сіңді.
Сауда дүкенін немесе шеберхана ашсам деймін. Керемет байып кетуді ойламаймын. Ешкімге тәуелді болмасам деймін. Адал еңбек, таза ниетпен соған жеткенге не жетсін. Қаланың ортасында баспанам бар. Бұйырса, енді үйленермін.

Айдос Самаев:

“Біз кімбіз – еліміз де сол”

– Әрең іздеп таптым дейсіз бе? Біз 18 едік қой. Семейде 16 желтоқсанда туған төрт ұл, 14 қыз болған. Қайдан білесіз дейсіз бе? Енді бізді 10 жасқа толғанда астанаға алып барды ғой. Президентпен жолығасыңдар деген. Бірақ кездесе алмадық. Есесіне бір депутатпен жүздестік. Кім екені есімде қалмапты. Қазір даң құрдастарыммен араласпаймын. Бірақ көшеде көрсем танимын. Кейбіреуінің есімдері жадымда.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнының құрамындағы компанияда істеймін. Уран өндіреміз. Семейдегі колледжді бітірген соң, жолдамамен келгенбіз. Келіп-кетіп істейтінмін. Бір жарым жыл болды бала-шағаммен осында бірақ көшіп алдық. Технология бөлімінің басшысы болдым. Жетістігіміз осы, әзірге.
Біз қалай өсіп келе жатсақ, еліміз де солай өсіп келе жатыр деп ойлаймын. Біз кімбіз – еліміз де сол. Бұл сұраққа әркім өзінің кім болғанын ойлап, өзі жауап іздер.
Қазір ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Туған жерім Жарма ауданы, Салқынтөбеде туысқандарымның қожалықтары бар. Өзіміздің де малымыз сонда. Кейін еліме қайтып келіп, ауыл шаруашылығын дамытуды ойлаймын.

Архат Әлібеков:

“Не жесек, сол дүниеге айналамыз”

– Биылғы төтенше жағдай науқастар үшін де, медицина қызметкерлері үшін де ауыр болды. Өзім облыстық онкология және хирургия орталығында анестезиолог-реаниматолог дәрігермін. Онкология диспансерінде бейбіт күндегі режим өзгерді. Науқастар жоспарлы отаға келу немесе емханаға жатуы үшін ПТР тексерістен өтуге тиіс болды. Кейіннен коронавирусқа арналған стационарға маман жетіспеуіне байланысты көмекке шакырылдым. Ауыр науқастармен жұмыс істейтін болдым. Әрине, алғашқы күндері өте қиын соқты. Тұмшаланған киім кию нағыз сынақ еді. Ең қиыны – науқастардың саны толастамай көбейіп жатқаны. Көз алдыңда ентігіп, таза оттегіге зар болған бір емес, бірнеше науқасты көру оңай емес. Өмір үшін күрес мораль тұрғысынан ауыр.

Статистика мәліметіне сүйенсек, қатерлі ісікке шалдыққан сырқаттар саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Әсіресе біздің Шығыс аймақтағы науқастар йод тапшылығына зәру: қалқанша без қатерлі ісігі жиі кездеседі. Адамдар ең алдымен тамақтану салтын дұрыстауы керек деп ойлаймын. Біз не жесек, сол дүниеге айналамыз. Сонымен қатар позитивті ойлаудың пайдасы көп. Себебі адам баласы үшін психосоматика үлкен маңызға ие.
Сауатты адамдар көбейсе деймін. Абайдың қара сөздері бүгінгі күні де актуалды болып тұрғанын ескерсек, біз әлі дамымадық. 19-ғасырдағы түсінік өзгермеген. Жастардың мақсат-тілектерін ескеріп, тың идеяларына жол ашатын елге айналсақ екен. Тұрмыстық дүниелерді сағаттап талқылайтын ұсақтықтан құтылып, үлкен идеяларды іске асыратын ірілену дәуірін армандаймын. Арманым –сауатты ойдың бостандығы. Ақшаға алынған диплом емес, тәрбиемен берілген білім өзекті болатын заманды қалаймын.

Ақерке Саканова:

“Бала кезде қатты сезілетін”

– 1991 жылы 16 желтоқсанда сағат 18.15-те туыппын. Мектепте мейрам сайын атымды ерекше атап айтатын. Нұр-Сұлтан мен Алматыға да алып барды. Бала кезде өзгеше көзқарастарды сезетінмін. Қазір өмірдің ағысымен кеттік. Енді туған күнімізді де отбасы ішінде ғана шағындап тойлаймыз. …Кешіріңіз, аяқ астынан сіз хабарласқанға не айтарымды білмей, біртүрлі қобалжып кеттім… Содан, иә… өзім Ұлан ауданы, Тарғын ауылының тумасымын.

Спортқа жақын болдым. Волейболдан аудандық жарыстарға шығатынмын. Өскемендегі С.Аманжолов университетін грантқа оқып шықтым. Қазір Асубұлақ деген ауылдың мектебінде денешынықтыру пәні мұғалімімін. Жолдасымыз екеуіміз жұмыс бабымен осы ауылға келгенбіз. Екі бала өсіріп отырмыз.
Мектепте желтоқсан оқиғасына қатысты іс-шаралар өтеді. Мысалы, патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылады. Өзімнің сыныбыма сынып сағатын арнаймын. Оқушыларыма батыр аға-әпкелерінің әділетсіздікке төзе алмағанын түсіндіремін.
Менің ойымша, біздің елдің жетістігі – бейбітшілік.
Шет елдермен салыстырсақ, әлбетте, біздің халықтың тұрмысы төмен көрінеді. Дамуымыз баяу. «Болашақ» бағдарламасымен білім алған озық мамандардың барлығы елге келіп, тың серпіліс берсе, ел мен жердің байлығы өзіміздің игілігімізге асса, міне, сонда бәрі тамаша болар еді деп ойлаймын.

Мейіргүл Сахариева:

“Заңдарды қайта қарау керек”

– Мемлекеттік мекемелер тендер ұйымдастырғанда бір ғана қатысушыға басымдық беруі мүмкін немесе арзан заттардың ақшасын артық жазуы ғажап емес. Мысалы, «бір қаламсап – бес мың теңге». Жұмысым – сондай кілтипандарды қадағалау. «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» порталында тендерлер мен мемлекеттік сатып алулардың әділ өтуін және бюджеттің тиімді пайдаланылуын қадағалаймыз. Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция және парасаттылық басқармасының бас маманымын.

Жуықта облыстағы бір мекеме 16 миллионға көлік алмақ болған. Әрине, бағаны артық көрсеткен. Оған қоса республикада мемлекеттік мекемелерге көлік сатып алуға мораторий қойылғанын ескермеген. Міне, біздің бөлім осы істің алдын алды. Мұны өзімнің жұмыстағы күнделікті жетістіктерімнің бірі деп санаймын. Ал нақты марапатқа келсек, студент кезімде қаланың аруы атанғанмын. Республика бойынша үздік мамандар арасында екінші орынға шығып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы Алик Шпекбаевтың қолынан Алғыс хат алдым.
Қазақстанда өзгерткім келетін нәрсе көп. Өз жұмысыма қатысты айтсам, сыбайлас жемқорлыққа себеп болатын дүниелерді өзгертер едім. Бірінші, біздің заңдардың бір-біріне қайшы келуі және жазалауға келгенде қолданатын шаралардың балама түрін таңдауға болатыны дұрыс емес. Мысалы, кінәліні екі жылға бас бостандығынан айырудың орнына кейде жеңілірек жаза тағайындалады. Заңдарды қайтадан қарап, талдап шығу керек. Маған салса, жазалауды қатайтар едім.
Тәуелсіз еліміздің жетістігі – менің ойымша, ұлтаралық келісімнің болуы. Шетелдерде соғыс болып жатқанын көреміз ғой, ал бізде бейбітшілік. Содан кейін әсем қала – Нұр-Сұлтанның бой көтеруі. Қаланың ескі суреттері мен бүгінгі келбетін салыстыра алмайсың. Талпынған адамға мол мүмкіндік беретін шаһарға айналды.

Сұхбаттасушы – Тасқын БОЛАТҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button