Қарымды қаламгер Асқар Алтайдың қазіргі қазақ әдебиетінде тосын құбылыс болған «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы)», «Туажат» (Тамұққа түскен сәуле)», «Сират» (Алтай сагасы) романдарынан кейінгі сүбелі дүниесі – «Былғары табыт» (Марқа сұлу симфониясы) романы кейінгі кезеңдегі шоқтығы биік туынды ретінде елді тағы да бір рет елеңдеткені ақиқат. Оған әдеби сынның өз бағасын берер уақыты әлі алда болар.
Алтай тауын пана тұтқан Сақ Қағанатының сарқын қағаны мен сұлу бегімі – Марқа сұлу туралы әфсана, былғары табыт аңызы, бүгінгі қазақ қоғамының тағдыр-талайы параллель сюжет ретінде, ежелгі сақ заманындағы аңыз-әфсаналармен астастыра өрілген ауқымды дүниені оқырман жатырқамай қабылдады.
«Былғары табыт» романының сиясы кеппей жатып, тың туынды қолға тиісімен, оны бір деммен оқып шығып едік. Бұған дейінгі «Туажат», «Сират» романдарын да осылай демде тауысып едік. Атауының өзі экстроординарлық реңкте екендігін былай қойғанда, романды үш ұстын – эпикалық, тарихи және модернистік нышандардың толық синтезі деп қабылдадық. Көп жылдар көкейде жүріп, әбден пісіп барып, қағазға түскені даусыз.
Романда Марқа көлінің атауының шығу тегін Марқа сұлу желісі арқылы сонау арғы Таян хан заманына қарай апаруы жазушылық қиялдың жемісі де шығар, бірақ бұл өте бір қызғылықты версия көңілге жағымды да нанымды көрінді.
Қазан-ана көлдің еркесі Марқа сұлу – Найман ханы Таянның үкілеген жалғыз қызы еді. Болашақ Ер Күшілік ханның Марқа сұлудай әпкесіне қорған бола алмас бейкүнә шағында, егде тартқан Таян хан әкесі хандығы да қауындай жарылып, туған інісі бүлік шығара бөлініп, «Бұйрық хан» атанам деп әуре-сарсаң салып жүрген бұлғақ мезгіл болатын.
Алтайдың табиғаты сияқты айрықшаланып тұратын жазушының өзіне ғана тән қалам қасиеті – шарықтаған қиял, қою оқиға, майы тамып тұрған қазақы тіл мәйегі бұл романда да сүйсінтеді. Қазақтың тұшымды тіліне таңдайынан жарыған жазушы екендігін осы романы арқылы тағы да танытты. Сол шұрайлы тіл мен ширақ сюжет оқырманын еріксіз жетелеп отырады.
Алтайды басқа қырынан, жеке-дара тосын сүрлеу салып, соны соқпақпен жырлап жүрген жазушының аға буын ақындар тарапынан «прозаның Иса Байзақовы» деген баға алуы тегін емес. Асқардың бірде «Оралхан сөздің магиясын игерген» деп айтқаны бар. Осы сөзді Асқардың өзіне де қатысты айтуға болар. Жазушы шығармашылығының дара келбеті, оқшау пішіні өз-өзінен иландырады, мойындатады.
Кезінде жазушының «Альпинист» әңгімесін оқып отырып, қазақ әдебиетінде бұрын-соңды қалам тербелмеген осы бір одағай, тың тақырыпты сәтті алып шыққан сұңғыла шеберлігіне қайран қалып едік. Тіпті, бірнеше қайтара оқығанбыз. Бейнебір құз басына шығып жүрген кәнігі альпинист тәрізді суреттерді сипаттау шеберлігіне тәнті болғанбыз. Соған ұқсас рай: жаңа романында да археологиялық қазбаның кәсіби біліктілікпен баяндалу тәсілі таңдандырды. Бұны виртуоз жазушының һас шеберлігі деп мойындауымыз керек. Жалпы, осы тектес жіңішке сәттерде кәсіпқой мамандардан кеңес алу деген жазушы тәжірибесінде бар ма екен деп те ойладық.
Романдағы батыл версиялардың бірі – Шыңғыстай Ұлы қағанның лақаты Бүргендайда жатыр деген желі. Романда осы болжам көркемдік оймен керемет сәтті астасыпты. Оқиғалар сол бір ескі замандағы бекзада болмысты ел билеушілерінің бүгінгі ұрпақтарының өмірімен сабақтала өрілуімен тартымды бола түседі.
Осы маңдағы екі үлкен алтын кеніші өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін жұмыс істеп келді. Алтайдың қойнау-қойнауындағы барлық кеніштер сияқты ол екеуі де көне кен орындарының ізімен ашылған. Моңғолдар сарқылмас алтын қоры бар екенін білген. Өндірілген алтынды Шыңғысханның сағанасына дейін салынған тақтайдай жолмен жеткізіп отырған. Амал не, дәл шекара түбіндегі бүгінгі Марқакөл өңірінің тұмса табиғаты аяусыз талқандала бастаған кезеңге де куә болдық…
Міне, осы тектес қоғам дертін, замана шындығын жалаң баян етпей, қым-қиғаш оқиғаларды ширықтыра отырып, психологиялық параллелизмге құрылғаны көңілді байытты.
Тарихи оқиғалардың шығарма құрылысына нұқсан келтірмей, негізгі оқиғамен жымы білінбей кірігіп кеткені қарымды қаламның ғана күші жетерлік дүние екені шүбәсіз. Жазушының бір шығарма ішіне өзге шығармаға сюжет боларлық келесі оқиғаны сыйғызып жіберетін һас шеберлігі осы романында тағы да көрініс береді.
«Былғары табыттың» танымдық тереңдігі мен көркемдік кеңістігі жымы білінбей астасқан кесек туынды екеніне шүбә жоқ. Сезімтал сұңғылалықпен сомдаған кейіпкерлерінің іс-әрекет, болмысы нанымды шыққаны соншалық, сөздеріне, қимылына имандай ұйып иланасың.
Притчалық өріммен өрілген келісті баян қазақ жазушыларының арасында А.Алтайды ерекшелендіріп тұратыны анық. Персонаждарды детальдап бейнелеу, жалпы сөз, сөйлем, сюжет құрылғыларының көркем кестеленуі айрықша таңдандырады.
Осыдан жеті жыл бұрын жазушы туған өңірі – Күршімде оқырмандармен кездесу өткізген кезде, «Жазушының басты рөлі неде?!» деген сұрақ қойылғаны есімізде. Сонда Асекең әйгілі жазушы Г.Маркестің «Жазушы әрдайым сол кездегі билікке оппозиция болуға тиіс. Өйтпесе, оның жазушылығы ақсайды» деген сөзін келтірген. Жүрегi кiрлеген қаламгердің жан әлемi де былғанады, рухы да өледi. Ұлы жазушы Гогольдiң бұл туралы «Портрет» атты керемет повесi бар. Мiне, осы повесiнде ұлы жазушы: «Қарапайым адамдарға кешiрiлетiн пендешiлiк, талантқа кешiрiлмейдi», – деп жазғанын мысал етіп айтқан. Жазушы ылғи да наразы болуға тиiс. Өмiрдiң жабайы шындығын қабылдаған және онымен келiскен адамнан жазушы шықпайтынын тілге тиек еткен.
Байқауымызша, А.Алтайдың жанына әйгілі Г.Маркес жақын сияқты. Маркестің әдеби бағыты көбіне «магиялық реализм» деген сипатқа ие екені белгілі. Шығармашылығында шынайы өмір мен қиял-ғажайып, болмаса қияли дүниенің тығыз байланысатыны соншалық, сөз бен сурет магиясы бейнеленіп отырған дүниемен кірігіп-бірігіп кетеді. Оқиғаның себебі мен салдары, өткен шақ пен бүгінгінің орындары оп-оңай алмасып кете береді де, циклмен жүретін уақыт бедерін сіз байқамай да қаласыз. Осы мезетте кейіпкерлердің сезімі, көңіл-күйі, ішкі сөзталас-монологтары алғашқы планға шығады. А.Алтайдың жаһандық əдеби құбылыстарға жанасымдылығы осыдан да көрінеді. Мысалы, «Туажаттағы» Байбураның да, алдыңғы жазылған «Алтайдың алқызыл модағайы» мифтік романындағы Ұлан аңшының да қазақ постмодернизміндегі магиялық реализм дәстүрінде сомдалған кейіпкер екенін сезер едіңіз.
Ал, мынау жаңа романды да оқи отырып аңыз-əфсаналық айшықтағы астарлы сарын желісімен бағзыдағы бабалар дәуіріне сапарлап, таңсық дүниенің тұтқасын ұстайсыз. Кең эпикалық тынысы романтикалық леппен астасып, қазақ әдебиетінде бұрын-соңды ұшыраса қоймаған бүгінгі кесек туындылардың салқар көшін бастады деп батыл айтуға болар.
Түркілік, бөрілік тотем, түркілік таным. Алтайдан тараған сонау сақ-ғұн дәуірінен біздің бөрі тотем – кодымыз. Біздің киелі санайтын, қасиет тұтатын асыл тірегіміз. Осы ұстындағы романда Тəңірқұт Дің, ханшайым Сылан бегім образдары шебер мүсінделеді. Дің қағанның қаһарлы бейнесін сомдауға жұмсалған ескілікті салттық нақыстар төтенше қиыстырылады.
Былғары табыттан шыққандар – Алтай тауын пана тұтқан Сақ Қағанатының сарқын қағаны мен сұлу бегімі еді. Көшкен елдің жұртында қалған соңғы Тәңірқұт – Білге Дің қаған еді.
Кейіпкер Толғанбайдың сараланған санасы тұңғыш Сақ Қағанатын құрған бірінші Тәңірқұт – Білге Сақа қаған дәуіріне тап болып еді. Сақтың ат тұяғы жетер, сақ жақ жебесі шалар дүниеде әмір құрған көшпенділердің Ұлы Білге Сақа қағаны қапияда қазаға ұшырапты. Жалғыз емес. Қазан-ана көлге көлеңкесі түсетін Азутау шыңындай шынар мүсін Азубике бегімімен мерт болыпты.
Көне тарихты аңыз-əпсана арқылы жандандырып суреттеген жазушы сақ заманының кескін-келбетін бейнелейтін көне айшықтарды қалам қуатымен тірілтеді.
Барыс сұлбалы Бөкенбай тауы төріне, ел көмілмей жатқан ақсөңке сүйектерден шошынып, «Ақсөңке сайы» атап кеткен аруақтар мекеніне бақсыдай аруақ шақыруға аттанған Толғанбай (Кезбе Толу), мақау бала Отан. Аруақтар елесі осы екі кейіпкердің санасында сәулеленіп, түсінен шықпай, ойынан өшпейді. Айсыз аспан астында аңырай зарлап, айкезбедей түнделетіп жүретіндері де содан. Өктем империялық саясаттың қолымен әдейі жасалған босқындық зобалаңының аяғы Ақсөңке сайында бес жүздей бейкүнә жанның сүйегінің аспан астында қурап қалуына әкеліп соқты. Кебінсіз кеткен шейіттер, арман арқалаған шерлілер қазақтың тар кезеңдегі шері мен құсасына айналды.
Үңгір ішіне, текше тас үстіне қойылған қу бесіктің басына тағылған бір уыс үкі Марқа сұлудың марал самалымен желбіреп, күміс қоңырауы қоса сыңғырлайтынын бейнелі суреттеуі ғажап! Ұлттық колоритті ишара астарымен өз иіріміне тартып, сырлы тұспал арқылы философиялық күрделі ой-түйіндерге жетелеуімен құнды.
«Сақалы селеудей ақсақал мен ақ жаулықты әжелер, атпал азамат пен айпара аналар, бозсері жігіт пен аққу мойын бойжеткендер, бұғанасы қатпаған бозөкпе мен бәлиғатқа толмаған қыздар, бесіктен белі шықпаған сәби мен құрсақта жан тапсырған шараналар басы», – деп өксік құсаменен суреттейді жазушы.
Міне, осы жерде автордың оқыс оқиғаларды, оғаш кейіпкерлерді сюжет өзегіне енгізу арқылы кесек оқиға туындата білетін табиғи шеберлігі тағы да тәнті етеді. Кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын терең психологизм тәсілі арқылы бейнелеуімен мойындатады.
Әдебиетте образ айқындалып тұруы керек, егер осы талапқа сай келмесе, ол көркем шығармаға жатпайды дейтін жазушының өз ұстанымы бұл романында айқын көрінеді.
Жасынан жер аралап, ежелгі қорғандарды сағалап, ұшақта да, арбада да отырып үйренген көнтерілі археолог-профессор Мағдан Жұрағатұлы, оның дарынды шәкірті Дулат, бұның туған ағасы үлкен кәсіпкер Сұңғат, осы өңірге әйгілі әнші Ғазиз, профессордың жас тоқалы Аршын сұлу. Міне, романдағы толық емес кейіпкерлер галереясы осы.
– Атақоныс Алтай аман, жұрт тыныш болсын! Қасындағы Қытай жерімізге көз алартпасын, жаға жыртыспасын! Беймәлім «Былғары табыт» ашылсын, ішінен інжу-маржан шашылсын! Марқа сұлуға сұқ көз сұқтанбасын, Аршын жарға серілер оқтанбасын! Аумин! – деп бата беретін профессордың сөздеріне қаншама мағына, салмақ сиғызады.
Француздың жеңіл ұшағымен Марқакөлді бетке алған топ дөңгеленген иллюминатордан алыстан жарқырай мұнартқан көкпеңбек Зайсан көлін, жыландай созылып жатқан Қалжыр мен Қара Ертісті, қайрақтай қара қабырғасы қарауытқан Бөкенбайды, тары шашар жазығы жылмия жатқан Тақырды, сары жалқын Алқабек құмын әуеден тамашалап, бүркіттей бүре түспек боп, тұғырда қас-қақпай күзетіп отырған ата қыран сияқты Мәрмәр асуы арқылы Марқакөлге ұшып келеді.
«Жас әйелдей керім керіле жатқан Марқа сұлу келбеті төңіректегі көркем тау табиғатын өзіне сұқтандыра түсіп, Азутау шыңының ақ басын игізіп, дүние біткенді тәкаппар келбетіне идіріп тастапты… Қанды көбік жұтқан көкжал азуындай көлге шың басының суық келбеті шаншылыпты. Көгілдір су бетінде толқындар да ақ кіреукелене көлбеген ақазу мүсіні көлеңкесінен жасқанып, толқыны тынып қалған сияқты. Торғын бу сәбидің ұлпа деміндей жүз шарпып, салқынға қаныққан саф ауа сарайыңды ашады».
Міне, жазушы көркем Марқакөл маңын осылайша ғажап нақышпен суреттейді.
Профессор мен жергілікті кәсіпкер Сұңғат арасындағы келесі бір диалог былайша өрбиді:
– Ауыл жаққа да адам керек, аға! Бәріміз қала деп шапқыласақ, мына жатқан жерге кім ие болады? Бос жер жоқ. Иен жатқан жер жау шақырады… Шекара іргеде. Қысық көз көршіміз мынау – аткөпір… Лықси-лықси келіп, желкемізге шығып отыр. Лақ етіп ақтарыла салуы қалды. Ол жақта ел бар деуші едік бұрын… Оны жұтып болды. Ендігі кезек кімдікі деп айыр тілі жалаң-жалаң етеді… Аждаһа. Көмейі кең. Бұл бір ашық күнде аспаннан төнген апат сияқты, аға!
Міне, бұл жерде жазушының нағыз азаматтық-саяси ұстанымы осы диалог арқылы айқын ашылады.
Жазушы «Күндердің күнінде мың жылда бір туар тумысы бөлек Шыңғысхан – Сайыпқыран Сайын хан – Сарыарқаның Сұңқар қағаны сүйегі ғайыптан тайып ару Марқа сұлудың маңынан табылуы да ғажап емес қой!» деген батыл ойды кейіпкері Дулаттың аузымен айтқызады. Дулаттың оған бір дәлелі – қалмақтың ұраңқай тайпасы кешегі Шатақ батыр заманына дейін Марқа сұлудан кетпей отырғаны. Ең соңғы қалмақтар жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдар ортасына дейін Катонқарағайдың шипалы Рахман бұлағы басында отырып, Ресейге тиесілі Қалмақ республикасына түгел көшіп кетті…
Марқакөлдің жағасында сонау Алтын Орда заманынан бері қазақ-қалмақ қатар мекендеп келгені ғана емес, «Ұраңқай» атты ауыл сол Шыңғыс қаған заманы көшінен көл жағасында әлі күнге бір белгі боп, атауын сақтап қалғанының өзінде тылсым қуат-күш бар. «Неге кетпейсіңдер?» десе, «Бізге Шыңғыс қағанның өзі мүрдемді жеті жүз жыл күзетіңдер!» деп табыстап кеткен деседі екен ұраңқайлар.
Қағанның мүрдесі жатыр дейтін Бүргендайға бет алып келе жатып бабасы туралы алаңсыз еске алып отырғанда, романдағы тағы бір кейіпкер – декабрист Қаржау мен Дулаттың арасындағы диалог былай өрбиді:
–Теректіге де жақындап қалдық. Жаңбырдан кейін дүниенің жарқырауын-ай!.. Алтай қара нөсермен неше күн жуынып еді, енді міне, сарқырама астынан шыққан арудай кіршіксіз…
– Сұлулығына жер жетпейді ғой, аға! Алтай – адамзаттың алтын бесігі… Алтын бесік ешқашанда бос жатқан емес.
– Қазір бос қалып тұр ғой, Дулат! Күллі түркі жұртының алтын бесігі ғой біле білгенге!
– Иә, арқаға аяздай батады!.. Күршімнің тұсынан Ертіске көпір салынар… Көшкен ел де оралар!
– Қайдам!?
– Оралады, аға! Елді ойлаған азаматтар туар!
– Олар туғанша, біздің сүйегіміз қурап қалар…
– Марқа мен Катонға ел қоныстандырмай, Алтайдың осы иен жатқаны – жатқан… Билік те, азаматтар да осының шешу жолын ойластыру керек. Тап осыған біздің мемлекеттің жағдайы жетеді… Мемлекет сонысымен мемлекет емес пе!? Есесіне ұлтымыз Алтайының ақ төсін емер еді, өр рухты болып өсер еді… Көбейер еді!
– Рух дегеніңіз көңілге қонады. Елге ел қосылса, рухқа рух демеу береді…
Жазушы бүгінгі күннің ең көкейкесті мәселесін осылай опыра қозғайды.
Басты кейіпкерінің бірі арқылы жеткізген: «Жады – ұлттың мыңжылдық болмысы. Ал болмыс жаннан да қымбат! Жад жұтаса – болмыс жұтайды. Ұлт жоғалады! Бөрі болмысты жұрт едік. Қазір жұтауға ұшырадық, болмысымыз бұзылды. Бір заманда ірі едік….», – деген ақиқат бүгінде өзекті болып тұрғаны айқын сезіледі. Шығарма бойында біз жоғалтқан ата қазақтың жаугерлік рухы атойлайды.
«Былғары табыт» романы арқылы әдебиетіміздің тосын да таңғажайып кейіпкерлер галереясын толықтыра түскен кірпияз талғамды қалам иесі ұлы Алтай заңғарларына өрлеп шыққан альпинистей биік шыңдарды бағындыра берсін! Баурайына бақ қонған, тау-тасы ашылмаған сырға, қойнауы қазынаға толы киелі Алтай рухы қолдап жүрсін!
Сайлау Төлеуов
Өскемен