Қобызы оның басқалардан өзгерек

Қазақтың киелі қобызын дәріптеп жүрген Петр Кручтың қолынан шыққан бұл аспаптың қоңыр үні еріксіз елітеді. Үнінің ерекше шығуының сыры ағашының сапалығында ғана емес, шебердің жанын салып жасауында да болса керек.
Қасиетті аспаптың прима-қобыз деп аталатын скрипкаға ұқсас түрін жасап жүрген шебер Петр Круч Өскемендегі облыстық жасөспірімдер және балалар кітапханасында өткен кездесуде ұлттық асаптар жасаудағы шеберлігінің қыр-сырымен бөлісті. Шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты халық өнеріне бір табан жақындату. Кездесуге келген жасөспірімдер шебердің өнеріне тәнті болып, оған сауалдарын қойды. Петр Курчтың айтуынша, әр аспап оның туған баласындай. Оны жасау үшін материалдың сапасына, шектерінің әуезді болуына ерекше мән береді. Шара барысында шебер қолынан шыққан әр туындысына қалай жан бітіретіндігін бүге-шігесіне дейін баяндап, тіпті, ағаш өңдеуде қандай құралдар пайдаланатынын көрсетті. Қызықты өткен кездесу соңында жиналғандар шебермен естелік суретке түсті, ерекше әсер алғандарын жеткізіп, оған алғыстарын айтты.
Еркежан Ғазезова