Руханият

Қобыздың үнін қылқаламмен бейнеледі

Қобыздың үнін қылқаламмен бейнеледі


Халықаралық музейлер күніне орай облыстық Өнер музейінде «Өнер түні» атты тартымды кеш өтті.

Қобыздың үнін қылқаламмен бейнеледі

Өнер музейіне жиылған жұрт әуелі театрландырылған көріністен көне ғасырлардан жеткен бабалар үнін тыңдады. Әрине, қазақ ұлтының ғана емес, өнерге өзіндік үн қосқан өзге ұлттың арғы аталары да өз тілінде ұрпаққа мінәжат оқыды. Ұрпақ санасына өнер дәнін сеуіп, ұлтты рухани жаңғыртқысы келген бұл шараның қонақтарды қызықтырған тұстары мол болды. Шынайы өнерге шөліркеп келген қонақтар бұл түні ақындардың көктем туралы оқыған сезіміңді қытықтайтын лирикаларына мастана отырып, бейнелеу өнерінің құдіретін тамашаласа, келесі бір бөлмеден қобыз үнімен «Жез киік» күңірене жөнелді. Қорқыттан қалған құдіретті аспаптың аңыраған үні де ғажап қой. Қаймана халықтың қанды тарихын әкеледі көз алдыңа. Жалпы жиналған жұртты көрермен деп айтуға келмейді. Себебі, өнерпаздардың дені сол көрермендердің арасынан шықты. Бірі ән салса, бірі сурет салды. Бұл кештің ерекше мәнді өтуіне Жастар театрының қосқан үлесі де аз болмады.

Өнер көрсетем деген әр қонаққа сахна төрін, өнер алаңын ұсынған кеш сондай еркін әрі көңілді өтті. Бізге ерекше әсер еткен бір көрініс «Шабыт» ақындар мектебінің мүшелері оқыған көктем туралы лирикаларға ілесе салған суреттеу болды. Әсіресе, қобыз үнінінен «Жез киік» күйін тыңдаған Өскемен қалалық №1 музыка мектебінің оқушысы Гүлден Сағымбаева салған сурет елдің ыстық ықыласына бөленді. Бұған дейін талай дүбірлі додаларда топ жарып жүрген 11 жасар жас талант қай өнердің тілі болса да жүрекпен ұға алатынын, өнердің тілі ортақ екенін дәлелдеді.

Шараның атап өтетін маңызды оқиғаларының бірі мұражай қабырғасынан ашылған өнер мектебі мен экскурсия жүргізушілері мектебінің тұсаукесері болды. Бұл мектептерге өнерге әуес жастар мен жеткіншектер, сондай-ақ ынта танытқан ересектер де қатыса алады. Экскурсия жүргізу мектебі өңірде тұңғыш рет ашылып отырғанын атай кеткеніміз ләзім.

– Қала тұрғындары өздерін осы түні әнші, биші, суретші һәм экскурсия жүргізушісі сезіне алады. Сол арқылы шығармашылықтарының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беріп отырмыз. Олар кеш барысында тыңдаған ән-күйін немесе поэзияны суретпен бейнелейді. Негізгі мақсатымыз – өнерлі жастарды музейге тарту, – дейді мұражай қызметкері Шынар Еңсебаева.

Кеш бата басталған шара біразға дейін жалғасты. Әр өнердің айтқысы келгенін қағаз бетінде бейнелеген өнерпаздар бірде жеке тұлға ретінде танылса, бірде топ-топқа бөлініп сайысқа түсті. Кеш соңында қатысушылар ешқандай жерде сатылымда жоқ қазақстандық өнер туындыларын қанжығасына байлады. Жас суретшілерге арнайы шақырылған мамандар шеберлік сыныптарын өткізді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button