Облысымызда жаңа индустриялық жобалар іске қосылды
Индустрияландыру күні Шығыс Қазақстан облысының ірі өнеркәсіптік нысандарында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысқан телекөпір барысында 2016 жылдың бірінші жартысына арналған индустрияландыру қорытындысы шығарылды және мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жаңа жобалары таныстырылды.
Шығыс Қазақстан облысында телекөпір «Қазцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Каз Минералс Ақтоғай» ЖШС, «КЕГОК» АҚ сияқты кәсіпорындарда өтті.
Мемлекет басшысы телекөпір режимінде индустрияландыру бағдарламасы аясында жаңа жобалардың іске асырылуына бастама берді.
«ҮМЗ» АҚ аумағында атом стансаларына арналған жылына 200 тонна ядролық отын шығаратын қуаттылығы бар зауыттың құрылысы басталды. Аталмыш жоба өңірге әлемдік технологиялар мен шетелдік инвестицияларды тартпақ. Кәсіпорын басшылығы ел Президентіне 2019 жылдың соңында зауыт алғашқы өнім шығаратынын жеткізді.
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары үшін ірі жобалардың бірі – 598,5 шақырымдық Екібастұз – Шүлбі СЭС-і (Семей) – Өскемен желісінің (500 кВ) құрылысы аяқталу кезеңінде тұр. Оның іске асырылуы өңіраралық кооперацияны күшейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға септеспек.
Телекөпір барысында шығысқазақстандық кәсіпорын басшылары өз ұжымдары атынан Мемлекет басшысын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, өздеріне қолдау білдіріп отырғаны үшін алғыстарын айтты.
– «Қазцинк» компаниялар тобының 20 мыңдық ұжымы атынан Сізді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Біз компаниямыздың 1997 жылы «өмірге жолдаманы» Ұлт Көшбасшысы қолынан алғанын мақтан тұтамыз, – деп атап өтті «Қазцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев.
КАЗ Минералс тобының басқарма төрағасы Олег Новачук кеншілер мен байытушылар ұжымдары атынан Елбасыға жобаларға деген қолдауы мен назары үшін ризашылық білдірді. «Сіздің қолдауыңыздың арқасында біз әлемдік деңгейдегі екі заманауи тау-кен байыту кешенін салып шықтық. Ақтоғай Бозшакөлмен қатар Қазақстанның мыс флагманына айналып отыр. Өндірудің жылдық қуаттылығы 20 миллион тонна кенді құрайды. Ақтоғай жобасына құйылған инвестициялар екі миллиард доллардан асып кетті. Кеніштің пайдалану мерзімі – 50 жылдан асады. Мұнда озық тау-кен құрал-жабдықтары орнатылған. Бір жарым мың жұмыс орны құрылған», – деді ол.
Телекөпір кезінде КАЗ Минералс тобының басқарма төрағасы Олег Новачук Мемлекет басшысына Ақтоғай байыту фабрикасында сульфидті кенді қайта өңдеу бойынша іске қосу және тестілеу жұмыстары басталғанын хабарлады.
Ақтоғай кен орны сульфидті кенінен тауарлы мыс концентратын өндіру 2017 жылдың алғашқы тоқсанының соңына жоспарланған. Ақтоғай жобасының жалпы бюджеті қайта қаралып, 100 миллион долларғадейіназайтылған, яғни 2,1 миллиард долларды құрап отыр. Үнемдеуге 2016 жылғы құрылыс барысының сәттілігі, күтпеген жағдаяттартың әсерінен жартылай босау, жергілікті мердігерлер жұмысының долларлық құнының төмендеуі және құрылыс жұмыстарының көп бөлігін жергілікті мердігерлер арасында бөлу бойынша стратегияның жағымды әсер етуі есебінен қол жеткізілді.
Қалған күрделі төлемдердің мерзімдері қайта қаралып, бұрындары 2016 жылдың соңына жоспарланған кейбір төлемдер қазір 2017 жылдың басына ауысып отыр. 2018 жылға көшірілген шығындар қатарында тотыққан кен тиелетін сілтілеу панелінің кеңейтілуіне байланысты шығын бар, ол 70 миллион долларды құрайды.
Телекөпір аяқталған соң, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» атты сапа саласындағы жетістіктер үшін сыйлығын және «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша конкурсы сыйлықтарын табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Осы орайда, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің жеңімпазы болып сүт өнімдерінің 40-тан астам түрін шығаратын «Шығыс-Сүт» ЖШС атанғанын атап өткен абзал.
Ержан Әбіш