Облысымызда тұңғыш рет бүркітшілер сайысы өтті
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облысымыздың тарихында тұңғыш рет Үржар ауданында «Қансонар-2016» деп аталатын бүркітшілердің Х республикалық чемпионаты өтті. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Астана қаласынан келген 31 бүркіт пен 4 қаршығаны баптап салушылар Мақаншының іргесіндегі Жайтөбе бауырында екі күн бойы жарыстың көрігін қыздырды.
– Бұл шараны жоғары деңгейде өткізуге Қазақстан бүркітшілер одағының мүшесі, ұлттық өнердің майталман шебері Тәттімбет Кәпұлы бастаған үржарлық жерлестеріміз үлкен үлес қосуда. Ата-бабамыздан қалған мұраны ұлықтауға еліміздің 11 өңірінен келген бүркітшілермен бірге Үржар ауданының құсбегілері де атсалысып жатыр, – дейді аталған шараның өтуіне қолдау көрсеткен Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
(Үржар ауданында өткен бүркітшілер сайысы туралы толығырақ материалды газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар).
Шығыс-Ақпарат