Экономика

Облысымызда шағын ЭКСПО көрмесі келер жылдың мамырында өтеді

Облысымызда шағын ЭКСПО көрмесі келер жылдың мамырында өтеді

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде өткен кезекті аппараттық кеңесте облыстық шағын ЭКСПО – 2014 шарасына дайындық барысы, өңір кәсіпорындарының Индустрияландыру күніне қатысуы, сондай-ақ, осы жылдың 11 айы ішінде бюджеттің орындалуы, Астанада Шығыс Қазақстанның күндерін өткізу сынды маңызды мәселелер талқыланды.

Индустрияландыру күні Шығыста үш өндіріс орны ашылады

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев шағын ЭКСПО көрмесіне әзірлік жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Аталмыш іргелі іс-шараны 2014 жылғы мамырдың 24-і және 25-і күндері ұйымдастыру көзделіп отыр.

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ барлық басқармалар мен әкімдіктер осы іске жұмыла атсалысып, алғашқы отандық шағын ЭКСПО көрмесі лайықты дәрежеде өтуі тиіс екенін ескертті. Әрбір аудан мен қала осы көрмеге өз жобаларын ұсынулары қажет, мұнымен қоса өзге мемлекеттердің осындай шараларды ұйымдастырудағы тәжірибелерін зерделеген де артық етпейді.

– Алғаш рет өткізілетін осындай ауқымды көрме тек аймағымыз үшін ғана емес, соныман қатар бүкіл еліміз үшін де аса маңызды. Бұл бастаманы Елбасының өзі қуаттап отыр, сондықтан шағын ЭКСПО көрмесіне дайындық жұмыстары қатаң бақылауға алынуы тиіс, оған барлық мүмкіндіктер мен күш-жігерді жұмылдырған жөн. Кәсіпкерлер мен ғалымдарды, жоғары оқу орындарының өкілдерін осы іске барынша тартып, көрмені бүкіл елімізге үлге-өнеге боларлықтай етіп ұйымдастыруымыз қажет, – деп атап көрсетті облыс Әкімі.

Ермек Көшербаев Астана экономикалық форумының аясында келесі жылы Өскеменде көшпелі мәжіліс өтетінін де тілге тиек етті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл форумда әлемнің түкпір-түкпірінен келген білікті ғалымдар мен сарапшылар бас қосып, дүниежүзілік қаржы жүйесінің көкейкесті мәселелерін талқыға салады. Осындай іргелі іс-шараның тау-кен және металлургия саласына байланысты бөлігін өзімізде өткізу аймағымыздың абыройын асырмақ.
Индустрияландыру күні аясында Елбасының қатысуымен телекөпір ұйымдастырылады, онда Шығыс үш бірдей жаңа өндіріс орнын іске қоспақ. Олар – «Қазақстан Солар Силикон» серіктестігінің күн батареяларына қажет пластиналар шығаратын зауыты, «Айтас-МП» құс етін өңдеу зауыты және Семейдің үй-құрылыс комбинаты.
Сондай-ақ, жуырда Өскеменде «Майкрософт Қазақстан», «1С-Сапа», «2ГИС» және өзге де бірқатар компаниялардың ұйымдастыруымен және облыс әкімдігінің қолдауымен «Шығыс-2013» атты ақпараттық технологиялар көрмесі өткізілмек. Осы шара барысында «Майкрософт Қазақстан» компаниясы мен «Алтай» ІТ-паркі арасында серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылады деп күтілуде.
Аймақ басшысы осы орайда Өскеменге өз ІТ-паркі қажет екенін алға тартты, сол жерде өңірімізге қажетті барлық ақпараттық технологиялар базасы шоғырлануы тиіс және олар бүкіл тұрғындарға қолжетімді болуы керек.

Қаржыны игеру қатаң қадағаланып отыр

Аймақ басшысы өзінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен қаржы басқармасының басшысы Манарбек Сапарғалиевты бюджетті орындау бағытындағы өз жұмыстарын сылбыр атқарғандары үшін сын тезіне алды.
– Өкінішке қарай, сіздер Үкіметтен және менің тарапымнан берілген тапсырмаларды толық орындай алған жоқсыздар. Рас, биыл бюджет қаржысының игерілу үлесі өткен жылмен салыстырғанда жоғары, алайда, игерілмей қалған қаржының көлемі былтырғыдан көп болып отыр. Ал республикалық бюджеттен облыстағы жобалар үшін қаражат алудың қаншалықты қиын екенін, оған қаншама уақыт пен күш кететінін сіздер жақсы білесіздер ғой. Бар қаржыны ұқсата алмай отырмыз, – деп атап өтті Бердібек САПАРБАЕВ.
Бюджет қаржысының мерзімінде игерілмеуіне себептер жетерлік. Мәселен, мердігердің жауапсыздығы, жобалық құжаттамалардың сапасыз әзірленуі, бұған түрлі деңгейдегі бюрократиялық кедергілерді қосыңыз. Осының бәріне көп уақыт зая кетеді, ал қаржы болса, сол күйі қалады.
– Басты мәселе сол – сіздер алдын ала жұмыс істемейсіздер. Бұл жылдан-жылға қайталанатын жағдайлар ғой, олардың болатынын бағамдап, қамдану керек. Ал сіздер жыл аяқталып қалғанда қимылдай бастайсыздар, – деді облыс Әкімі.
Қазіргі уақытта облыста игерілмеген бюджет қаржысының мөлшері бес миллиардтан астам теңгені құрап отыр. Облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың есебінше, бұл сан жыл соңына таман бірнеше есе кеміп, игерілу үлесі 99 пайыздан асуы тиіс. Алайда, қаржы жылының аяғына дейін он шақты ғана күн қалды.
Осы кезең ішінде жағдайды түзету керек, ол үшін қалалар мен аудандар деңгейінде түбегейлі бухгалтерлік талдау жүргізілмек, әсересе, моноқалаларға ерекше назар аударылады.
– Сіздерге аудан-қала әкімдерімен күнделікті жұмыс істеу керек, оларға нақты міндеттер қойыңыздар, тиісінше олардан да нақты нәтижені талап етіңіздер. Осы тапсырманың бюджет қаржысын игеруде артта қалған басқарма басшыларына да қатысы бар, – деп түйіндеді облыс Әкімі.

Брендті тауарларымыз елордаға аттанады

Алда болатын Шығыс Қазақстанның Астанадағы күндеріне әзірліктің барысы туралы облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар есеп берді. Дәстүрге айналып үлгерген бұл іс-шара өңіріміздің экономикасына игі ықпалын тигізіп, абырой-беделін де асыруда. Осы акция аясында біздің кәсіпорындар өз өнімдерін республикалық нарыққа шығаруға мүмкіндік алады. Әсіресе, Шығыстың брендіне айналған тауарларды – омарта және марал шаруашылығының өнімдерін өндірушілер үшін аталмыш жәрмеңкелердің пайдасы зор.

Облыс Әкімі мұндағы мақсат елорда тұрғындары мен қонақтарына жаңажылдық көңіл күй сыйлап, аймағымыз туралы жағымды әсер қалдыру екенін баса айтты.

Облыс өнерпаздарының концертін Конгресс-холда өткізу жоспарланған. Қазіргі кезде қалалар мен аудандарда осы сахнаға шығатын үздік орындаушыларды іріктеу жүріп жатыр. Өткенде Шығыстың жұлдыздары Алматының төрінде концерт қойып, талғамы биік көрерменді тамсандырып қайтқан-ды. Осы жолғы бағдарлама да сол деңгейден кем болмауы тиіс.

Аппараттық кеңес соңында облыс Әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Баян Закирьянова, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Ұлақова, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мағаша Сәдуақасова «Үздік мемлекеттік қызметші» медальдарымен марапатталды. Олардың бәрі де – өздерін білікті маман ретінде танытып, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген азаматшалар.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button