ҚоғамТОП

Облыстық филармония гастрольдік сапарын Риддерден бастады

Облыстың өнерпаздары шалғайдағы аудандар мен ауылдарды аралап концерт беруді дәстүрлі үрдіске айналдырып келеді. Облыстық мәдениет басқармасының келісімімен Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы және шығармашылық ұжымдар биылғы ауданаралық гастрольдік сапарын бастады.

Шалғайдағы жұрттың өнерге шөліркеп қалар шағы көп. Сондықтан да өнер ұжымдары аудандар мен ауыл тұрғындарының көңілін әуезді ән, күмбірлі күй, мың бұралған бимен серпілтіп қайтып тұрса құба-құп болмақ. Осындай мақсатта аттанған Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы мен шығармашылық ұжымдар биылғы алғашқы өнер сапарын Риддер қаласынан бастады. Облыс орталығынан арнайы барған өнерпаздар Риддер қаласының Бутаково ауылы мен 4-ші ауданның мәдениет үйлерінде концерт өткізіп қайтты.

– Аталған гастрольдік сапардың басты мақсаты – облыс жұртшылығына ұлттық өнерді насихаттау, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыру әрі идеологиялық тұрғыда келешек ұрпақты тәлім-тәрбиеге баулу. Біздің шығармашылық ұжымдар мен Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы ендігі кезекте барлық ауданды аралап, концерт қоятын болады. Жоспар бекітілген, өнерпаздарымыз дайын. Жыл бойында барлық ауданға барып, шалғайдағы жұртты өнермен сусындатып қайту басты жоспарымыздың бірі, – дейді облыстық филармония директорының орынбасары Альбина Уанова.

Бұл жолғы «Ауылым – алтын бесігім» атты концертте Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы мен Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртістері, сондай-ақ мәдениет саласының үздіктері Айжан Мазкенова, Жанат Бисимбаевтар өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін көтеріп қайтты.

– Облыс орталығынан келген өнерпаздар тамаша концерт қойып, көңілімізді көтеріп тастады. Әуезді ән, күмбірлі күй тыңдап көңіліміз бір серпіліп қалды. Жастардың рухын көтеріп, өнерге деген құрметін арттыру үшін осындай концерттердің көбірек болып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Мұнда өнерге шөліркеп жүрген жандар көп, сондықтан да жиі келіп тұрса жақсы болар еді, – дейді Риддер қаласының тұрғыны Бейбіт Қайырбекұлы.

Иә, өнерге қызығушылық танытқан қала тұрғындарының тілегі орындалып, өнерпаздар Риддер қаласына гастрольдік сапарымен қайта бармақ. Ендігі кезекте Риддер қаласының тұрғындары Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының солистері мен «Алтай» халық би ансамблі шығармашылық ұжымының орындауындағы операттаны тамашаламақ.

– Бұл жолы өнерпаздар Риддер қаласына ән, күй, би сияқты концерттік бағдарламамен барып қайтты. Ендігі кезекте 20 сәуір күні Риддер қаласының Мәдениет сарайында Иоганн Штраустың «Жарқанат» опереттасының концерттік премьерасын өткіземіз.  Аталған опереттаның премьерасы Өскемен қаласында өтіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оған Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының солистері және «Алтай» халық би ансамблінің өнерпаздары қатысты, – дейді Альбина Уанова.

Иә, осылайша өнерпаздар облысымыздың түкпір-түкпіріне шығармашылық сапармен барып, жұртты өнерімен тәнті етіп қайтпақ. Облыстық мәдениет басқармасы арқылы шығармашылық ұжымдардың аудандарға барар гастрольдік сапары алдын ала хабарландырылып отырмақ.

 

Осы айдарда

Back to top button