Еңбек қатынасы

Облыстық келісімнің артықшылығы

2021-2023 жылдарға арналған облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы облыстық келісім – еңбек қатынасын реттеу, еңбек дауларының алдын алу, тиімді жұмыспен қамту, лайықты еңбекақы төлеу жағдайларын жасау жөніндегі пәрменді тетік.

Келісім ауылда тұратын денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ветеринария саласы мамандарына жеңілдіктер, көмек көрсету деңгейінің өсуін көздейді. Бұдан басқа, келісімде қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуді қоғамдық бақылайтын техникалық инспекторларды материалдық ынталандыру айқындалған.

Сондай-ақ өзгерістер Семей полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заңға сәйкес тұратын және аумақтарда зардап шеккен адамдарға қатысты болды. Келісім шеңберінде куәліктің болуына қарамастан қосымша еңбекақы төлеуге және қосымша ақылы демалыс беруге құқығы бар тұлғалар айқындалды.

Әлеуметтік серіктестерге түрлі себептермен, соның ішінде 1991 жылдан кейін туылған, біздің аймаққа көшіп келген, экологиялық куәліктері болмаған және тиісінше заңда көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктерді пайдалана алмайтын қызметкерлерден көптеген өтініштер түсті.

Әсіресе 2020 жылдың 4 мамырында Еңбек кодексінің 22-бабы, 1-тармағы, 15-тармақшасына енгізілген өзгерістерден кейін қандай да бір кемсітушіліксіз, тең еңбек үшін бірдей ақы төлеу мәселесі өзекті сипатқа ие болды.

Айта кету керек, осы күнге дейін кәсіподақтар бұл мәселені облыстық келісімге енгізуге әрекет жасады.

Бірнеше рет талқылаудан кейін қосымша еңбекақы төлеу және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс беру бойынша туындайтын мәселелерді реттеу үшін 2021 жылдың басында ШҚО кәсіподақ орталығы облыстық келісімнің «радиациялық қатер аймақтарында жұмыс істейтін және тұратын қызметкерлерге ай сайынғы қосымша ақы төленсін және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыс берілсін. Ай сайынғы қосымша ақының мөлшері және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыстың ұзақтығы Семей полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заңның 13-бабының талаптарына сай анықталсын. Халықты әлеуметтік қолдаудың осы шаралары «зардап шеккен адамның куәлігінің» бар-жоғына қарамастан, ұйымның барлық қызметкерлеріне тиесілігі, ұжымдық шарттарда белгіленсін» деген редакциясын ұсынды және оны келісім тараптары қабылдады.

Келісімнің осы тармағын іске асыру үшін ұжымдық шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Ұсыныс тараптардың кез келгенінен туындауы мүмкін және ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартқа толықтырулар жобасын дайындау үшін тараптар комиссия құрады. Бұдан әрі комиссия дайындаған ұжымдық шартқа толықтырулар мен өзгерістер жобасын ұйым қызметкерлері талқылайды. Жобаны комиссия келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықтайды. Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар тараптардың өзара келісімі бойынша ғана жүргізіледі.

Тараптар арасында келіспеушіліктер болған кезде келіспеушілік хаттамасы жасалады. Ұжымдық келіссөздер барысында туындаған келіспеушіліктер өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде оларды реттеу бойынша одан әрі ұжымдық келіссөздердің мәні болуы мүмкін.

Сонымен, Кодекстің  1-бабы, 1-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, бас, салалық, өңірлік келісім – тараптардың республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі жұмыскерлер үшін мазмұнын және еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі міндеттемелерін айқындайтын әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт.

Ғалия Тоқтасынова,

мемлекеттік еңбек инспекциясы

басқармасының бөлім басшысы

Back to top button