Қоғам

Облыстық универсиада жалауын көтерді

Облыстық универсиада жалауын көтерді

Кеше облыс басшылығының қолдауымен Өскеменде тұңғыш рет жоғары оқу орны студенттерінің арасындағы облыстық универсиада өз жалауын көтерді. 13 күнге созылатын спорттық сайыста өңіріміздегі төрт білім ордасының студенттері бақ сынайтын болады.
Универсиаданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, спортты жандарына серік еткен студенттерге сәттілік тіледі.
– Бүгінде елімізде салауаты өмір салтына, жалпы, бұқаралық спортқа барынша көңіл бөлінген. Ашылып жатқан спорттық модульдер мен хоккей, футбол алаңқайлары, басқа да нысандар осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ауылдардан бастап, аудан орталықтарында, қалаларда бүгінде спортпен айналысам деген адамға барлық жағдай жасалған. Шығыс Қазақстан – чемпиондар көптеп шыққан өңір екендігін ауыз толтырып айтуға болады. Сіздердің араларыңызда да ертең ел байрағын биіктен желбіретер чемпиондардың тұрғанына сенімім мол. Осы университет қабырғасынан басталған спортқа деген алғашқы қадамдарыңыз үлкен жолға айналсын. Барлықтарыңызға сәттілік, жеңіс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Спорттық шаралардың салтанатты ашылуы әдеттегідей, командалардың сапқа тұруымен басталды. Қазақстан-Америка еркін университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті сияқты іргелі білім ордаларынан суырылып шыққан саңлақтар спорттың бес түрі бойынша сынға түсетін болады. Атап айтар болсақ, шағын футбол, ерлер және әйелдер арасындағы волейбол, үстел теннисі, шайбалы хоккей. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері жарысқа қаржылық себептерге байланысты келе алмай қалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш команда волейбол ойнына ғана қатысуы мүмкін.
Жарыстың бас төрешісі Владимир Геллерт универсиадаға қатысушыларға ақ жол тілей келе спортқа ден қойған кез келген жас осындай сайыстарда жақсы нәтиже көрсетуге міндетті екендігін атап көрсетті.
-Жарыс ең алдымен әділ болуы керек, сіздердің тараптарыңыздан үздік көрсеткіштер күтеміз. Біз, спорт ардагерлері, артымыздағы өскелең буынның аяқ алысына сүйсіне қарап, жетістіктеріңізге қуана бергіміз келеді. Ол үшін облыс басшылығы тарапынан барлық жағдай жасалған. Міне, алғаш рет жоғары оқу орны студенттері арасында универсиаданың тұсауы кесіліп жатыр. Бұл – сіздер үшін үлкен мүмкіндік, – деді бас төреші.
Қарашаның 13-інде басталған универсиада екі аптаға жуық уақыт бойы кіл мықтыларды анықтайтын болады. Волейболдан өтетін ерлер және әйелдер арасындағы жарыстар Ворошилов көшесінің бойында орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтеді. Ал шағын футбол кездесулері Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің спорт залында жалғасады. Командаларға жанкүйер боламын дегендерге спорттық кешендердің есігі айқара ашық.
Биыл алғаш рет тұсауы кесіліп отырған универсиада бұдан былай дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрмақшы. Спорттық шараның салтанатты жабылу рәсімі 28-қараша күні өтеді.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button