Руханият

Облыстық театрға Рүстем Есдәулеттің есімі лайық емес пе?

Жеке пікір

Облыстық театрға Рүстем Есдәулеттің есімі лайық емес пе?

Биылғы жазда облыс орталығының өнер сүйер жұртшылығы үлкен қуанышқа бөленді. Өскеменнің ең көрікті жерінен қазақ драма театры бой көтерді. Театрдың лентасын Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі қиған болатын.
Содан бері бірнеше қойылымды сахналаған театр өскемендіктердің көзайымына айналды. Бұған қоса айтарымыз сол, осы жуықта театрдың жанынан Жастар театры да ашылып, алғашқы пьесасын қойып үлгерді. Қазір орыс және қазақ труппасы бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр.
Ендігі мәселе осы театрдың атаусыз болып тұрғанында. Жамбыл атамыздың аруағы кешіре жатар, су жаңа театрға ұлы жыраудың есімі берілмейтін болыпты. Қазір театрдың жаңа ғимараты маңдайшасында ТЕАТР деген жалғыз сөз жетімсіреп тұр. Мәселе театрға лайықты жаңа атаудың табылмауында емес. Ұзынқұлақтан естуімізше, бар мәселе театрға атқойғыштардың көбейіп кетуінде болып тұрған сыңайлы. Бір топ белсенділер Оралхан Бөкейдің есімі лайық десе, келесілері Қалихан Ысқақты жөн көреді. Тағы біреулер қазақ труппасының бұрынғы режиссері әрі театр директоры болған Рүстем Есдәулетовтің есімін қалайтын көрінеді.
Әрине, марқұмдардың үшеуі де қандай құрметке болса да лайықты тұлғалар. Бірақ бұл жерде мына бір мәселені ескеру керек сияқты. Өскемен қаласында әйгілі жерлес жазушымыз Оралхан Бөкейдің атында мектеп бар, қалалық кітапханаға да Орекеңнің есімі берілген. Ал қаланың Жібек маталар ықшамауданының ең көрікті жеріне қаламгердің сәулетті мүсіні орнатылды. Бір жазушыға бір қаланың өзінде осыншама құрмет аздық етпейтін шығар.
Қалихан Ысқақ та лайықты тұлға. Ол белгілі жазушы емес, керемет драматург те еді. Бірақ үкіметтің ономастикаға қатысты шығарып тастаған заңы бар. Ол заң бойынша белгілі бір тұлғаның қайтыс болғанына бес жыл толмайынша, оның есімімен ештеңе аталмауы тиіс. Қалекең былтыр ғана о дүниелік болды. Сонда жаңа театр алдағы төрт жыл бойы атаусыз тұруы керек пе?! Болашақта қара сөздің қаймағын сапырған қаламгер Қалихан Ысқақты да есте ұстарлықтай шаралардың қолға алынарына кәміл сенеміз.

Облыстық театрға Рүстем Есдәулеттің есімі лайық емес пе?

Енді марқұм Рүстем Есдәулетовтің кандидатурасына тоқталайық. Мынау бес күндік жалған дүниемен жастай қоштасқан Рүстем бауырымыз осындағы қазақ труппасының іргетасын қаласқан режиссерлердің бірі еді. Білікті жас маман бірнеше классикалық пьесаларды сахналап, аз уақыттың ішінде қазақ труппасын биік белеске көтере білді. Қазан қаласында өткен исі түркі тілдес театрлар арасындағы байқауда шығысқазақстандық театрдың жүлдегер атануы осы айтқанымызға дәлел боларлықтай.
Сол бір тұста республикалық басылымдар мен телеарналарда режиссер Рүстем Есдәулетовтің еңбегі ерекше аталып жатты. Әйгілі Асанәлі Әшімовтің өскемендік көрермендер алдында Рүстемді болашағынан зор үміт күттіретін жас режиссерлердің бірі де бірегейі деп атағаны есімізде. Дуалы ауыздан шыққан аталы сөздің жүзеге асары сөзсіз де еді, режиссерлік дарыны жаңа ашылып, театр өнері әлемінде жұлдыздай жарқырап келе жатқан жас ғұмыр ерте үзілмегенде. Рүстем талапты ақын да еді, кино саласына да қадам басып келе жатқан болатын.
Кейінгілер өмірде Рүстем Есдәулетов сынды дарынды жас жерлестерінің болғанын біліп жүрулері үшін облыстық драма театрына осы есім сұранып тұрғандай. Бұл әрине, менің театр көрермені ретіндегі жеке пікірім.
Уақыт шіркін неткен жүйрік десеңізші! Рүстем бауырымыздың ортамызды ойсыратып кеткеніне, міне, қарашаның соңына қарай алты жыл толып, жетінші жылға аяқ басып барады …

Мұрат Әміренов,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button