Қоғам

Облыстың «Мерейлі отбасы» анықталды

Облыстың «Мерейлі отбасы» анықталды


Өскеменде отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатындағы «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Отбасындағы тәрбиенің орнын еш нәрсе толтыра алмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын айқындап тұр.

Облыс орталығында өткен «Мерейлi отбасы-2018» байқауының финалдық кезеңіне өңіріміздің қала-аудандарынан келген 19 отбасы қатысты.
Драма театрдың байқау өтетін залында инешаншар жер болмады. Оюлы шапан, камзол сияқты ұлттық киімдер киген қатысушылар байқауға балаларымен, немере-шөберелерімен келген.

– Отбасы қашанда рухани және мәдени құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрді сақтаушы, жалғастырушы, – деді салтанатты шараны ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит. – Отбасын қолдау, ана мен бала денсаулығын қорғау – еліміздегі басым бағыттардың бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтатындай, Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Балаға патриоттық тәрбие беруде отбасының маңызы зор. Бес әлеуметтік бастама да отбасылар мен азаматтардың жағдайын арттыру үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге, салық жүктемесін азайтуға бағытталған. Алтын, күміс алқалы 25 мыңнан астам Батыр ана – еліміздің мақтанышы.

Сарапшылардың шешімімен семейлік Қанаевтар отбасы байқау жеңімпазы атанды. Сүйген жарымен 61 жыл жұбын жазбай, төрт қызын қияға қондырған Сағидолла ақсақалдың еңбегі ерен. Барлық баласына жоғары білім беріп, немерелерінің алды «Болашақ» бағдарламасымен Америка құрама штаттарында, бірі Түркияда, Германияда, енді бірі Ресейде білім алып, еңбек етіп жүр. Екінші орын иеленген аягөздік Анапьяновтар отбасы балаларынан 33 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Отағасы Бағдат Анапьянов ұзақ жылғы адал еңбегі үшін медальдармен марапатталса, жұбайы Тілеуғайша Құлатайқызы «Алтын алқа» иегері. Жүлделі үшінші орынды – зыряндық кеншілер Дмитрий мен Татьяна Грислиттер отбасы иеленді. Барлық жеңімпаздарға тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина сияқты бағалы сыйлықтар берілді. Ал көкпектілік Сыдықовтар «Көпбалалы жас отбасы» аталымына ие болды.

Байқауға Зайсан ауданынан келген Әбілғожиндер отбасының үлгі-өнегесіне бас июге болады. Жолдасы екі жыл бұрын қайтыс болған Сәулеш апай қазір жеті баланы оқытып, тәрбиелеуде. Бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында «Ақбай» қожалығының шаруасын дөңгелетіп отыр. Ауған соғысына қатысқан мүмкіндігі шектеулі жанға және әлеуметтік жағдайы төмен отбасына екі бірдей баспана сыйлаған. Ауылдағы 19 отбасына және Өскемендегі «Үміт» балалар үйіне бір-бір ірі қара малдан беріп, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан «Менің мектебім» жобасы бойынша балалары оқитын Қаратал мектебіне 700 мың теңгенің көмегін көрсеткен. «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы аясында 15 балаға киім-кешек, қажетті оқу құралдарын алып берді. Шаруа қожалығында он шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. «Әйел қырық шырақты» деген сөз қиындыққа қайыспайтын осындай қайсар аналарға арналып айтылса керек.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button