Облыстық филиал жұмысына оң баға берді

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезекті ХХІ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Екі жылдың қорытындысы шығарылған жиынға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов және облыстық филиал төрағасы, аймақ басшысы әкімі Даниал Ахметов, партия ардагерлері, мәслихат депутаттары, сонымен қатар барлық аумақтық деңгейдегі филиалдардың өкілдері қатысты.
Конференция алдында әр басқарма өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сонымен қатар партияның қызметіне арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды.
– «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХХІ есептік-сайлау конференциясы Елбасы Жолдауын насихаттауға бағытталған мақсатты жұмыстармен тұспа-тұс келіп отыр. Есеп беріп отырған жылдар аралығы партиямыз үшін маңызды саяси оқиғаларға толы, нәтижелі кезең болды. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» мен биылғы Жолдауы – қоғамның осал топтарының мәселесін шешуге арналған нағыз халықтық маңызы бар құжаттар. Бүгінде ел арасында Президент Жолдауын насихаттап, түсіндіру қарқынды жүргізілуде. Есептік кезең ішінде сайлауалды бағдарламасындағы міндеттер мен мақсаттарды орындау жолында облыстық филиал нақты жұмыстар атқарды, – деген облыстық партия филиалының төрағасы, аймақ басшысы Даниал Ахметов филиал саяси кеңесінің жұмыс қорытындысы және алдағы жоспарлары жайында баяндама жасады.
Даниал Ахметов Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының алты негізгі бағытын жүзеге асыру мақсатында облыста тиянақты іс-шаралар жоспары әзірленгенін, оны орындауға өңір тұрғындары белсене кірісіп кеткенін жеткізді.
Осы ретте атап өтерлік жайт, әрбір партия ұйымында, аумақтық филиалдардағы есеп беру-сайлау конференцияларында Елбасы Жолдауы талқыға салынып, нұротандықтар маңызды құжатта көрсетілген мақсат-міндеттерді орындауға әзір екендіктерін танытқан-ды.
Өзінің баяндамасында аймақ басшысы облыстағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталып өтті. Жалпы алғанда, былтыр өңірлік өнім көлемі 102 пайызға ұлғайып, 3,1 триллион теңгені құраған. Биыл аталмыш көрсеткіш 3,5 триллион теңге болады деп болжануда, яғни өсім 104 пайыздай болуы тиіс.
– Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру аясында соңғы екі жыл ішінде Кәсіпкерлікті қолдау картасының 500 миллиард теңгені құрайтын жеті жобасы орындалып, 2700 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың ішінде ең ірілері – Ақтоғай және Бақыршық кен байыту комбинаттары. Жыл соңына дейін тағы жеті жоба жүзеге асырылуы тиіс. Ауыл шаруашылығы саласына келер болсақ, екі жылда алты тауарлы-сүт фермасы салынып, 21 сүт қабылдау бекеті ашылды. Нәтижесінде жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 29 пайыздан 65 пайызға дейін артты, – деді облыс әкімі.
Шығыс Қазақстан денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Роботты хирургия және трансплантология орталығы ашылып, оның мамандары Италия мен Германияда біліктіліктерін арттырып келді. Қазірдің өзінде осы орталықта 80 ота жасалыпты. Сондай-ақ Алтай мен Аягөз қалаларында инсульттық орталықтар іске кірісті.
Жиырма жоба жүзеге асырылып жатыр
Бүгінгі таңда «Нұр Отанның» жұмысы 20 партиялық жобаны іске асыруға бағытталып отыр. Олардың өңіріміздегі орындалу барысы көңіл көншітерлік.
– Партияның жобалары Елбасының биылғы Жолдауындағы міндеттермен үндеседі. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты сұранысқа ие мамандықтарға баулу қажеттігін атап көрсетті. Бұл ретте партияның алдағы үш жылда еліміз бойынша бір мың ІТ-сынып ашу жөніндегі бірегей жобасының маңызы зор. Қазір республикада 697 сынып ашылған, соның 277-сі біздің облыста. Яғни, әрбір үшінші сынып Шығысқа тиесілі болып отыр, – деді Даниал Ахметов.
Партияның «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасы алғаш Шығыс Қазақстанда іске асырыла бастаған. Қазіргі кезде 577 мектепте (88 пайыз) ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған, қалғандарында буфеттер жұмыс істейді. Жобаның мақсаты – асханалардың құрал-жабдықтарын жаңалау, тағамның сапасын арттыру. Әзірге Өскемен мен Семейдің он мектебінде осы жұмыстар атқарылып жатыр.
Бұдан бөлек, «Нұр Отан» партиясының «Мектептік спорт алаңдары» жобасы бойынша аудандарда бес спорт алаңы ашылған, «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасы бойынша Өскемен, Семей, Риддер, Алтай қалалары мен Бесқарағай аудандарында коворкинг орталықтары құрылған.
– 2016 жылдан облыста үштілділік бағдарламасы іске асырылуда, үш жылда осы бағытқа жергілікті бюджеттен 2,1 миллиард теңге жұмсалды. Партияның «Ағылшын тіліне оқыту» жобасы аясында жаз маусымында 20 балалар лагері жұмыс істеп, 4500 оқушыға тіл үйретілді, сондай-ақ ауыларда 16 ағылшын тілін оқыту клубы ашылған, – деді облыс әкімі.

«Ардагерлерді ардақтайық», «Нұр Отан – балаларға», «Баланы мектепке жинайық» сынды аса маңызды жобалар бойынша да облыс көлемінде жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Партияның облыстық филиалында Елбасының «Бес әлеуметтік бағдарламасын» бақылау жөнінде арнайы қоғамдық кеңес те
құрылған.
– Алдағы 2019 жылдың 19 қаңтарында партиямыздың құрылғанына 20 жыл толады. «Нұр Отан» партиясы осы мерзімде жетекші қоғамдық ұйымға айналды. Ел экономикасының қарқынды дамуы, халық табысының өсуі мен әл-ауқатының артуына, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге партияның қосқан үлесі орасан зор. Алда әлі де үлкен мақсаттар, алар асу, шығар белестер бар. Бес жылға арналған басым бағыттар белгіленген, жан-жақты талқыланып, қабылданған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасындағы әрбір уәде мүлтіксіз орындалуы керек. Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру барысында қабылданған «Бес институционалдық реформа», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының тиімді жүзеге асуы – алдағы уақыттағы партия жұмысының басты бағыттары, – деп түйіндеді өз сөзін партия филиалының төрағасы.
Сенімге ие болу үшін еңбек ету қажет
– Тұрғындардың сеніміне ие болу үшін қажырлы еңбек ету қажет. Халықпен тығыз байланыс орнату, көкейтесті мәселелерді шешуге атсалысу – партия қызметінің басым бағыты. Бұл ретте қоғамдық қабылдаулардың маңызы айрықша. Соңғы екі жылда қабылдауларға 10 мың адам келген, егер былтыр мәселелердің 37 пайызы оң шешілсе, биылғы он айда аталмыш көрсеткіш 42 пайызды құраған. Әлбетте, барлық мәселелерді шешу мүмкін емес, дей тұрғанмен осы бағыттағы жұмыстарды үдете түсу керек, – деді облыстық филиал төрағасы.
«Нұр Отан» жастар мәселесіне ешқашан бей-жай қараған емес. Облыстағы жасотандықтар саны 20 мыңға тақап қалды. Олар «Жастар – Отанға», «Сәтті қадам» жобаларына белсенді қатысып жүр. Жуырда ғана «Жастарға арналған ағылшын тілі» жобасы бастау алды, оның аясында аудандардағы оқушыларға шетелдік еріктілер тіл үйретуде.
– Партиялық жобаларды жүзеге асырудағы облыстық партия ұйымының қарқыны, тәжірибесі партия алдындағы жаңа міндеттерді орындайды деген сенімге әкеліп отыр. Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Елбасы айтқан 5 әлеуметтің жобаны және партиялық жобаларды жүзеге асыруда жетекші орында. Осының барлығы жаңа тапсырмалардың да сәтті орындалатынына сендіреді, – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов.
Ол Шығысқа сапары барысында Өскемендегі бірқатар нысандарда болғанын алға тартты, атап айтқанда, партия хатшысы №11 орта мектептің ІТ-сыныбына, ІТ-орталыққа, Роботты хирургия орталығына, Пушкин атындағы облыстық кітапхананың коворкинг орталығына және Ана мен бала орталығына барып, Елбасы жүктеген міндеттердің орындалу барысын бағамдапты.
– Соңғы екі жылдағы облыстық филиалдың жұмысына оң бағамды беріп, маңызды саяси іс-шараларды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізген партияластарға ризашы¬лығымды білдіремін. Десек те, біздің ортақ жұмысымызға негізгі бағаны беретін – халық. Істің нәтижесі тұрғындар әл-ауқатының жақсаруынан көрінуі тиіс, – деді партия хатшысы.
Жиында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, Өскемендегі №38 гимназияның директоры Инесса Чернышова, облыстық мәслихат депутаты, «Көз микрохирургиясы клиникасы» ЖШС бас дәрігері Зарина Камасова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, Семейдегі электр-техникалық колледжінің директоры Азат Сәрпеков пар-тияның түрлі бағыттағы жұмысына қорытынды жасап, жоғары баға берді.
– Мен партияның мүшесі ретінде «Нұр Отанның» спортқа қатысты бағдарламаларын қолдап, шамам жеткенше атсалысуға тырысамын. Осы ретте жеңіл атлетиканы өркендетуге бағытталған өңірлік «Алтай Кидс Кап» бағдарламасын атап өткен орынды. Оған спортқа бейімі бар 20 мың мектеп оқушысы қатысып, 342 бала іріктеліп алынды, – деген Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова партияластарын спортпен шұғылдануға және оны насихаттауға үндеді.
Конференция соңында «Үздік бастауыш партия ұйымы – 2018» республикалық байқауының облыстық кезең жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар партия жобалары мен бастамаларын іске асыруда танытқан белсенділіктері үшін Көкпекті, Шемонайха, Катонқарағай, Бесқарағай, Күршім аудандарының, Өскемен, Риддер қалаларының бастауыш партия ұйымдары, «Қазақмыс» корпорациясы Белоусовка өнеркәсіп алаңы және Семей қаласындағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жанындағы партия филиалдары марапатталды.
– Қазақтың әйгілі палуаны Айбек Нұғымаров, еліміздің мақтанышы Ольга Рыпаковалармен бірге сахна төріне көтерілгеніме шын қуанып тұрмын. Еңбегімізді елеп жатқан ұйымдастырушыларға, облысты басқарып отырған азаматтарға үлкен рақметімді айтамын, – деді марапатқа ие болған Көкпекті ауданындағы Үлкен Бөкен ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов.
Кездесу барысында қатысушылар Елбасының жаңа Жолдауын талқылап, «Бес әлеуметтік бастаманың» бағыттарын сөз етті және де Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша өз ойларын ортаға салды.
Конференцияда облыстық филиал саяси кеңесінің және саяси кеңес бюросының, бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері қайта сайланды
Ержан Әбіш