Облыстың екі елді мекенінде су қымбаттады
1 қыркүйектен бастап еліміздің төрт облысында, оның ішінде Шығыс Қазақстанда судың тарифі өзгерді. Бұл туралы Табиғи монополияны реттеу агенттігінің жауапты хатшысы Рустам Ахметов мәлім етті.
Оның айтуынша, біздің өңірдегі су бағасының қымбаттауы тек Риддер қаласы мен Шемонайха ауданына қарайтын Первомайка кентіне қатысты болмақ.
Кеншілер шаһарында («Суарнасы» КМК) сумен қамтамасыз ету қызметіне белгіленген төлем ақының шекті деңгейі алдағы үш жылда 55 пайызға дейін көтерілетін болса, Первомайка («Первомайка суарнасы» КМК) тұрғындары үшін бұл қызметтің құны 100 пайызға өспек.
Дәлірек айтсақ, Риддерде есептеуіш құралы барлар 1 мың литр суға 20,33 теңге (бұрын 15,64 тг.), жоқтары 25,03 теңге төлейді. Дәл осындай тәртіп бойынша первомайкалықтар 1 мың литр су үшін тиісінше 163,27 (бұрынғы 81,63 тг.) және 198,78 теңге төлейтін болады.