Облыстың белсенді жастары марапатталды

Тұңғыш Президент күніне орай Өскеменде «Біздің №1» атты XV жастар форумы өтті. Форумға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
– Сыйлық жастардың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға және облыста мемлекеттік жастар саясатын одан әрі іске асыруға ықпал етеді. Елбасымыз айтқандай, болашақ жастардың қолында. Себебі, еліміздің ертеңгі экономикасын, мәдениеті мен әдебиетін, өнеркәсібін дамытатын сіздерсіздер, – деді Жақсылық Омар.
2006 жылдан бері жастар бастамаларына қолдау көрсету және жас көшбасшыларды мадақтау мақсатында өтіп келе жатқан шара Вена балы сипатында ұйымдастырылды.
Облыс әкімінің орынбасары «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» сыйлығын жеті номинация бойынша тапсырды. Атап айтсақ, «Жылдың жас көшбасшысы» атағын «EXPO-2017» еріктілер қозғалысын ұйымдастырушы, «Зияткерлер клубы» тележобасының авторы Данияр Тоқтарбаев иеленді. Ал «Жылдың студент көшбасшысы» номинациясы бойынша Ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің студенті, көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, «In coro» вокалдық тобының солисі Дамир Төлеужанов марапатталды. Сонымен қатар, республикалық ақпараттық порталдың фототілшісі Антон Бузик «Жылдың жас журналисі» ретінде танылды.
Облыстағы этно-туризм саласының дамуына үлесін қосып жүрген «Абай жастары» қоғамдық бірлестігі «Жылдың жастар ұйымы» номинациясының жеңімпазы атанды. Аталмыш ұйымның мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін иппотерапия қызметін көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн.
«Жылдың жастар акциясы» аталымында Семей қаласында Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезовтің суреттері бейнеленген «Ақыл қабырғасы» жобасын жүзеге асырған Жасұлан Құрманғалиев үздік деп танылды. Ал «Еңбек адамы» аталымымен Титан-магний зауытының технолог-шебері Тұрар Сәрсембеков марапатталды.
Ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстанатын, жанұясы мен жұмысын қатар алып жүрген Абдрасуллиндер отбасы – «Жас отбасы» номинациясына ие болды.
XV жастар форумы аясында «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» облысымыздағы бірқатар белсенді жастарға алғыс хаттар табысталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ажар Сағатбекова