Қоғам

Облыстар бөлінуге дайын

Семейде жаңадан құрылатын басқармалар мен ведомстволарды орналастыруға қатысты сұрақтар туындамауы тиіс. Бұл жөнінде іссапармен өңірге келіп, облысты бөлу жөнінде кеңес өткізген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.

Қазірдің өзінде әкімшілік-аумақтық шекаралар анықталды, келешек Абай облысының ресурстары мен бюджеті бойынша жоспар дайын. Басқармалар мен ведомстволарды орналастыруға қатысты сұрақтар туындамайды, Семейдің коммуналдық меншігінде 13 мың шаршы метрден астам орынжай бар, тағы 37 мыңды бизнес құрылымдар ұсынуға әзір.

– Қаланы дамытудың алдағы бес жылға арналған кешенді жоспарын талқыладық, оны іске асыруға 260 миллиард теңге бөлінді, 107-сі маңызды инфрақұрылымдық жобаларға жіберілді, тағы 125 миллиардқа қосымша жобалар ұсындық, – деп жазды аймақ басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік желіде.

Абай облысында екі ірі кәсіпорын – Ақтоғай мен Бақыршық тау-кен  өндіру кәсіпорны жұмыс істейді, Үржар ауданында агросектордың әлеуеті жақсы, бизнес-идеялар іске асуда. Осының бәрі – болашақ аймақ бюджеті үшін тамаша негіз.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Қарағайлы шағын ауданында болды, онда оңалту орталығы, әлеуметтік және коммерциялық бағыттағы тұрғын үйлер салынып жатыр. Волейболдан әйелдер командалары арасында Азияның клубтық чемпионаты өтіп жатқан көпфункционалды мәдени-спорт кешені де назардан тыс қалмады.

Роман Скляр облыс әкімдігінің белсенді жұмысын атап, Үкімет бірқатар мәселені шешуге көмектесуге дайын екенін айтты.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button