Руханият

Облыста үш жүзден астам ескерткіш бар

Кейінгі үш жылда Шығыс Қазақстан облысында 1 млрд. 802 млн. теңгеге   төрт жаңа мәдениет нысаны бой көтерді.  Атап айтсақ, Глубокое ауданының орталығында   Абай атындағы 300 орындық Мәдениет үйі,  Ұлан ауданының Бестерек ауылында музей,  Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылында  150 орындық Мәдениет үйі, Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында 80 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілді.

Сонымен қатар ескірген алты мәдениет нысанына күрделі жөндеу  жүргізілді.   Жалпы облыста 169 клуб, 170 кітапхана, алты музей, бір театр жұмыс істейді. Сондай-ақ аймақта 321 ескерткіш бар, оның сегізі республикалық, 313-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында. Биыл облыста  қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалар, заманымыздың заңғар жазушысы  Мұхтар Әуезовтің  125,  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, сондай-ақ Мәжит Бегалин, Мәншүк Мәметова, Төлеген Момбеков, Ізғұтты Айтықов, Айткеш Толғанбаев  қатарлы тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде аталып, өскелең ұрпаққа насихаттау үшін бірқатар бұқаралық, танымдық іс-шаралар өтті.  «Ұлттық Рухани жаңғыру» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын іске асыру аясында театрлар мен концерттік ұйымдар облыс аумағында гастрольдік турлар өткізіп, өнерге сусап қалған жұртқа  рухани ләззат сыйлады. Өңірдегі өнер, мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың тізбегін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов былай жалғастырды.

– Мәселен биыл даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына орай Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында мәдени іс-шара өткізілді. Ал «Ертіс концерт» концерттік ұйымы соңғы 10 айдың қорытыныдысы бойынша 60-тан астам іс-шара өткізді. Ағымдағы жылы облыстық драма театрында  232 спектакль қойылған. Айта кету керек,  бес жаңа қойылымның премьерасы өтті. Бізде облыста алты музей жұмыс істейді. Музей қорында 330,9 мың экспонат бар. Биыл музей қоры 2,6 мың экспонатпен толықтырылды. Соңғы мәліметтер бойынша өңірдегі музейлерге келушілердің саны – 493,7 мың адамға жеткен. Ал жыл бойы облыс мұражайларында 600-ден астам іс-шара өтті. Облыс әкімі Даниал Ахметов археология саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Нәтижесінде  өңірде бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасын іске асыру жалғасын табуда. Биыл қазба жұмыстары қола дәуірінен ерте сақ дәуіріне дейінгі өтпелі кезеңдегі қоныс – Ақбауырда, ежелгі түркі уақытын қамтитын Елеке сазында,  Күршім ауданындағы Ақжайлау қонысында, Берелде  жүргізілді.  Бұл жобаларға еліміздің белді археологтары Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев жетекшілік етуде, – дейді Нұрболат Ахметжанов.

Облыста 2018 жылдан бері іске асырылып келе жатқан игі бастаманың бірі – Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасын насихаттауға бағытталған «Абай әлемі»  жобасы. Оның  мақсаты – өңірдегі ақын-жазушылардың бай мұрасын кеңінен насихаттау.  Жоба аясында Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің шығармаларымен қатар жас ақын-жазушылардың еңбектері де жарыққа шығуда. 2018-2022 жылдар аралығында жалпы таралымы 53 мың дана  69 кітап шықты. Ағымдағы жылы 6,5 мың дана таратылыммен 13 кітап оқырманға жол тартты. Ал өңірдегі оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру үшін биыл облыс кітапханалары 5431 жаңа кітаппен толықты. Жалпы аймақта барлығы 170 кітапхана жұмыс істейді, олардың кітап қорында 3 миллион кітап бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметі  алаңында өткен брифингте мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов келер жылы да өнер, мәдениет саласында көптеген жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

  • 2023 жылға Ұлан ауданы, Асубұлақ кентіндегі ауылдық клуб ғимаратын, Шемонайха ауданы, Верх-Уба ауылының Мәдениет үйін, Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылының Мәдениет үйі ғимаратын жөндеу үшін жалпы сомасы 208,5 млн. теңгеге көлемінде қаржы қарастырылған, – деді Нұрболат Қадырұлы.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button