Қоғам

Облыста ««Оtаu ТV» көретін тұрғындардың саны көбейеді

Облыста ««Оtаu ТV» көретін тұрғындардың саны көбейеді

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Өскемендегі Алматы қаласының мәдени күндері және Елордада ұйымдастырылған Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің қорытындылары шығарылды. Сонымен қатар, жиында өңірдегі ұлттық телехабар таратуды дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қарастырылды.
Аймақ басшысы қос іс-шараның да жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Мұнымен қоса, облыс әкімі Алматы қаласының мәдени күндері алдағы уақытта игі дәстүрге айналуы, екі өңір арасында жасалған барлық келісімдер толыққанды орындалуы тиіс екенін ескертті. Мәселен, Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы осы жолы 55 миллиард теңгенің 8 меморындаумына қол қойған. Енді осы келісімшарттардың жүзеге асу барысына ұдайы бақылау жүргізіп отыру облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтығұтовқа жүктелді.
– Денсаулық сақтау, білім және мәдениет салалары ұйымдастырған іс-шаралар табысты өтті. Алдағы уақытта да Алматы шаһарымен орнаған осы тығыз байланысты жалғастырып, өзара тәжірибе алмасу, бірлескен байқауларды, олимпиадаларды, өзге де іс-шараларды өткізу бойынша жұмыс істеуіміз қажет. Алматы қаласы жылына 3 миллиард АҚШ долларының азық-түлік тауарларын тұтынады, яғни, бұл – үлкен нарық. Осы мегаполисті қажетті өнімдермен қамту ісіне біз де барынша қатысып, қосымша пайда таба аламыз, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Сонымен бірге, облыс басшысы Астана төрінде өткен жәрмеңкеге белсенді түрде атсалысқан 12 ауданның әкіміне алғысын білдіріп, өзінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың ұйымдастырушылық жұмысына оң баға берді. Естеріңізге сала кетсек, демалыс күндері Елордада Шығыс Қазақстанда өндірілген 480 тонна тамақ өнімдері сатылып, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылған. Аймақ басшысы сол құжаттардың талаптарын үнемі назарда ұстап, толық орындау керектігін міндеттеді. Меморандумдардың іске асырылуын қадағалаумен облыс әкімінің орынбасарлары Ермек Көшербаев пен Жақсылық Омар айналысатын болды.
Кеңесте бұдан соң облыстағы ұлттық телехабар тарату саласына қатысты мәселелер талқыға салынды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевтің мәліметінше, аталмыш бағытта қол жеткен нәтижелер жетерлік.
– Облыста 39 мыңға жуық адам «Оtаu ТV» жерсеріктік хабар тарату желісінің қызметін пайдаланады. Мұнымен қатар, аймақта жалпы саны 110 мың абоненті бар 11 кабельдік оператор жұмыс істейді. Олардың бәрі де Үкімет қаулысымен бекітілген міндетті қазақстандық 12 телеарнаның хабарларын таратады, – деді Ербол Нұрғалиев.
Өткен жылы телерадиостанцияда жаңарту жүргізілген-ді, бұл хабар тарату аумағын кеңейте түсуге мүмкіндік берді. Қазір аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда облыста отандық арналардың сигналы әлсіз тарайтын 56 елді мекен бар. Жыл соңына дейін сол шалғайдағы шағын ауылдардың 4-і телевизиялық желіге қосылады.
Жиында телехабар тарату саласының жұмысын жандандыруға жергілікті кәсіпкерлерді тарта білген Тарбағатай, Ұлан және Бородулиха аудандары әкімдерінің еңбектері аталып өтті. Бұл аудандардағы шаруа қожалықтарының жетекшілері өз еңбеккерлерінің теледидарларын отандық желілерге қосуға көмек көрсеткен. Қазақстандық телеарналарды тарату ісі, сонымен бірге, алдағы уақытта білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету мекемелерінде де тиянақты түрде қолға алынбақ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button