Облыста дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ
Облыста дәрі-дәрмектің, медициналық жабдықтар мен жеке қорғаныш құралдарының тапшылығы жоқ. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Асқар Хорошаш брифингте мәлім етті.
– 3118 инфекция ошағы және 6908 байланыста болған адам бақылауға алынды. COVID-19 таралу қаупін азайту, жақын және ықтимал байланыстарды дер кезінде анықтау, сондай-ақ оларды оқшаулау үшін құрамында эпидемиолог, полиция қызметкері, орта медициналық қызметкер бар медициналық эпидемия бригадалары құрылды. Олардың жұмысын облыс әкімінің ахуалдық орталығы базасында ошақтарды оқшаулау орталығы үйлестіреді. Сондай-ақ екінші толқын кезеңінде уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 40 инфекциялық стационар дайындалды. 6010 төсек-орын толық медициналық жабдықталған, оның 399-ы реанимация бөлімшесінде, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Асқар Хорошаш.
Инфекциялық стационарлар пациенттің жағдайының ауырлығына байланысты І, ІІ, ІІІ деңгейлердегі сабақтастық пен өңірлендірудің бірыңғай жүйесінде жұмыс істейді.
– Өңірде барлығы 3 374 инфекциялық орын, оның ішінде 304 реанимациялық және 490 карантиндік төсек жұмыс істеп тұр. Қазір облыстың инфекциялық стационарларына барлығы 696 пациент жатқызылды, олардың 76-сы ауыр халде, 620 науқастың жағдайы орташа ауыр халде, – деп жалғастырды Асқар Хорошаш. – Өңір стационарларында 533 дәрігер және 1 483 орта буын медициналық персонал жұмыс істейді. Төсек қорының кеңеюіне байланысты қосымша 148 дәрігер мен 212 медбике жұмысқа тартылған. Сонымен қатар 141 дәрігер мен 197 орта медициналық маман резервте тұр. КВИ-мен күреске тартылған барлық медицина қызметкерлері өздерінің білім деңгейін көтерді.
Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 13 705 адам коронавируспен ауырса, оның 1 423-і – медицина қызметкерлері. Спикердің айтуынша, олардың тек жартысының (745) құжаттары ғана аймақтық комиссияда қаралған. Нәтижесінде 631 жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің біржолғы өтемақы төлеу жөніндегі бұйрығының талаптарына сәйкес келеді және 114 жағдай сәйкес келмейді деп шешіліпті. Құжаттары рәсімделген медицина қызметкерлерінің барлығына өтемақы төленді. Олардың ішінде COVID-19-дан қайтыс болған сегіз дәрігердің отбасы да бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі атап өткендей, аймақта ПТР зерттеулері 16 зертханада жасалады. Осы әдіспен барлығы 348 мың адам тексерілген. Алдағы уақытта тағы төрт жаңа ПТР зертханасы пайдалануға берілмек. Сонда облыста қуаттылығы 11 мың зерттеуге дейінгі 20 ПТР-зертхана болады. Салалық басқарма өкілінің пікірінше, бұл халықтың қажеттілігін толық өтеу үшін жеткілікті.
– Көптеген жағдайларда дерттің жеңіл немесе ауырлығы орташа дәрежеде өтетінін ескере отырып, мұндай пациенттерді емдеу алғашқы санитарлық-медициналық көмек ұйымдарының дәрігерлеріне жүктелді, – деп атап өтті спикер. – Бұл үшін 404 мобильді бригада жұмыс істейді, олар үйге барып тексеру жүргізеді, тағайындаулар жасайды, КВИ-ға ПТР-тестілеу жүргізу үшін биологиялық материал алады және дәрілік препараттармен қамтамасыз етеді.
Асқар Хорошаш облыста барлық төсек қоры толық пайдаланылған күннің өзінде бір айға жететіндей дәрі-дәрмек қоры бар екенін айтты. Өңірде сұранысқа ие медикаменттердің (ковидке қарсы, вирусқа қарсы және ыстық түсіретін) тұрақтану қоры жасалғаны белгілі. Ал облыстағы медициналық ұйымдардың қызметкерлері екі айға жететін жеке қорғаныш киімдерімен қамтылған.
Облыс иммундық плазманы қолдану, оның қорын жинауда республикада алда келе жатқаны мәлім. Қазір реципиенттердің иммундық плазмасын құюды қажет ететін науқастар үшін әртүрлі қан топтарындағы плазманың 3 099 дозасы дайындалған. Бүгінгі күні 150 пациентке 309 доза плазма құйылды. Жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері арасында иммундық плазманы пайдалану бойынша семинарлар өткізілді.
Иммундық плазманың дұрыс сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін Өскемен және Семей қалаларының екі қан орталығына 10 мұздатқыш камера сатып алу жоспарланыпты. Аудандық ауруханаларға қосымша 15 мамандандырылған мұздатқыш пен 19 плазма мұздатқышты сатып алу ойда бар. Асқар Хорошаш стационарлардың тыныс алу аспаптарымен жабдықталуына да тоқталды.
– Инфекциялық стационарларда 346 ӨЖЖ аппараты және 67 рентген аппараты бар. Сондай-ақ облыста 1142 оттегі концентраторы бар. 12 медициналық ұйымда оттегі магистральдары орталықтандырылып, оттегі станциялары орнатылды. Яғни, ауруханаға жатқызылған науқастар оксигенотерапиямен жүз пайыз қамтылған, – деп қорытындылады Асқар Хорошаш.
Айна Ескенқызы