Облыста алты негізгі бағыт бойынша нақты жоспар әзірленді

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ Өскемендегі Драма театрында облыс активімен келелі басқосу өткізді. Премьер-Министр өздерінің өңірімізге Елбасының жуырда жариялаған Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында алғашқы ақпараттық-насихат тобы ретінде келіп отырғанын жеткізді.
– Биылғы Президент Жолдауы алдымызға тың мақсаттар мен міндеттер жүктеп отыр. Алғашқы кезекте Мемлекет басшысы елдегі ең төменгі еңбекақы мөлшерін 25 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін, яғни 1,5 есеге көтеруді талап етіп қойды. Мұндай жалақыны бүгінгі таңда 1 миллион 300 мың жұмысшы алып отырғанын ескерсек, табысы артатын азаматтардың саны көп. Сонымен қатар, Жолдауда білім мен денсаулық сақтау салаларына қарастырылатын қаржы көлемін ұлғайту міндеттелді. Жалпы биылғы Жолдауда айтылған іс-шараларды орындауға тек ел қазынасының өзінен 1 триллион 750 миллиард теңге қарастырылып отыр, бұған жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаражатты қоссақ, жалпы сомасы 2 триллион теңгеге жуық қомақты қаржы құйылмақ, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет басшысы Жолдауда айтылған инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының тарифтерін реттеу, жолдарды жөндеу, ауызсумен қамту сынды өзекті міндеттер аясында нақты атқарылар іс-шараларға кеңінен тоқталып өтті. Ол сондай-ақ тек ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ғана жылына қосымша 100 миллиард теңге қаражат бөлініп отыратынын жеткізді. Бұл – негізінен дайын тауар өндірушілерді қолдауға, экспортқа шығарылатын өнім түрлерін молайтуға бағытталатын қаржы.
Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтуді қадап айтты. Осы ретте тиімділігін дәлелдеген «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылатын болып отыр.
– Бұрындары мемлекеттік қолдаудың, жеңілдетілген несиелердің қомақты бөліктерін ірі бизнес нысандары алып келсе, енді қаржының басым бөлігі тек шағын және орта деңгейдегі кәсіпкерлік субъектілеріне берілмек. Дамыған Батыс елдерінің экономикасы нақ осы ұсақ бизнес құрылымдарына негізделген және соларға арқа сүйейді. Мұны Елбасымыздың өзі де жиі ескертіп, кәсіпкерлікті қолдау қажеттігін ұдайы міндеттеп келеді, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-Министр Жолдауда айтылған негізгі міндеттерді қалай іске асырылатынына нақты-нақты тоқталып өтті. Айталық, тек білім саласы бойынша жаңа мектептер салуға 50 миллиард теңге бөлініп отыр, аталмыш қаржыға алдағы үш жылда еліміз бойынша 80 мектеп салынады. Бұл жас ұрпақтың сапалы білім алуына кедергі келтіріп отырған үш ауысымдылықты жоюға септеспек. Дей тұрғанмен, бұл үлкен істің басы ғана болмақ, себебі еліміз бойынша барлығы 195 мектеп қажет екен.

Жиында облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы Жолдауындағы алты негізгі бағыт бойынша облыста нақты іс-шаралар жоспары әзірленгенін мәлім етті. Сондай-ақ ол ең төменгі жалақының артуы жалпы облыс экономикасына серпін беретінін атап көрсетті.
Шығыс Қазақстанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 14 миллиард теңгенің 780 жобасы іске асырылған. Енді бұл игілікті істер 2025 жылға дейін жалғасатын болып отыр. Жыл басынан бері облыста 14 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның 11 мыңы тұрақты орындар болып табылады.
– Ауыл шаруашылық саласы да Жолдауда көрсетілген қосымша қаржыландырудың нәтижесінде серпін алмақ. Қазірдің өзінде Семейде «Агропортал» ЖШС 11 миллиард теңгеге Иран кәсіпкерлерімен бірлесіп ет комбинатын салып жатыр, өндіріс орны бір жарым жылдан соң іске кірісуі тиіс. Ал, Аягөз ауданында «Еуразия Холдинг» компаниясы аустралиялық инвесторлармен тізе қоса отырып, 50 мың басқа шақталған мал бордақылау алаңын салуда. Құны 9 миллиард теңге болатын осы жоба аяқталған соң, олар етті Ресей мен Араб түбегінің елдеріне экспорттауды бастайды. Экспорт демекші, азық-түлік тауарларын шетке шығару мақсатында облыста Қытай стандарттарын растайтын арнайы зертхана салынып жатыр. Ол аяқталған соң шаруалар өз өнімдерін Аспан асты еліне шығару мүмкіндігіне ие болады, – деді аймақ басшысы.
Жолдауда айтылған маңызды бір бағыттардың бірі – ішкі туризмді дамыту. Бұл ретте қолға алынған жобалар аз емес. Солардың бірі – Өскемен мен Үржар әуежайлары жаңартылатын болып отыр. Облыс Алакөл жағасын абаттандыруға ғана 5,2 миллиард теңге қаржы жұмсаған, биыл шипалы көлдің жағалауында 650 мың адам демалыпты. Аймақ басшысы үш жылдан соң бұл көрсеткішті 1 миллионға дейін жеткіземіз деп уәде етті.
2021 жылға қарай облыстағы барлық жолдардың 80 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілетіні айтылды. Ал цифрландыру саласы бойынша алдағы жеті айдың ішінде облыс орталығына 4 мың бейнекамера орнатылып, олар бір орталықтан басқарылатын болады. Бұл – «Цифрлық Шығыс» атты қабылданған арнайы бағдарламаның тек бір бағыты ғана. Сондай-ақ алдағы уақытта Өскемен мен Семейдің қоғамдық көліктері электронды билетке көшпек.
Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова келер жылдан бастап елдегі 275 мың азаматтық қызметшілердің жалақысы 35 пайызға өсетінін айтты. Сонымен бірге, 6 миллион еңбеккердің салық жүктемесі де азайтылатынын жеткізді. «Осы шаралардың нәтижесінде тұрғындардың басым бөлігінде жеке табыс ұлғайып, экономика тың қарқын алады»,- деп түсіндірді министр.
– Бұл ретте атап өткім келетіні – мемлекет өз тарапынан ең төменгі жалақы алатындарға қолдау білдірді. Енді бизнес саласы да өздерінде аз еңбекақы алып жүргендерді демеу керек. Мысалы, меншік кәсіпорындарда 40-50 мың теңге алатын жұмысшылар өте көп, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Ұстаз мәртебесі туралы» Заңның алдағы 3 айда қызу талқыға түсіп, келер жылдың басында қабылданатынын айтты және талқылау барысында белсенді қатысуға шақырды. Ол мұғалімдердің жүктемесін, тексерістерді азайту жөнінде түсіндіріп, мектептерде психолог мамандардың тапшылығы барын алға тартты. Айталық, ірі қалаларда мың оқушыға бір психологтан келеді екен, ал норматив бойынша 300 оқушыға бір психологтан келуі тиіс.

– Шығысқа келіп отырған соң, бір жайтты атап өтпеске болмайды. Білім саласына дәл Шығыс Қазақстан секілді жіті көңіл бөліп, қаржы аударып отырған бірде-бір облыс жоқ елімізде. Осы ретте облыстың басшысы Даниал Ахметовке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Даниал Кенжетайұлының бастамасымен өңірдегі мектептердің жарақтануы да, ұстаздарының біліктілігі де анағұрлым артып отыр. Өзге өңірлер үлгі алсын, – деді Білім және ғылым министрі.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов саладағы қордаланған мәселелерді қалай шешетіндерін мәлім етті. Мәселен, қазір елде 1941 адамға бір дәрігерден келеді екен, министрлік жоспары бойынша 2020 жылы 1700 адамға бір дәрігерден келетін болады. Олардың сапасына да мән берілмек. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеру де – басты міндет. Айталық, медбикелердің орташа жалақысы қазір 101 мың теңге болса, келер жылы 116 мыңға көтерілуі тиіс.
– Біз Астанада биылдан бастап Онкологиялық орталықтың құрылысын бастаймыз. Онда Елбасы айтқандай, онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеуге, оның ішінде ядролық медицинада, протон терапиясында, радиохирургияда, жасушалық иммунотерапияда қолданылатын заманауи технологияның бәрі болмақ. Атап өтерлігі, протонмен емдеу аппараты бұрынғы КСРО елдерінде екеу ғана, екеуі де Ресейде. Енді Астанада ашылған соң өз науқастарымызды да, іргелес елдерден келетіндерді де қабылдай алатын боламыз. Денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселелердің бірі – дәрі-дәрмек жетімсіздігі. Жыл сайын еліміз шетелден 1 миллиард доллардың дәрілік препараттарын сатып алады. Енді бұл саланы да ретке келтіріп, тапшылықты жоямыз, – деді осыған қатысты Бақытжан Сағынтаев.
Актив жиынында сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев сөз сөйлеп, Жолдау міндеттерінен туындайтын жұмыстармен таныстырды.
Ержан Әбіш