Облыста 42 адам жерді өз бетінше иеленіп алған

Облыста 150 гектардан астам жер учаскесін пайдалануда жер заңнамасының бұзылғаны анықталды. Бұл туралы облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы хабарлады.
Құзырлы мекеменің берген ақпаратына сүйенсек, өткен жылдың басынан бері заңнамалық құқықтары бұзылған өңір тұрғындарынан 361 өтініш келіп түскен. Осыған байланысты 230 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жалпы ауданы 150,13 гектар аумақта жерді өз бетінше иеленіп алу, нысаналы мақсатына сай пайдаланбау немесе тиімсіз пайдалану, жергілікті атқарушы органдардың заңды белден баса отырып шешім шығаруы сияқты 272 заңбұзушылық анықталған.
Анықтап айтсақ, 42 адам жерді өз бетінше иеленіп алса, 1,86 гектар аумақ нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған.
Осылайша, заңбұзушыларға жалпы сомасы 5,3 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, жерді пайдаланбайтын немесе тиімсіз пайдаланып отырған жер иелеріне он еселенген салық салынып, соның нәтижесінде соңғы төрт жылда облыстық бюджет 52,2 млн. теңгеге толыққан.
Азамат Темірбеков