Облыста 33 жаңа мектеп салу жоспарланған
Алдағы төрт жыл ішінде облыста жаңадан 33 мектеп салынады. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Бекен хабарлады.
Бүгінгі таңда басым бағыттардың бірі білім саласы екені белгілі. Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі. «Аманат» партиясының бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін облыс аумағында апатты жағдайдағы мектептердің алдын алу және үш ауысымда оқытатын мектептерді болдырмау мақсатында 33 жаңа мектеп салу жөніндегі бағдарлама қабылданған болатын.
– Бүгінгі күні өңірде 1520 орынды қамтамасыз ететін жеті мектептің құрылысы жүргізілуде, – дейді Әлішер Бекен. – Оған қоса, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, офтейк-келісімшарт негізінде мектеп салуға арналған бағдарлама бастау алды. Үстіміздегі жылы аталмыш бағдарлама аясында бұрынғы шекаралық және басқа да аудандардың аумағында төрт мектептің құрылысы қолға алынды. Жалпы, бұл білім ордаларын салуды бастамас бұрын аталған аудандардың аумақтарындағы мектепке деген қажеттілікке талдау жүргізілген.
Мұндай зерттеулер нәтижесінде Бесқарағай ауданының Жыланды ауылында, Жарманың Қапай батыр ауылында, Күршім ауданының Ұранхай және Жолнұсқау ауылдарында мектепке деген қажеттіліктің бар екенін анықталған. Жаңадан іргетасы қаланған шағын жинақтағы мектептердің сыйымдылығы елу оқушыдан 100 оқушыға дейін болмақ. Атап айтсақ, Жыланды ауылындағы мектеп – 100, Жолнұсқаудағы мектеп – 50, Қапай батырдағы мектеп – 100, Ұранхайдағы мектеп 100 оқушыға арналған. Төрт мектепті де алдағы оқу жылының басында қолданысқа беру жоспарланған. Осы арқылы, шалғайда орналасқан ауыл-аймақтар тұрғындарының қалаларға бағытталған көші-қонын болдырмауға әрекет етілуде.
– Бұдан бөлек, биылдан бастап облыс орталығындағы драма театры маңында сыйымдылығы 1590 оқушыға арналған мектептің құрылысы басталды. Оған қоса, Риддер қаласындағы 600 балаға арналған жаңа мектептің құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде 320 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Шемонайха ауданында облыстық білім басқармасының тапсырысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 250 орындық мектептің құрылысы қолға алынған. Осылайша, 2022 жылға осы бағытта жоспарланған жұмыстардың барлығы дерлік кестеге сай уақытынан кешіктірілмей жүргізілуде, – деді Әлішер Бекен.
Жалпы, 2025 жылға дейін облыс аумағында 33 мектеп салу үшін құрылыс жұмыстарының қазірден басталып кеткенін жоғарыда айтып өттік. Биыл өңірде алты мектептің құрылысы қолға алынса, келесі жылы тоғыз мектептің құрылысы жүргізіледі. Осылайша, алдағы жылдары жаңадан салынатын мектептер санын өсіре отырып, аталмыш көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған.
Аталмыш жұмыстар – Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін елімізде мың мектеп салу тапсырмасының орындалып жатқанының айғағы. Ел Президенті өзінің Жолдауында урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн. орын қажет болатынын айтқан болатын. Бұл мәселені шешу үшін мың жаңа мектеп салынуы қажет. Ол үшін әкімдіктермен бірлесіп, төрт тетік пайдаланылмақ. Атап айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу бағытында жұмыстар жүргізілмек.
Сонымен қатар елімізде оқушылар біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру және оқу бағдарламаларын бейімдеу бойынша шаралар жоспарланған. Бес мың мектепті модернизациялау, пәндік кабинеттермен жабдықтау, қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс бөлу көзделген. Сондай-ақ педагогтардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылып, мұғалімдердің біліктілігін қазіргідей бес жылда бір рет емес, үш жылда кемінде бір рет арттыру көзделетін болады.
Азамат Темірбеков