Облыста 232 мыңға жуық адамның зейнетақысы өсті

Ержан Әбіш
Республикалық бюджет туралы заңға енген өзгерістерге сай 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі өсті.
Атап айтсақ, айлық есептік көрсеткіш 3180 теңге (бұрын 3063 теңге), ең төменгі зейнетақы 48032 теңге (46302), базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 20191 теңге (19450), ең төменгі күнкөріс деңгейі 37389 теңге (36018) болды.
Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар да өсті. Мысалы, бірінші топтағы мүгедекке берілетін жәрдемақы 69155 теңгеден 71787 теңгеге көбейді. Жаңа туған балаға берілетін біржолғы жәрдемақы 116394 теңгеден 120840 теңгеге артты. Төртінші балаға берілетін жәрдемақы 192969 теңгеден 200340 теңгеге өсті.
– Бүгінде облыста мүгедектігі бойынша 38631 адамның, асыраушысынан айрылған 14759 адамның, арнаулы жәрдемақы алушы 41600 адамның, 18861 көпбалалы отбасының, алқамен марапатталған 12332 көпбалалы ананың, бiр жасқа дейiнгі баланы күтiп отырған 2403 ананың жәрдемақысы артты, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Жанат Өмірғалиева.
Сондай-ақ осыған дейін тағайындалған жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі 4 пайызға артты. Оның мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 46 еселенген АЕК-тен, яғни 146280 теңгеден аспауы керек. 2022 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 140898 теңге болған. Жалпы, Шығыс Қазақстанда 232 мыңға жуық адамның зейнетақысы өсті.