Қоғам

Облысішілік теміржол тасымалы дамып келеді

Ержан Әбіш

Облыс ішіндегі теміржол маршруттары бюджеттен субсидияланады. Осы мақсатқа биыл 612,3 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева мәлім етті.

– Биыл Өскемен – Риддер, Өскемен – Алтай, Өскемен – Жалаңашкөл – Достық, Семей – Жалаңашкөл – Достық маршруттарын ұйымдастыру үшін 612,3 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ өңірдің бөлінуіне байланысты Шығыс Қазақстанның 2022 жылғы бюджетінен субсидияланған Семей – Жалаңашкөл – Достық бағыты келер жылдан бастап Абай облысының бюджетінен қаржыландырылады. Осы жылы маршрутты ұйымдастыруға 93,7 миллион теңге бөлінді, – деді Айжан Рахымбаева.

Сонымен қатар өңірдің жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымына байланысты теміржол, автокөлік және ұшақ маршруттары өзгереді.

– Бүгінде 318 елді мекен автобус маршруттарымен қамтылған, оларға шамамен 1088 автобус қатынайды. Тұрақты автобус маршруттарының дамуына интернет-қосымшалар көмегімен қызмет көрсететін заңсыз таксилер кедергі келтіреді, жолаушылар рейстік маршруттардан бас тартып, солардың қызметін пайдаланады, – деді басқарма өкілі.

Облыстағы әуежай инфрақұрылымы жаңартылуда. Биыл 16,4 миллиард теңге қаржыға Өскемен әуежайын жаңғырту аяқталды. 2024 жылға дейін Зайсан әуе айлағын қалпына келтіру, Катонқарағай ауданында жаңа әуе айлағының құрылысын бастау жоспарда бар.

– Жалпы, облыстағы жолаушылар тасымалы тұрақты бақылауда. Саланы жақсарту жұмыстары жалғасады, – деді Айжан Рахымбаева.

Осы айдарда

Back to top button