СпортТОП

Облыс спортшылары олжасыз қалды. Неге?

Шығыс Қазақстанда дәстүрлі «Қазақстан оқушысы – 2022» велокөпкүндігі өз мәресіне жетті. Өткен жексенбіде жарыстың жабылу салтанаты өтіп, үздіктер марапатталды. Еліміздің 12 аймағынан жиналған 82 спортшы велобәйгенің көрігін қыздырды.

Жарыс сегіз кезеңнен тұрды. Біріншісі – бес шақырымдық бәсеке. Одан кейін қатысушылар топтық, таулы және жазық жерлерде сынға түсті. Әдеттегідей әр кезеңде үздік үштік анықталып, олардың нәтижесі арқылы Бас классификацияда жеңімпаздар мен жүлдегерлер тұғырға көтерілді. Сонымен, жүлделі бірінші орынды Алматы облысының спортшысы Максим Тараскин жеңіп алса, күміс пен қола медаль Алексей Ваганов пен Павел Воропаевқа бұйырды. Бұл екі велошабандоз да Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап келген.

– Жарыстан алған әсеріміз тамаша. Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстан облысының өкілдері жүлделі орындарға ие болған жоқ, бірақ спортта бастысы – жеңіс емес, қатысу. Осы күндері біз жарқын, есте қаларлық сәттерді бастан өткердік. Егер Алдияр Хасенов тас жолдың жиегіне ұшып кетпесе, жүлделі орынға үміткер болар еді. Артем Воховский де өте белсенді болды. Келер жылы біздің спортшылар өздерін жақсы қырынан көрсете алатынына сенімдімін, – дейді Шығыс Қазақстан велосипед порты федерациясының президенті Елена Нитяжук.

«Қазақстан оқушысы – 2022» – бұл сондай-ақ командалық жарыс. Көпкүндік қорытындысы бойынша, жалпыкомандалық бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының командасы, екінші орынды Алматының Cycling Team командасы иеленді. Үздік үштікті Нұр-Сұлтан қаласының велосипедшілері түйіндеді.

Елена Нитяжуктың айтуынша, веложарыс бәріне ұнайды, қатысушылар мұнда өз еркімен келді. Спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын Кенді Алтайдың ландшафты мен жер бедерінің ерекшеліктері қызықтырады екен. Велошабандоздарға біздегі жарыстың қиын, күрделі кезеңдері аса ұнаған көрінеді. Себебі бізде жазық дала да, өрлі-қырлы жоталар да, сай-сала да бар.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан оқушысы» веложарысы биыл ғана республикалық дейгейде өткізіліп отыр. Бұған дейін ол халықаралық деңгейде ұйымдастырылып келген. Мұндай түзету COVID-19 коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген. Ұйымдастырушылар келер жылы велобәйгеде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан спортшыларын көреміз деген үмітте. Өткен жылдары тіпті сонау Франциядан велошабандоздар арнайы келіп қатысқан еді.

Осы жолғы жарыста жас велошабандоздар да түрлі номинация бойынша марапатталды. «Белсенді шабандоз» атағына Солтүстік Қазақстан облысынан келген Матвей Воробьев ие болса, осы өңірдің тағы бір өкілі Павел Воропаев «Таулы жердің шабандозы» атанды. Ақмола облысынан келген Руслан Марченко «Ең жас шабандоз» деп танылды.

– Мен мұндай деңгейдегі жарысқа балаларды жаттықтырушы ретінде алғаш рет алып келдім. Барлық шабандозға біздің жолдарымыздың рельефі өте ұнады. Шығыс Қазақстан облысында спортты насихаттау үшін осындай іс-шараларды өткізіп, жастарды белсенді өмір салтына тарту маңызды. Оның үстіне, бұл үшін Шығыста барлық жағдай жасалған, – деп ойын бөлісті Шығыс Қазақстан велосипед спорты федерациясының жаттықтырушы-оқытушысы Иван Чернявский.

Шығыс Қазақстан велоспорт федерациясының президенті бірқатар кемшіліктерді де атап өтті. Бұл кемшіліктерді жою үшін алдағы уақытта біраз жұмыс атқарылуы тиіс. Олардың бірі – жоғары сапалы жабдықтардың жоқтығы, сондай-ақ салыстырмалы түрде алып қарағанда біздің спортшылардың жарысқа қатысу жағынан тәжірибесі де аз.

Айта кетсек, бұл веложарыс 1970 жылы бастау алған. Мектеп жарыстарының бастамашысы – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы және оқытушысы Александр Антышев. 1999 жылы Алматыда өткен веложарыс жабылу алдында тұрды, сол кезде Антышев сол кездегі Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, велоспорт федерациясының президенті Даниал Ахметовке «Қазақстан оқушысы» веложарысын қайта жандандыруды өтініп, бірнеше облысты ұсынады. Әлемге әйгілі Вуэльта Испания, Тур де Франс, Джиро д’Италия көпкүндіктеріне ұқсас рельефтері болғандықтан жарысты өткізетін аймақ ретінде Шығыс Қазақстан облысы таңдалған еді.

Сара Жомарт

Фото: Шығыс Қазақстан велоспорт федерациясы

 

Осы айдарда

Back to top button