Қоғам

Облыс құрамасы жасақталды

Облыс құрамасы жасақталды


Семейде самбодан ересектер арасындағы облыстық чемпионаттың жалауы желбіреді. Аймақ біріншілігіне Өскемен мен Семей қалалары, сондай-ақ барлық ауданнан 100-ден аса спортшы жиналып, спорттық және жауынгерлік самбодан өзара мықтыны анықтады.

Ішкі чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен келген балуанның бірі өскемендік – Мәди Райхан. Ол самбоның жауынгерлік түрімен шұғылданады екен. Жас балуанның бұл спортты серік еткеніне үш жылдай уақыт болыпты. Әйтсе де осы аралықта Мәди жекпе-жектен Азия чемпионы, Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, сондай-ақ аралас жекпе-жектен Қазақстан чемпионы атанып үлгерген. Оның алға қойған мақсаты біреу – жаһандық сайыстарда көк байрақты желбіретіп, ел абыройын асқақтату.

– Осыдан біраз бұрын өткен Әлем чемпионатында үш кездесу өткіздім. Бірінші айналымда бос болдым. Екінші кезеңде қырғыз спортшысымен кездестім. Оны ұтқан соң, жартылай финалда ресейлік балуанмен жолым түйісіп, оған есе жібердім. Негізі менің салмағым 90 келі болғандықтан, 100 келі салмақ дәрежесінде белдесу ауырлау болды. Жарысқа бір апта қалған кезде маған 100 келіде сынасасың деп ескертті. Соған қарамастан бағымды сынап көрдім. Шүкір, жүлделі орынға іліктім, – дейді Мәди Райхан.

Боз кілемдегі белдесулерге келсек, нәтижелер мынадай: спорттық самбода 52 келіде бірінші орынға Мирас Тынысбеков көтерілсе, 57 келіде – Елдос Арынғазин, 62 келіде – Дидар Тұқышев, 68 келіде – Ринат Рақышев, 74 келіде – Елдар Бейсембаев, 82 келіде – Айбек Жұматаев, 90 келіде – Әсет Ахметжанов, 100 келіде – Мәди Райхан, 100 келіден жоғары салмақта Әділ Оразбаев топ жарды.

Жауынгерлік самбода Аманжол Қайса (68 келі), Рауан Манасов (74 келі) және Мақсұт Дайырбаев (100 келіден жоғары салмақ) жеңімпаз атанды.
Осылайша жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен облыс құрамасы жасақталып, ел біріншілігіне дайындықты бастамақ. Аталмыш жарыс ақпан айында Семейде немесе Жезқазғанда өткізіледі деп жоспарлануда. Ал наурыз айында Моңғолия астанасы Улан-Баторда кезекті Азия чемпионаты өтпек.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button