МерекеТОП

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ОСЫНДАЙ ТОЙ БОЛМАҒАН

Шығыстың даласы да, қаласы да сұлу. Сол бір сұлулықты сақтап келе жатқан халықтың арасындағы құрмет пен тәртіп. Халықтың шексіз құрметінің арқасында қала көркейіп, Ата Заң үстемдігінің арқасында бірлігі жарасқан жұрт бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешіп келеді. Дәл осы бір бірлік пен берекенің дәнекері іспетті болған қос мерекені биыл қала тұрғындары бірге қарсы алды. Бірі – қала күні болса, енді бірі – Конституция күні.

Қос мерекеге арналған мәдени іс-шаралар бірнеше күн бойы жалғасты. Қаланың көрікті жерлері мен мәдени ойын-сауық орындары думанға айналды. Қала тұрғындары ойын-сауыққа қатысып, қуанышқа бөленді. Алғашқы күні тұрғындар «Уақыт машинасына» мініп өткенге оралып, қала тарихының беттерін парақтап қайтты. Әуезді әнге құштар жандар «Өскемен дауысы» байқауына қатысып бақтары мен баптарын сынады. Ал көкірегі ояу, білімге құштар жандар «Абайдың қара сөздері», «Қаланың тарихы мен жетістіктері», «Қаланың көрнекті тұлғалары» тақырыбындағы көрмелерді тамашалап,  өткеннің өрнегіне көз жүгіртті. Телефон тетігін меңгергендер «Селфи квестке» қатысып, көркемдікпен үйлесім тапты. Білекті де жүректі жігіттер «Ұлы дала батырлары» спорттық шоуының көркін асырды. Аппақ арманға қол созған жандар амфитеатрда өткен «WHITE PARTY» кешіне келіп, көңіл көтеріп қайтты. Осылайша, рет-ретімен жалғасын тапқан мерекелі күндер 30 тамыз күні отшашумен аяқталды.

Өскемен дауысы һәм өткенге оралу

Уақыт дөңгелегінің бір орында тұрмасы ақиқат. Әр ғасыр өз деңгейінде өркениет биігін бағындырып, технологиялық жетістікке жетіп келеді. Уақыт дөңгелегін жылдамдатып келе жатқан жетістіктің бірі – машина өндірісі. Бастапқыда жыл санап түрленіп отырса, қазіргі таңда күн санап жұртқа жаңа марка ұсынылуда. Өткенге көз жүгіртсең, өркениеттің жылдамдығынан көз жазып қалардайсың. Оған да куә болып қайттық. Өскемен тұрғындары қала күні қарсаңында өткен «Уақыт машинасы немесе қала тарихының беттері» атты шараны тамашалап қайтты. Ескіні жаңартудың ретін тапқандар ескі көліктерімен ретро-фестивальға қатысуға келіпті. Көпшіліктің назарына ұсынылған көліктердің жылы ескі демесең, көркі жаңа. Бір көргенде көздің жауын алады. Қазіргі көліктермен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі демесең, сырт келбетіне шек келтіре алмайсың. Ескіні көріп есі кеткен жұрт жарыса суретке түсіп, әлеуметтік желіге жарқ еткізді. Тіпті көне көліктерді көргенде өткені есіне түскен көнекөздер көзіне жас алардай болып жүр. Қызық.

– Көруге қызық болғаны болмаса, қол жетпес дүние емес қой. Бар болғаны уақытқа шегініс жасап қайтқандай болдық. Ескіні жаңартып алып келгендердің еңбегі зор екені анық. Арагідік уақыт осылай өткенге шегініс жасап тұрған да дұрыс шығар, – дейді қала тұрғыны Нұрхан Тілеуханов.

Бұл кешке қатысу үшін арнайы дресс код бекітіліпті. Шараға қатысушы тұрғындар 60, 70, 80, 90, 2000 жылдардағы стильдерге сәйкес келетін костюмдер киіп келген. Осылайша, ескі стильде жаңа заманмен жарысқан жаңа Қазақстанның тұрғындары Достық үйінің алдын думанға бөледі.

Қала күні қарсаңында өткен келесі бір өнегелі шаралардың бірі Өскемен дауысы байқауы болды. Әуезді әнге құмар жандар екі кезең бойынша байқауда бақ сынады. Шешуші кезең Ертіс жағалауындағы амфитеатрдағы ашық сахнада өтті. Бір қызығы, қатысушылар шетел әндерін көбірек шырқады. Осыдан-ақ Өскемен дауысының өзгеше екені байқалып тұрғандай болып сезілді.

Әуесқой әншілердің деңгейінде шырқалған әуезді әндер тамылжыған тамыз кешін әуенге, ерке Ертістің жағасына жиналған жұртты думанға бөледі. Бекітілген ереже мен талапқа сай байқауға кәсіби әншілер қатыстырылмады. Әуесқой әншілер арасында өткен ән байқауында Бизнес және құқық жоғары мектебінің құқықтану мамандығының 4-курс студенті Амина Сержанова бас жүлдегер атанып, iPhone 13 телефонын сыйлыққа алып қайтты.  Ал екінші орынды болашақ саясаткер Еркежан Қайратқызы қанжығаласа, үшінші орынға спортшы Мирас Ерболұлы ие болды.

Осылайша, Қала күні қарсаңында ескі әуенге тербелген жұрт уақыт машинасымен өткенге саяхат жасап қайтты.

Жұлдызды аспан & WHITE PARTY

Жастардың жиі баратын жерлерінің бірі – Арбат. Қаланың қақ төріндегі демалыс орны – қонақ келсе қысылмай көрсетуге болатын көрікті орындардың бірі. Биылғы Қала күні қарсаңында демалыс алаңының көркі тіптен аса түсті. Енді Арбатқа барған жастар «жұлдызды аспан» астында қиял әлеміне қанат қаға алады.

– Қала күніне арналған тағы бір жағымды оқиға Арбатта «жұлдызды аспанды» орналастыру болды. Енді бұл жердегі кешкі серуен бұрынғыдан да әдемі болады, –  деп жазды қала әкімі Жақсылық Омар өзінің Instagram парақшасында.

Осылайша, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған Арбатқа арнайы шырақ шамдары (гирляндалар) орнатылды. Олар тек Қала күнінде ғана емес, жыл бойы күн сайын жанып тұрмақ. Әкімдіктің мәліметі бойынша, жарық шамдарын қосу және өшіру кестесі облыс орталығы көшелерінің жарықтандыру уақытымен байланыстырылған.

Көпшіліктің көңілінен шыққан келесі бір шара Амфитеатрда өткен «WHITE PARTY» кеші. Көңілді кеш LIVEBAND «NEWTONE» тобының музыкалық сүйемелдеуімен өтті. Бір өзгешелігі кеш қатысушыларының арасында конкурстар, ойын-сауық, би ұйымдастырылып, шара «Picnic» стилінде болды. Ал «WHITE PARTY»-ға қатысушылар арнайы ақ түсті дресс кодты сақтап келген.  Бұл күні арманы асқақ жастар арнайы ақ киіммен суретке түсіп, мерекенің көркін кіргізді.

Шаһар күні қарсаңындағы спорттық шаралар

Қарбаласы көп қала тұрғындары үшін салауатты өмір салтын сақтау маңызды. Ал спортпен айналысам деген адамға Өскемен қаласында мүмкіндік көп. Жыл сайын спорттық нысандар мен спорттық алаңдардың саны артып келеді. Қала күні қарсаңында жөндеуден өткен спорттық нысандар қайта ашылып, көптеген шаралар өтті.

Ал республика көлемінде бастау алған «Tartyl Fest» фестивалін Өскемен тұрғындары Қала күні қарсаңында қарсы алды. Қонаев қаласынан бастау алған спорттық сайысқа Өскемен тұрғындары да белсенді түрде қатысты. Спортшылар  сайысқа түсіп, жеңімпаздар марапатталды. Жалпы шаһар бойынша фестивальде 250-ге жуық адам бақ сынап, 27 қатысушы марапатталды. Оларға қаржылай сыйлықтар табысталды. Қала күні қарсаңында өткен «Tartyl Fest» фестиваліне қала әкімі Жақсылық Омар да қатысып, жастарға үлгі көрсетті.

Білекті балуандар да мереке барысында күш сынасып, сайысқа түсті. Қала күніне орай Өскеменде «Ұлы дала батырлары» атты грек-рим және еркін күрес балуандары арасында жолдастық кездесу өтті. Белдесуге облыс орталығының алдыңғы қатарлы палуандары мен Қазақстан Республикасы құрамасының үздіктері қатысты. Балуандар бес жас ерекшелігі бойынша күреске түсті.

– Осындай белдесу өткізуіміздің мақсаты – олимпиадалық спорт түрлерін дамытып, оны көпшілікке насихаттау. Оған қоса, бұл ерекше форматта өткелі тұр. Жасөспірімдер мен жастар екі санатта, сосын ересектер күреседі. Спортшылардың барлығы тыңғылықты дайындық жүргізген. Көрермен назарына тартысты белдесулер көрсететіндіктеріне сенім мол, – деді баспасөз мәслихатын өткізу барысында қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, даңқты балуан Ербол Қоңыратов.

Ережесі бөлек болғанымен, екі күрес түрінің негізі бір. Тартысқа толы бәсеке барысында балуандар барын салды. Осылайша, еркін күрестен де, грек-рим бәсекесінен де өскемендік палуандар жеңіске жетті. Жеңімпаз топқа 300000, ал екінші орын алған Қазақстан Республикасы құрамасына 200000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Қара күш иелері осылайша, Қала күнінің салтанатын асырып, жастарға рух сыйлады.

Жаңа нысандар ашылды

Мерекелі күн қарсаңында қалада бірнеше нысан пайдалануға берілді. Соның бірі – «Асыл бала» балабақшасы. Бұл Балалар жылына орай балаларға тартылған лайықты базарлық болды деуге болатындай. Тоқсан орындық балабақша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске қосылды.

Сондай-ақ Қала күні қарсаңында халыққа қуаныш сыйлаған жағымды жаңалықтар, ашылған жаңа нысандар көп болды. Қаланың әр жерінде балалардың ойын алаңдары мен спорттық нысандар іске қосылып, пайдалануға беріліп жатты. Новаторов көшесіндегі футбол алаңы жөндеуден өтіп, салтанатты түрде қайта ашылды. Жергілікті тұрғындар, оның ішінде жастар осы алаңды жөндеп беруді өтініп, қала әкіміне ұсыныс тастаған болады. Жақсылық Омар жастардың өтінішін жерге тастамай, футбол алаңын кереметтей етіп жөндеп, дәл жанына воркаут (турниктер) жасап берді. Ал футбол алаңының ашылуына орай «Алтай чемпиондары» командасы мен Шығыс журналистері арасында жолдастық кездесу өтіп, артынан жергілікті сегіз команданың қатысуымен турнир өтті. Жолдастық кездесуге қала әкімі Жақсылық Омардың өзі қатысып, БАҚ өкілдерімен доп ойнады. Салтанатты жиын барысында жас футболшыларға сыйлыққа 10 дана доп тарту етілді.

Келесі бір нысан – Протозанов көшесінде орналасқан жаңа аурухана. Бұрынғы балалар тамақтану комбинаты күрделі жөндеуден өткізіліп, емханаға айналды. Жаңа ашылған денсаулық сақтау нысаны осыдан былай қала халқына қызмет көрсететіні айтылды.

 

200 килограмм торт пісірді

Қала тұрғындарына арналған жәрмеңкенің өтуі дәстүрлі үрдіске айналған деуге болады. Алайда бұл жолғы жәрмеңкенің жөні бөлек. Қала күніне орай Достық үйінің алдында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған халықтың қарасы көп. Жергілікті кәсіпкерлер қолда бар өнімдерін арзан бағамен сатылымға шығарған. Жиналған жұрттың арасында таңдау да, таңданыс та жоғары болды. Сонымен қатар жәрмеңкені әрлеген ән мен би де көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ Өскемен қаласының орталық алаңында «Шығыс дәмі» гастрономиялық фестивалі өтті. Бұл жәрмеңкенің де өзіне тән ерекшелігі мен артықшылығын жұрт сезінді. Облыс орталығының бірнеше мекемесі қала халқына өз мәзірінен әртүрлі шығыс тағамдарын ұсынды.

– Биылғы Қала күні өте жоғары деңгейде өтіп жатқан сынды. Қаланың қай жеріне барсаң да мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Ал осы «Шығыс дәмі» фестивалі маған қатты ұнады. Неше түрлі ас мәзірін көріп, кейбірінен дәм таттық. Ұнады. Тамаша. Осындай игілікті шаралар жыл сайын өтіп тұрса артық болмас, – дейді қала тұрғыны Жұмахан Иманжүсіпов.

Елді елең еткізген фестиваль тағамдарының бірі 200 кг торт болды. Оны Milano Cakes компаниясы дайындаған. Жалпы көлемі 6 шаршы метр болатын мерекелік тортты кондитерлер 3 күн дайындаған екен.

Тәтті торт, тамаша ән, керемет көңіл-күй сыйлаған жәрмеңке жұрт көңілін бір серпілтіп тастады.

Елім дегендердің еңбегі еленді

Еңбегің жемісті болса, елің өркенді болмақ. Қаламыздың қарқынды дамып, күн сайын гүлденіп келе жатқаны еңбекқор жандардың арқасы. Аты шығып алты Алашқа танылып жатса танымал тұлғалардың арқасы. Әр салада жетістікке жетіп жүрген жандар көп. Осыны ескерген қала басшысы жылдағы дәстүр бойынша қаланың дамуына үлес қосқан тұлғаларды марапаттады.

– Бұл адамдардың барлығы – өз қаласын жақсы көретін және құрметтейтін Өскеменнің лайықты азаматтары. Оларға осы марапатты мақтан тұтып, отандастарының игілігі үшін табысты жұмыс істеуді тілеймін, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Марапат иелерінің бірі – Ерболат Әлпиев. Ол «БЭСК» АҚ директоры ретінде қаланың жаңа аудандарын энергиямен қамтамасыз ететін электр коммуникацияларын жобалау және салу жұмыстарын жүргізді. Мереке қарсаңында дарынды кәсіпкер және ресторатор Николай Нечепуренко да марапатталды. Оның қоғамдық тамақтану кәсіпорындары көптеген адамның көңілінен шығып, қала қонақтарының құрметіне ие болған. Қала күні қарсаңында облыстың бас имамы Ермек Мұқатай да марапатталды. Осындай марапат иелерінің бірі – сәулетші Борис Невзоров. Ол – Махаббат аллеясы және сол жағалаудағы саябақ сияқты қала үшін маңызды жобалардың авторы. «Алтай» волейбол клубының капитаны, дарынды спортшы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Сана Анарқұлова мен «Торпедо» командасының бас бапкері Евгений Фадеев қала спортын дамытқаны үшін марапатталды. Өскемен қаласына жеті балабақша салған әлеуметтік кәсіпкер Меруерт Тоқтарованың да еңбегі еленіп, марапатқа ие болды. Облыстық мұражай-қорығындағы көгалдандыру бөлімінің меңгерушісі София Бочагованың да қала көркіне қосқан еңбегі бағаланды.

Осылайша, Қала күні қарсаңында елім дегендердің еңбегі бағаланып, лайықты марапатқа ие болды.

Отшашуға оранған түн

Отызыншы тамыздың таңы әнмен атып, отшашуға оранып батты. Ата Заң күнін арнайы тойлауға шыққан жұрт орталық алаңға жиналды. Жергілікті өнерпаздардың біразы осы концертке шақырылыпты. Бұл Конституция күніне арналған құттықтауларға толы күн болды.

– Бүгін бүкіл ел Конституция күнін атап өтуде. Бұл басты мемлекеттік мерекелердің бірі. Ата Заң бұл – елдегі тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің кепілі, мемлекетіміздің демократиялық дамуының мызғымас іргетасы. Биыл еліміздің Конституциясына түзетулер енгізу бойынша өткен референдум біздің азаматтардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Конституция азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Оның арқасында біз тұрақтылық, келісім және игілік жолында нық қадам басамыз. Бұл күні барлық қазақстандыққа бақыт, денсаулық, Отан игілігі үшін жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін. Мереке құтты болсын! Конституция күні құтты болсын! – деп жазды облыс әкімі Даниал Ахметов Instagram желісіндегі жеке парақшасында.

Ал қала әкімі Жақсылық Омар орталық алаңда өткен концерт барысында қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Заңы үстем елдің заманы қашанда тыныш болмақ. Сіздерге бейбіт өмір, тұрақты даму, баршаңызға бақыт пен береке тілеймін! Өскемен қаласының тұрғындары 5 маусым күні өткен жалпыхалықтық референдумда береке-бірліктерін көрсетіп, бір үйдің баласындай келіп дауыс берді. Осылайша, қаламыз республика бойынша референдумға белсене қатысқан қалалардың алдыңғы легінен көріне білді. Сол үшін сіздерге ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Алаңға үш киіз үй тігіліпті. Бұл енді Ата Заңның негізі киіз үйдің төрінде қаланғанын айғақтап тұрғандай көрінді. Ал олардың ішінде «Қаланың көрнекті тұлғалары», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» және «Өскемен қаласының тарихы мен жетістіктері» атты көрмелер қойылыпты. Мерекеге келген жұрт әр көрмені тамашалап, өткеннің өрнегін қайыра парақтап шықты.

Осыдан кейін тамыздың тамылжыған кеші ән-мен күйге бөленіп, шоуға ұласып, отшашуға оранды. Осылайша, қала тұрғындары Өскемен қаласының өрнекті тағы бір жылын артқа тастады.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button