Қоғам

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын бастады

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын бастады


20 желтоқсанда облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Даниал Ахметов қатысып, жұмысына баға берді.

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі – мемлекет пен қоғам арасында тиімді екіжақты байланыс орнату арқылы тұрғындардың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған жоба. Ол фронт-офистен, контакт-орталықтан және порталдан тұрады.

– «Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауы» цифрлық порталы – әкімдіктің тұрғындар үшін ашықтығы және қолжетімділігі ұстанымы бойынша жұмыс істейтін платформа. Қазіргі кезде жүйеге 250 мекеме кіріктірілген, олар – аудан-қала әкімдіктері, облыстық басқармалар, ірі қалалар әкімдіктерінің бөлімдері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері. Жұмыс тәртібі бекітілген. Жүйеге 700-ден астам пайдаланушы қосылып отыр. Портал 1331 нөмірлі контакт-орталықпен бірлесе жұмыс істейді, – деп түсіндірді бізге қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Индира Әділханова.

Фронт-офис Қазақстан көшесіндегі 59/1 ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Ол – келушілерді қабылдауға және азаматтардың өтінімдерін қабылдауға арналған орынжай.

Атап өтерлігі, аталмыш офис мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдау нормаларына сай жарақталыпты. Яғни, кіреберістегі мүгедектерге арналған шақыру батырмасымен, көрсеткіш тақталарымен, мнемосхемалармен, рельефті-нүктелі жапсырмалармен және тактильді тақтайшалармен жабдықталған.
Фронт-офис электронды кезек терминалынан, күту, өзіне-өзі қызмет көрсету, келушілерге қызмет көрсету аумақтарынан, балаларға арналған ойын бұрышынан тұрады. Орынжай қауіпсіздік талаптарына сәйкес бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын бастады

Сонымен қатар «Қоғамдық қабылдау бөлмесі» жобасын іске асыру аясында «Digital East» мобильдік қосымшасы енгізілетін болады.

– Бұл фронт-офис түрлі деңгейдегі 250 мекемемен байланыстырылған. Оның қызметі тұрғындар үшін үлкен жеңілдік туғызары сөзсіз. Бұл жобаны іске асыру барысында біз еліміздегі, сондай-ақ Ресейдің Татарстан Республикасындағы және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районындағы осы іспеттес жобаларды назарға алдық. Мұнда келген азаматтар өз беттерімен де қызмет түрлерін ала алады. Сондай-ақ олардың білікті мамандардың көмегіне де жүгінулеріне болады. Бұл жоба – «Цифрлық Қазақстан» және «Цифрлық Шығыс» бағдарламалары аясындағы ауқымды жұмыстың басы ғана. Облыста жуық арада «Сергек» бағдарламасы іске қосылады, ол қала аумағын бейнебақылаумен қамтиды. Жолаушы тасымалы саласына да цифрлық технологиялар енгізілмек. Сондай-ақ алдағы уақытта 109 және 112 қызметтері біріктіріледі. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне де жіті көңіл бөлудеміз. Әр оқушының мектепке кірген-шыққан уақыты, қозғалысы бақылауға алынады. Осының бәрі де – тұрғындардың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында қолға алынған іс-шаралар, – деді аймақ басшысы.

Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмысының нәтижесінде тұрғындар мәселесін шешудің ашықтығы мен жеделдігі артады, электронды түрде көрсетілетін қызметтер үлесінің сапасы мен үлесі ұлғаяды, облыс басшылығының тұрғындар мәселелері туралы ақпараттану деңгейі өседі, сонымен қатар мемлекеттік органдар беделі жоғарылайды.

Вставка №1:

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі – облыс тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық-анықтамалық кеңес беру және мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты мәселелерді жедел шешуге ықпал ету жөніндегі әлеуметтік жоба.

Вствака №2:

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Облыстың мемлекеттік органдарына өз өтініштеріңізді (үндеу, арыз, ұсыныс, өтінім) жіберу үшін Сізге тек
қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласу керек.
Ал қабылдау бөлмесі:

1) Сіздің өтінішіңізді қабылдайды, талдайды, тексереді, нақтылайды, тіркейді.
2) Облыстың мемлекеттік органдарына құзыретіне қарай жөнелтеді.
3) Сіздің өтінішіңізге заңмен бекітілген уақыт аралығында жауап берілуін қадағалайды.
4) Қажет болған жағдайда Сіздің өтінішіңізге орай мемлекеттік орган берген жауаптың электрондық көшірмесін жолдайды.
5) Сіздің өтінішіңізді қарастыру нәтижелері қанағаттандырылғанын немесе қанағаттандырылмағанын нақтылайды.

Вставка №3:

ФРОНТ-ОФИС
Өскемен қ., Қазақстан к-сі, 59/1
КОНТАКТ-ОРТАЛЫҚ 1331
(стационарлық және ұялы телефоннан
облыс бойынша қоңырау шалу тегін)
Ватсап: + 7 777 056 13 31
Ұялы телефон: + 7 771 202 20 02
Портал: www.1331.kz
Электронды пошта: 1331@e-vko.kz
«Digital East» мобильдік қосымшасы Play Market-тен көшіріледі

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button