Облыс әкімінің халық алдындағы екінші есебі Риддерде өтті
Ел алдындағы есеп
Облыс Әкімінің халық алдындағы екінші есебі Риддер моноқаласында өтті. Аймақ басшысы жиында көпшілік назарын негізінен былтыр шешілмей қалған маңызды мәселелерге аударуға тырысты. Есептік кездесуге Президент Әкімшілігінің бас мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Праламент Сенатының депутаттары Сергей Плотников пен Талғатбек Абайділдин, Мәжіліс депутаты Зухра Саяпова, сондай-ақ, өңірдегі ірі кәсіпорындардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мәдениет үйінде есепті жиын басталмас бұрын облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жұртшылықтың сауалдарына жауап берді. Есепті жиынға Өскемен қаласының, Ұлан, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Катонқарғай, Зырян, Шемонайха, Глубокое, Көкпекті аудандарының қоғам өкілдері селекторлық режімде қатысып, өз сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ айтуынша, өткен жылдың ең басты жетістіктерінің бірі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу қарқынының сақталуы болды. Өңірлік жалпы өнім 2 триллион теңгеге жеткен. Индустрияландыру картасы аясында былтыр сегіз мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты. Бүгінгі таңда аталмыш картаға облысымыздан енген 67 жобаның 21-і толық іске асырылған.
Аграрлық сектордағы нәтижелер де жаман емес, алайда аймақ басшысы республикалық және облыстық қолдау бағдарламаларының көптігіне қарамастан, мал шаруашылығының өркен жая алмай келетінін атап өтті.
– Биыл тұрғындарға берілетін шағын несиелер үшін 9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Мұнымен қоса, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын барынша тиімді жүзеге асыру мақсатында «Самұрық-Қазына» қорымен, ипотекалық компаниялармен және облыстағы ірі компаниялармен бірқатар меморандумдарға қол қойылды, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Аймақ басшысы өзінің есептік баяндамасында өңір жұртшылығы тарапынан бірталай сынға ұшыраған терможаңғырту бағдарламасына да кеңінен тоқталды. Өткен жылы бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеген болатын, алайда биыл осы бағытқа шамамен 700 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл жұмыстарды барынша сапалы атқаруға септігін тигізуі тиіс.
Тірек ауылдарды дамыту бағдарламасы осы жылы да жалғасын таппақ. Ол үшін 10 миллиард теңге бөлінген, аталған қаржының жартысы облыстық бюджеттен, қалған бөлігі демеушілерден алынған. Бұл бағытта да жаңалықтар жоқ емес. Қызылорда облысының тәжірибесі бойынша енді әрбір ауданда бір үлгілі ауылдан құрылуы тиіс.
Шағын шаһарларға, әсіресе, ондағы зәкірлік жобаларға қатысты да былтыр көптеген түйткілді мәселелер туындаған болатын. Облыс Әкімі осы орайда жергілікті билікке ірі кәсіпорындар тарапынан қолдау қажет екенін баса айтты.
Есеп Риддерде өткендіктен Бердібек САПАРБАЕВ аталмыш қалада және Зырянда хоккей модулдері неліктен әлі күнге дейін салынбай жатқанын да атап өтті.
– Бұған ең алдымен Риддер және Зырян қалаларының әкімдері кінәлі. Осы жылы аталмыш спорт нысандарының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі, – деп қадап айтты аймақ басышысы.
Жиында облыс Әкімі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Шығыс Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста қызмет етіп жатқаны үшін алғысын білдірді. Министрліктің қолдауы арқасында Өскеменде облыста бірінші болып «ақылды жол қиылыстары» жүйесі қолданыла бастады, ол қылмыстарды әшкерелеуге және қоғамдық тәртіпті қадағалауға көп көмегін тигізуде. Қылмыстың ашылу деңгейі облыста жылдан-жылға өсіп келеді, айталық былтыр ол 64 пайызды құраған.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ айтуынша, осы жылдың ең басты міндеттері – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, биылғы Жолдауда айтылған мақсаттарға жету. Аймақ басшысы облыста қалыпты қоғамдық-саяси жағдай болғанда ғана бұған қол жеткізуге болатынын атап өтті, яғни, бұл өңірдің әрбір тұрғынына байланысты. Сонымен бірге, облыс Әкімі 2014 жылы өңірлік жалпы өнімнің өсімі жеті пайыз болады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.
Аймақ басшысына облыс тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтардың тақырыбы сан-салалы болды. Бердібек САПАРБАЕВ ешбір сауалдың назардан тыс қалмайтынын, барлығы да бақылауға алынатынын ерекше атап көрсетті.
Әкімшілік кедергілер әлекке салмайтын болады
Владимир Кокорин, Риддер қалалық кәсіпкерлік қауымдастығының директоры:
– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облысымызда қолға алынған әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған қанатқақты жобаның нәтижесі қандай?
– Иә, әкімшілік кедергілерді жою қанатқақты жобасы біздің өңірде жүзеге асырылды. Оған құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратура, қаржы полициясы өкілдері жұмылдырып, біраз жұмыстар атқарылды. Нәтижесі жаман емес, құжаттар ресімдеу кезінде сұралатын көптеген қажетсіз қағаздар мен анықтамалардың саны азайып, қолдан жасалатын кедергілер жойылды. Қазір бұл жұмысты кәсіпкерлердің ұлттық палатасы жалғаструда. Бұған қоса біз «Даму» қорымен бірлесіп, Өскемен мен Семейде, моноқалаларда кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын аштық, сондай-ақ, дәл осындай қызмет көрсететін жылжымалы орталықтар құрдық. Біздің мұндағы мақсатымыз – бюрократияны барынша азайтып, әкімшілік кедергілерді жою.
Советхан Құсманбетұлы, Зайсан ауданы:
– Зайсан мен Алматының арасында жолаушылар тасымалдайтын әуе рейсін ашуға мүмкіндік бар ма?
– Бұл мәселемен біз айналысып жатырмыз. Зайсан-Алматы бағытында жолаушылар ұшағының ұшырылмау себебі – біз өзіміздің бюджеттен субсидия бере алмаймыз. Соған орай қазір республикамен жұмыс жүргізілуде, алдағы уақытта оң шешім шығар деген сенімдеміз. Аталған әуе рейсінің маңыздылығын жақсы білеміз.
Нұргүл Жұматова, Күршім ауданы:
– Сіздің көмегіңіздің арқасында Күршім паромы (үлкен) жөнделіп, қызмет көрсете бастауы аудан жұртшылығын қуантқаны рас. Білейін дегенім, екінші үлкен паром жөнделе ме?
Екінші сұрақ, БАҚ-тарда айтылғандай Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салына ма? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Біріншіден Күршім паромының жүруіне әуелі араб ағайындарға алғыс айтуымыз керек. Олар бізге қаржылай көмектесті. Одан кейін облыс бюджетінен біршама қаржы бөлдік. Соның нәтижесінде үлкен паром айдынға шықты. Екінші паром биыл жөнделеді. Ал көпір салуға келсек, ол енді біраз қиындау шаруа. Себебі, көпірдің ұзындығы 2 шақырымдай, жобаның құны 21 млрд. теңгені құрайды. Ондай сома біздің бюджетте жоқ. Бірақ біз қол қусырып отырған жоқпыз, Өскемендегі ТМК-ның қасында зауыт салып жатқан Кореяның «Поска» деген компаниясымен бір жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттік – жекеменшік серіктестік арқылы құрылыс жүргізсек деген ой бар. Қазіргі күні барлық құжаттар тиісті министрліктерге тапсырылған. Ол жақтағы мамандар қалай келісім берсе, солай кәрістерді шақырып, мәселені қараймыз. Негізі шетелдік компания көпір құрылысына қаржы бөлуге ниетті.
Надежда Худякова, Риддер қалалық қоғамдық кеңес төрайымы:
– Ұлттық валютаның құнсыздануы жұртты қатты алаңдатуда. Бұл жағдай тауар бағасының, оның ішінде азық-түліктің қымбаттауына кері әсерін тигізбей ме?
– Осыған байланысты тиісті орындардың басшыларын жинап бірнеше рет жиын өткіздік. Нәтижесінде үш бағытта жұмыс істейтін топ құрылды. Біріншісі азық-түліктің негізсіз қымбаттамауын бақылауға алса, екіншісі жанар-жағармай мен дәрі-дәрмектің, үшіншісі ақша айырбастау пункттерінде теңгеге шаққандағы доллар бағамының шамадан тыс көтерілмеуін назарда ұстайды.
Ал енді азық-түлік бағасы туралы айтсақ, біздің облыста тұрақтандыру қоры құрылғанын білесіздер. Онда қазір шамамен 6 мың тонна негізгі азық-түлік тауарлары сақтаулы. Үкімет тұрақтандыру қорын құру ережесіне өзгертулер енгізген соң біз сауда-сатып алу компанияларымен өнімдерді сатылымға шығарамыз. Кешеден бастап жұмыс топтары сауда орындарын, дүкендерді, дәріханаларды, жанар-жағармай станцияларын, ақша айырбастау пункттерін бақылауға алды. Кімде-кім негізсіз бағаны көтерсе, қадағалаушы органдармен қатаң жазаланып, лицензиядан айыруға дейін шара қолданылады. Тағы да қайталап айтамын, мүмкіндігімізге қарай ең қажетті азық-түлік өнімдерінің, дәрі-дәрмектің қымбаттауына жол бермейміз. Дәріханаларда бұрын сатып алынған дәрі-дәрмектер жеткілікті, оларды қалыпты бағамен сататын болады. Оған қоса таяу арада Үкімет азық-түлік корпорациясы арқылы бізге жеңілдетілген ұн береді. Сол сияқты жанар-жағармайды да жеңілдікпен аламыз.
Фабрика жұмысшылары далада қалмайды
Сарқыт, Ұлан ауданы:
– Ауыл әкімдерін сайлау жөнінде сіздің пікіріңізді білсек. Бұл жағдай әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін арттырды ма?
– Егер біз демократиялық мемлекет боламыз десек, әрине, әкімдердің сайлануы дұрыс. Бүгінгі күні біздің облыста 253 әкім сайланса, мұның 26%-ы қызметке жаңадан келгендер. Барлық әкімдерге айтылған, егер кімде-кім өздеріне қарасты елді мекендердегі тұрғындардың әл-ауқатын төмендететін болса, орындарынан босатылады.
Цой, Глубокое ауданы:
– Березовка кен байыту фабрикасының келешегі қалай болмақ?
– Березовкадағы кәсіпорын бойынша «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басшыларымен жұмыс істеп жатырмыз. Ең бірінші кезекте ондағы кеншілерді еңбекпен қамтуымыз керек. Екіншіден фабриканы әрі қарай пайдалану. Арнайы құрылған комиссия мәселені түбегейлі шешетін болады.
Гүлбақыт Бердібаева. Зайсан ауданы:
– Біздің ауданда Арасан, Талды деп аталатын суы мен батпағы шипалы жерлер бар. Жаз маусымында көпшілік адамдар осы жерлерді қалай болса солай пайдаланады. Айтайын дегенім, аталған орындарға қазіргі заманның талабына сай шипажайлар салып, ел иігіліне жаратуға болмас па екен?
– Еліміздің заңдарына сәйкес шипажайлар кәсіпкерлердің, демеушілердің меншік қаражатына салынуы тиіс. Мемлекет өз есебінен тек қана мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап осындай емдеу-сауықтыру орындарын салып бере алады. Дегенмен, ауданның басшысына тапсырма берілген, жергілікті кәсіпкерлерлі жинап Арасанға шипажай салу мәселесін шешетін болады.
Талапты Жанболатова, Өскемен:
– Болашақтағы облыс орталығының экологиялық жағдайы қалай болмақ?
– Жаңа мен өзімнің есебімде Өскеменнің экологиялық ахуалын жақсарту бағытында қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны туралы айтып өттім. Оның үстіне «Қазцинк», «ҮМЗ», «ТМК» секілді ірі өнеркәсіп орындарының бәріне тапсырма берілген, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды тиісті нормадан асырмайды. Сонымен қоса, көліктерден шығатын түтіндердің шектен асып кетпеуі қатаң бақылауға алынған. Айта кету керек, Өскеменде экологиялық жағдайды ұдайы зерттеп, талдап отыратын орталық бар. Оның деректеріне сүйенсек, жылдан-жылға шаһардың экологиясы жақсарып келеді. Бірақ әлі де болса шешілмеген түйткілдер бар, біз оларды өз уақытымен шешеміз.
Зайсан ауданының тұрғыны:
– «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалін екі жылда бір емес, жыл сайын өткізіп тұруға болмас па екен?
– Меніңше, жыл сайын өткізудің керегі жоқ. Оған қоса Үкіметтің екі жылда бір рет өткізу туралы шешімі бар. Осының өзін аса жоғары деңгейде, кең ауқымда өткеретін болсақ жеткілікті. Былтыр Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келгенде бұл фестивальдің беделін өсіріп, мазмұнын арттыра түсу жөнінде ұсыныс жасаған. 2015 жылы біз әлемнің әр түкпіріндегі түркілерді зерттеп жүрген ғалымдар мен мамандарды шақырып, қатыстырамыз.
Баламалы қуат барлық жағынан тиімді
Дмитрий, «Қазцинк» ЖШС-нің Риддер тау-кен байыту кешенінің өкілі:
– Сізден баламалы қуат көзін өндіріске енгізу қажеттігі туралы жиі естиміз. Біздің өңірге бұл қаншалықты қажет?
– Облысымызда ГЭС-тер көп болғанмен экономиканың өсуімен қатар энергия тапшылығы сезілуде. Ендеше күннен, желден, судан қуат алатын станциялар бізге керек. Біріншіден, мұндай баламалы қуат көздері арзан, екіншіден, экологиялық жағынан таза. Оның үстіне жасыл экономиканы дамыту турасында Президенттің берген тапсырмасы бар. Сол себепті жасыл энергияны пайдалануға міндеттіміз.
Өскемен қаласының тұрғыны:
– Өскеменде Петр бірінші мен Ю.Гагаринге ескерткіш орнату жөніндегі мәселе қайдан шықты? Екінші сұрақ, Қабанбай батыр ескерткішін қандай өлшемдерге сүйеніп қаланың шетіне апарып орнатты?
– Петр бірінші мен Гагаринге ескерткіш орнату туралы ең әуелі «Лад» қозғалысының үш өкілі ұсыныспен шықты. Мен бірден айттым, Өскеменге әркімнің мүсіндерін орната берсек, облыс орталығы ескерткіштер қаласына айналады. Менің түсінігімше, ескерткіш сол жерге еңбегі сіңген тұлғаға тұрғызылады. Бұл хақында өткенде ғана облыстық мәдениет басқармасының басшысы түсінік берген. Ал енді Қабанбай батыр ескерткішін неге қаланың шетіне орналастырды десеңіз айтайын, оның жауабы БАҚ арқылы берілген. Мамандар сол орынды дұрыс деп таңдады, орнатты. Көпшілік көзіне көрінетін, арылы-берілі адамдар көп жүретін көрнекті жер.
Станислав Өскемен:
– Биылғы қаңтар айының соңында риддерліктерге газды есептеу аспаптарын ауыстыру керек деген хабар ақпарат құралдары арқылы таратылған. Бірақ олардың көрсеткен ауыстыру бағасы Өскемендегіден 40%-ға жоғары. Сондай-ақ, белгіленген екі айдың ішінде аспаптарды ауыстырмаса, газдың бағасы екі есе өседі деген. Мұны қалай түсінеміз?
Екінші сұрағым, Өскемен қаласы Елбасы Жолдауында айтылған агломерацияға кіре ме?
– Егер біз газды, суды, жылуды үнемдегіміз келсе, есептеу аспабын орнатуымыз керек. Ал енді Риддер қаласында газ есептегіш аспаптарды ауыстыруға келсек, 40% деген тым көп, ондай болмауы тиіс. Біз бұл мәселені бақылауға аламыз, шектен тыс көбейтуге жол бермейміз.
Бастапқыда еліміздің төрт қаласы агломерацияға айналады делінген. Біз республикадағы қарқынды дамыған қалалардың бірі Өскемен екенін айтып ұсыныспен шықтық. Ұсынысымызды Өңірлік даму министрі қолдады. Қазір Өскеменге қатысты барлық құжаттар дайындалып жатыр. Алдағы уақытта аталған бағдарламаға енеміз деген үмітіміз бар.
«Азия Автоның» көліктеріне сұраныс жоғары
Амангелді Уалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлан ауданы:
– Былтыр «А» корпусы арқылы бұрын әкімдік қызметте істемеген адамдар басшылыққа тағайындалды. Бұл әкімдердің бүгінгі атқарып отырған жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Шынымды айтсам, кейбір әкімдердің жұмысына қанағаттанбаймын. Бұл туралы жылдың қорытындысын шығарған әкімдік мәжілісінде айтылды. Енді тағы біраз қараймыз, егер олар өздеріне жүктелген міндеті дұрыс атқара алмаса, қызметінен босатылады.
Сабырбай Сахариев, Ұлан ауданы:
– Өскеменде бүгінгі күні «Азия Авто» зауыты көлік құрастырып шығарумен айналысады. Енді тағы бір жаңадан көлік зауытын құру қаншалықты қажет, тиімділігі бар ма?
– Біріншіден, «Азия Авто» кәсіпорынының шығарған өнімдеріне бүгінде сұраныс өте жоғары. Соңғы екі жылда ол зауыт 50 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Екіншіден, біз әрі қарай дамуды көздесек, жаңа өндіріс орындарын ашудың маңызы зор. Айта кетейік, жаңа зауыт Ресеймен бірге салынуда, ертең шығарылған өнімдерді Сібір аймағының тұтынушылары алатын болады. Сондай-ақ, ол жерде 4 мыңға таяу жаңадан тұрақты жұмыс орны ашылып, миллиардтаған ақша облыс бюджетіне түседі. Сондықтан оның маңыздылығы зор. Жаңа кәсіпорын құрылысына кететін негізгі қаржы кәсіпкерлердің есебінен шығып отыр, оған қоса республикалық бюджеттен белгілі мөлшерде ақша қарастырылған.
Ринат Есқазыұлы, Катонқарағай ауданы:
– Сенное ауылындағы Бұқтырма өзенінде шағын ГЭС салына ма?
– Иә, салынады. Өзіңіз айтқан Бұқтырма өзені шағын ГЭС тұрғызуға өте қолайлы. Қазір кәсіпкерлер осы нысанның құжаттарын дайындау үстінде, қалай шаруа шешіледі, солай құрылысты бастаймыз.
Кристина Никонова, «Устинка плюс» газетінің тілшісі:
– Өскемендегі қан орталығының құрылысы қашан аяқталып, қолданысқа беріледі?
– Осыған дейін бірнеше рет айтылғандай, құрылысты жүргізген мердігер компания жауапсыздық танытып, істі жол ортада аяқсыз қалдырды. Ол компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тексерілуде. Қазір жұмысты басқа бір мердігер алған, осы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі.
Ольга Максименко, Шемонайха ауданы:
– Первомайка кентінде су тазарту имараты салына ма?
– Егер аталған нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары дайын болса, құрылыс басталады. Тиісті басқарманың мәліметінше, құрылыс 2015 жылы басталады.
Жалпы, Первомайкаға үлкен көңіл бөлініп отыр. Тұрғын үйлер мен ауылдық дәрігерлік амбулатория салынды, жолдар жөнделді. Су тазарту құрылғысының құрылысын да өз уақытымен бастаймыз.
«Зырян-Майқапшағай» теміржолының маңызы зор
Сергей Оградов, «Шығыс Строй» ЖШС директоры:
– Зырян ауданында геологиялық барлау жұмыстарына жүргізуге қаражат бөліне ме?
– Өткенде «Қазцинк» ЖШС басшыларымен Зырянда жиын болып, сол кезде бұл мәселелер көтерілген. Мәселен, «Қазцинктің» өзі ғана жыл сайын 3 млрд. теңге қаржыны геологиялық барлауға бөледі. Оған қоса биыл Үкімет ағымдағы жылы геологиялық барлау шараларын жүргізуге біздің облысқа 2 млрд. теңге қарастырып отыр. Осыған дейін жылына 500-600 млн. теңге көлемінде ғана ақша бөлініп келген. Бүгінгі таңда «Қазцинк» компаниясының басшылығы бұл іспен шұғылдануда, Зырян өңірінде ғана емес, сонымен бірге, көршілес Күршім ауданында да барлау жұмыстары жүргізіледі.
Ләззат Сапарова, Өскемен:
– Облыс орталығындағы трамвай паркіне бюджеттен қаржы бөліне ме?
– Бұл бағытта қазір «Ертіс» ӘКК жұмыс істеп жатыр. Мүлікті бағалауда біраз проблемалар болған, ол шешілді. Кәсіпорын өз есебінен паркті жаңартып, жолдарды жөндеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ.
Шолпан Мұсабаева, Зырян ауданы:
– «Зырян – Майқапшағай» бағытында теміржол құрылысы салынатын болды ма?
– Жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге қаржы бөлінген. Бұл өте қымбат жоба, оның жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайды. Сондықтан жобаны концессиялық жолмен кореяның және қытайдың компанияларымен бірлесіп атқаруға тура келеді. Аталған бағыттағы теміржол бізге өте қажет, жұмысты әрі қарай жалғастырамыз.
Лариса Горбатова, Серебрянка қаласының тұрғыны:
– Келешекте Серебрянка бейорганикалық өнімдер зауытымен жұмыс істеуден «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы бас тартып жүрмей ме?
– Біз бұл қалатүзуші кәсіпорынның тоқтап қалуына жол бермейміз. Қазір зауытты бір лотпен банкрот деп жариялау амалын жүргізіп жатырмыз. Конкурстық басқарушы бар. Сондықтан зауыт әрі қарай жұмыс істейді, жұмыскерлердің ешқайсысы далада қалмайды.
Ерлан Жазбиев, Көкпекті ауданы:
– Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған түлек облыс Әкімінің шәкіртақысына ие бола ала ма?
– Әрине. Жыл сайын облыс Әкімінің үш жүз білім гранты бөлінеді. Комиссия барлық үміткерлерді саралап, тексерген соң грантты жетімдерге, аз қамтылған отбасылардың балаларына береді.
Евгений Романов, Верх-Уба ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Шемонайха ауданындағы Ресейге дейінгі көлік жолы қашан жөнделіп бітеді?
– Бюджетте ақша қарастырылған. Алдағы уақытта толық жөнделеді. Бұл жолмен біздің облысқа жыл сайын туристер, қонақтар ағылып келеді. Оның сапасыз болуы ұят. Ал Секисовканың жолын біз «Қазақмыс» корпорациясына тапсырдық, олар өздері жөндейді.
Сергей Соколов, Глубокое ауданы:
– Өңіріміздегі бизнесті енді ғана бастаған кәсіпкерлер үшін қысқы спорт түрлерінің жабдықтарын шығаруға мүмкіндік бар ма?
– Кәсіпкерлікпен жаңадан айналыса бастаған адамдарға мүмкіндіктер өте көп. «Ертіс» ӘКК арқылы да, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы да жүзеге асыруға болады өз идеяларын. Елбасы өзінің Жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға жете мән берген. Сондықтан енді ғана бизнеске келіп жатқандар үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз. Қысқы спорт түрлерінің жабдықтарын шығару өте дұрыс идея екен. Мұны ақылдасып, келешекте іске асыруға болады.
Бейбіт, Тарбағатай ауданы:
– Еліміздің кейбір өңірлерінде жастарға арналған электронды еңбек биржалары бар. Соның көмегімен жас мамандар жұмысқа орналасып жатады. Осы тәжірибені бізде қолдануға болмай ма?
– Сіз газет оқымайтын секілдісіз. Еліміздегі жастарға арналған электронды еңбек биржасы алғаш рет Өскеменде ашылған болатын. Өткен жылы оның көмегімен мыңнан астам адам жұмыс тапқан. Қазіргі кезде де аталмыш биржа қалыпты режімде істеп тұр.
Ауылдық әкімдік қызметкері, Зайсан ауданы:
– Ауданымыздағы суармалы жерлерді игеруге мемлекет тарапынан қандай қолдаулар болады?
– Зайсан ауданында былтыр РК-1 және РК-2 су арналары жөнделді, соның нәтижесінде қосымша 2 мың гектар суармалы алқап пайда болды. Жұмыстар мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта Кендірлік су қоймасының мүмкіндіктерін тиімді іске асырған жөн.
Риддер қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Зинаида Степанова сөз алып, облыс Әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, қала тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.
Ержан Әбіш,
Серік Әбілхан
Риддер