Облыс әкімінің биылғы халық алдындағы есебі ерекше форматта өтті
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ биылғы өңір тұрғындарымен бесінші мерейтойлық есепті кездесуін жаңаша форматта өткізді. Аймақ басшысы осыған дейінгі төрт жылда өзінің халық алдындағы есебін облыстың ірі шаһарлары – Өскемен мен Семейде өткізсе, биыл Бесқарағай ауданы мен Риддер қаласында өткізу жоспарланды.
Бесқарағай ауылындағы Мәдениет үйінде есепті жиын басталмас бұрын облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары қоғамдық қабылдаулар өткізіп, таңертеңнен қабылдауға жазылған жұртшылықтың сауалдарына жауап берді.
Ауылдық Мәдениет үйінің сахнасына орналастырылған үлкен экраннан Шығыста есепті жылда сан-салада атқарылған шаруалар, іске қосылған нысандар мен кәсіпорындар, айтулы оқиғалар туралы мазмұнды фильм жиналғандар назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек, жылдың ауқымды есепті жиыны селекторлық режимде өтіп, Семей, Курчатов қалаларының, Абай, Аягөз, Үржар, Жарма, Бородулиха аудандарының қоғам өкілдері онлайн арқылы қатысып, сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды. Ал өңірдің өзге де тұрғындары облыс Әкімінің есебін «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы арқылы тікелей эфирден көрсе, «Отау-ТВ» спутниктік телетаратылымы арқылы мұқым республика жұртшылығы тамашалай алды.
Есептік жиынға Президент Әкімшілігінің бас мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Парламент Сенатының депутаты Талғатбек Абайділдин, Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова қатысты.
Облыс Әкімінің халық алдындағы есебінің тезистері алдын ала облыстық және аудандық газеттерді жарияланғандықтан, аймақ басшысы есепті жиында негізінен жұртшылықтың сауалдарына жауап берді.
Көрсеткіштер көңіл қуантады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ атап өткендей, 2013 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде оң серпін қалыптасып отыр. Былтыр облыстың өңірлік жалпы өнімінің көлемі 2012 жылғы деңгеймен салыстырғанда 6% өсіммен 2 трлн. теңге көлемінде болжанған.
Орташа еңбекақы 6%-ға өсіп, инфляция деңгейі 4,5% төмендеген. Орташа жалақының мөлшері 90 мың теңгеге жеткен. Шығысқазақстандықтардың банктегі жинақтарының жалпы сомасының көлемі артып, бір жарым млрд. теңгеден асқан. Мұның өзі тұрғындар әл-ауқатының жылдан-жылға артып келе жатқандығының нақты көрінісі екені даусыз.
– Мемлекет басшысы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және оны үнемі бақылауға алуға ерекше назар аударып келеді. Шығыс Қазақстанда да осы мәселеге айрықша назар аударылған. Сол себепті де инфляция деңгейі 4,5 пайызға қалыптасып отыр. Бұл республикалық межеден төмен көрсеткіш, – деп атап өтті өңір басшысы.
Облыстағы маңызды саланың бірі құрылысқа есепті кезеңде 137 млрд. теңге бөлінген. 2013 жылы өңірде жиыны 1432 жаңа нысан қолданысқа берілді. Оның ішінде әлеуметтік маңызға ие білім саласында – 10 мектеп, 26 балабақша, денсаулық сақтауда – 32, мәдениетте – 27, әлеуметтік қорғауда – 9 жаңа нысан тұрғызылды. Бұдан бөлек өнеркәсіптік және өңдеуші салада – 70, шағын және орта бизнесте – 246 нысан салынып, іске қосылған. Жалпы саны 840 тұрғын үй тұрғызылған. Облыста жүргізіліп жатқан құрылыстарға қарамастан, апатты жағдайдағы мектептер әлі де бар. Олар 2015 жылға қарай толықтай жаңартылатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2015 жылға қарай барлық облыстар мектепке дейінгі тәрбие беруді 100 пайыз қамтамасыз етуі тиіс. Шығыста бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 97,4 пайызбен республика бойынша жоғары көрсеткіштердің біріне ие болуда.
Өңірде Елбасының биылғы Жолдауда айтқан міндеттерінің аясында шағын және орта бизнесті дамыту өңірде қазірдің өзінде орындалып отыр. Аймақтың экономикалық белсенді тұрғындарының үлесі бұл секторда 30 пайыздан асып отыр. Шағын және орта бизнес нысандарының өндірген өнім көлемі 2013 жылы 230 млрд. теңгені құраған. Оңды ахуал мемлекеттің шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көрсетіп отырған қамқорлығының және олардың жұмысындағы бюрократиялық кедергілерді азайтудың нәтижесінде қалыптасып отыр.
– Мен өңірдің денсаулық сақтау саласына көрсетіп отырған қолдаулары үшін Денсаулық сақтау министрлігіне алғысымды білдіргім келеді. Семейде 300 орындық және тәулігіне 500 науқас қабылдайтын емханалық орны бар қалалық аурухана қолданысқа тапсырылды. Биыл радиологиялық орталықтың және туберкулезге қарсы балалар ауруханасының құрылыстары аяқталады. Егер барлық облыстарда үш пен бестің арасында жылжымалы медициналық кешендер бар болатын болса, министрліктің қолдауының арқасында Шығыста олардың саны алтауға жетіп отыр. Соның арқасында 2015 жылға қарай облыстың барлық тұрғындарын медициналық тексеруден өткізуді аяқтайтын боламыз. Иә, қазірдің өзінде облыста медициналық кадрлардың тапшылығы сезіледі. Әсіресе, қат мамандықтар жетіспеушілігі бар. Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқу орындарының жетекшілерімен бұл мәселеде ағымдағы жылы бірлесе жұмыс істеуі, нәтиже шығаруы тиіс. Мен, өзімізде медициналық жоғары оқу орны бола тұра, кадр тапшылығы болмауы керектігін үнемі айтып келемін, – деді Бердібек САПАРБАЕВ осы салаға қатысты.
Есепті жылда 217 жас маман жұмысқа алынса, олардың 92-сі ауылды жерлерде жұмыс істеуде. Қазіргі кезде өңірде 334 дәрігер жетіспейді. Мәселені шешу үшін дәрігер мамандарға арналған жатақханалар салу жоспарлануда. Ондағы баспаналар жас мамандарға берілетін болады.
«Туған жерге – тағзым» акциясының аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігімен жыл сайын облысқа бес миллиард теңгеге жуық қаржы тартылуда. Қомақты қаражат негізінен Өскемен мен басқа да ірі қалалардағы әлеуметтік нысандардың құрылыстары мен жөндеу жұмыстарына бағытталды. Аталмыш акцияның арқасында «Қазцинк», «Қазақмыс», «ӨТМК» секілді ірі кәсіпорындар қалалар мен ауылдарды дамытуға қолдау-көмектерін білдіруде. Аталмыш акция әлі де жалғасын табатын болады.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған басты міндеттің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсету. Тапсырманы жүзеге асыру бағытында аймақта екі оңалту орталығы салынған. Облыста елу сегіз мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жандар тіркелген. Оның төрт мыңдайы – мүгедек балалар. «Мейірім» акциясының аясында олар ұйымдар мен мекемелерге бекітіліп берілген. Жұмысқа қабілеті барлары оқытылып, жұмысқа орналастырылуда.
«Жасыл экономиканы» дамытуда облыс басшылығы арнайы ғалымдармен, мамандармен бірлескен шаруалар атқаруда. Ағымдағы жылы мамыр айында Шығыста «Шағын ЭКСПО-2014» өнімдер көрмесі өткізілетін болады. Үздік деп танылған тауарлар «ЭКСПО-2017-ге» қатыстырылмақ.
Өңірде ядролық энергетика саласын дамыту аясында Курчатовты ғылым қаласына айналдыру жоспарда тұр. Бұл жөнінде аймақ басшысы Үкіметте нақты ұсыныстармен баяндаған болатын.
– Бұл үшін Курчатов қаласында кадрлық және өндірістік мүмкіндіктер де жетерлік, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Мұндағы мүмкін болып отырған әлеуетті ядролық энергетиканы дамыту мақсатында пайдалана аламыз. Президенттің баламалы энергия көздерін қолдану туралы берген тапсырмасын орындау бағытында биыл Тұрғысын өзенінде шағын-СЭС-ның және Жарма ауданында жел электрстанциясының құрылыстары басталатын болады.
Жиында моноқалаларды дамыту жайында сөз қозғаған облыс басшысы бұл істе тиісті әкімдер тек абаттандырумен ғана шектелмей, ірі жобаларды жүзеге асырумен көбірек шұғылданулары керектігін атады. Облыстың тірек елді мекендерін дамыту бағдарламасы әрі қарай жалғасын табады. Жыл сайын аймақ аталған бағдарлама шеңберінде 10 млрд. теңге мөлшерінде қаржы алып отыр. Әкімнің айтуынша, бұл бағдарлама алдағы уақытта өңірде жаңаша қарқын алмақ.
– Қазіргі кезде шекарадағы ауылдарды дамытудың жоспары әзірленуде. Республикаға нақты ұсыныстармен шығатын боламыз. Шекарадағы елді мекендер де тірек ауылдарын дамыту бағдарламасына кіреді деген сенімдеміз, – деді облыс Әкімі.
Биылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында алда тұрған негізгі міндеттің бірі – экономиканың алға басуын жеті пайызға жеткізу. Есепті жылда бұл меже 6 пайызға орындалған.
– Алға қойған мақсаттарға жету үшін Шығыс Қазақстанда барлық мүмкіндіктер бар. Тек Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының шыңына жету жолында бәріміз бір кісідей жұмыла жұмыс істеу ғана қалып отыр, – деді баяндамасын түйіндеген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Есепті жиында аймақ басшысына облыс тұрғындарынан 42 сауал қойылды. Олар негізінен әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарына, ауыл шаруашылығын, инфрақұрылымды дамытуға, газбен, энергиямен қамтамасыз етуге, жаңадан салынатын зауыттарға білікті мамандарды даярлауға қатысты болды.