Облыс әкімі өңірдің 25 оқушысымен жүздесті
1-маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай қолға алынған «Нұр Отан – балаларға» атты республикалық акция біздің аймақта да бастау алды. Осы акция аясында облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВ өңірдің әр аймағынан жиналған 25 дарынды оқушымен кездесті.
Бақытты балалық шақтың естен кетпес қимас сәттері болады. Облыстың әр түкпірінен келген 25 бала үшін бұл күннің ерекше есте қалары сөзсіз. Бұл күні облыс әкімі, Даниал АХМЕТОВ бүлдіршіндерге ерекше құрмет көрсетіп, ілтипат білдірді. Досындай сырласып, жақын тартып, ақыл-кеңесін айтты.
– Бүгін сіздермен бірге болу – мен үшін ерекше қуаныш. Сендердің араларыңда оқу озаттары бар. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сендердің ең басты міндеттерің – сапалы білім алу. Сендер бүкіл әлемге үлгі болып отырған ғажайып елде өмір сүріп отырғандарыңды ұмытпаңдар. Біздің ұлы замандасымыз, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әлемде бірінші болып ядролық сынақ алаңын жауып, ядролық қарудан бас тартты. Елімізде этникааралық саясатты да сәтті жүзеге асырды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 120-дан астам ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Осынау ғажап мемлекеттің тарихын, өткені мен бүгінін білу – біздің парызымыз. Қазір Катонқарағай ауданындағы Патшалар жазығында қазба жұмыстары жүргізілуде. Оған әлемнің оннан астам елінен археолог-ғалымдар келді. Біз Қазақстан деп аталатын байтақ Отанымызбен мақтанамыз, – деген аймақ басшысы дарынды бүлдіршіндерге үш тілді үйренудің маңызды екенін де атап айтты. Өйткені, бұл – заман талабы.
Өз кезегінде облыстың әр аймағынан келген оқушылар да құр қол келмеген екен. Көркемсөз оқу бойынша облыстық байқаулардың жеңімпазы, оқу озаты Ерікжан Ерболұлы облыс әкіміне ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңін нақышына келтіре мәнерлеп оқып берсе, Өскемен қаласындағы №39 мектептің оқушысы, бейнелеу өнері бойынша қалалық байқаудың жеңімпазы Елизавета Рыльская өзінің салған картинасын тарту етті. Ал Өскемендегі №46 мектептің 4-сынып оқушысы Айым Советова халық күйі «Салкүреңді» құйқылжыта орындады.
Балалардың оқудағы, спорт пен өнердегі жетістіктеріне қуанған облыс басшысы олардың әрқайсысына планшет сыйлады.
– Жалпы «Нұр Отан» партиясының 9 жобасы бар. Соның бірі – «Бақытты балалық шақ» деп аталатын үлкен жоба. Республикалық деңгейде ұйымдастырылатын балаларға арналған іс-шаралардың көпшілігі осы жобаның аясында өтіп жатады. Биылғы халықаралық балалар күнінің қарсаңында да орталық аппараттың арнайы тапсырмасымен маусымның 30-ы мен шілденің 5-і аралығында республика бойынша «Нұр Отан – балаларға» деген акция өткізілуде. Осы акция аясында біздің өңірде де «Нұр Отан» партиясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көптеген шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі – осы шара. Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл болғандықтан, бүгінгі шараға да 25 баланы шақырып отырмыз. Осы арада шараға қолдау көрсетіп отырған «Қазақмыс» корпорациясының облыстық партиясының филиалына ерекше алғысымды білдіремін, – дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Облыс әкімінің қабылдауынан соң, өңірдің әр аймағынан жиналған бүлдіршіндер Абай ескерткіші мен Мәңгілік даңқ монументіне гүл шоқтарын қойып, қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасады. Сондай-ақ, балалар жаңадан бой көтерген облыстық драма театры, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика кешені мен Жекпе жек сарайын да аралап көрді. Әсіресе, бүлдіршіндерге қаланың сол жағалауында орналасқан Этноауыл ерекше әсер қалдырды.
– Мен Бесқарағай ауданындағы Борас орта мектебінің 4-ші сыныбын бітірдім. Бүгінгі шара маған ерекше ұнады. Ауылға үлкен әсермен, қуанып қайтатын болдым, – дейді Тоғжан Нұрқанова. Жүрегі Отанға деген сүйіспеншілік сезімге толы Тоғжан өскенде дәрігер болып, халыққа пайдасын тигізуді армандайды екен.
Бүгінгі шараға Глубокое ауданынан екі бала қатысуда. Олардың екеуі де ата-анасынан ерте айырылған жетім балалар. Бірақ тағдырдың осындай сынына қарамастан Вероника мен Екатерина өмірге құштар. Жетістіктері де жетерлік, – дейді «Нұр Отан» партиясының Глубоке аудандық филиалының басшысы Дархан Қадырбаев.
Мейрамтай Иманғали