Облыс әкімі Ұлан ауданына іссапармен барды
Ұлан ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Қасым Қайсенов кентінде тұрғындармен кездесуде.
Өңір басшысы баяндаманы ысырып қойып, бірден жергілікті халықтың өтініш-тілегіне кезек берді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Кент тұрғындары қазба жұмыстарымен айналысатын компанияларға қатысты шағым айтты. Мұндай кәсіпорындар жерді қазған соң, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбейтін көрінеді.
Облыс әкімі бұл мәселені қаперге алатынын жеткізді.
– Әлбетте, инвестор нақты бір жоба бойынша жұмыс істейді. Сондықтан оларға үзілді-кесілді тоқтау салып, кедергі жасай алмайсыз. Бірақ тексеру қажет. Тәртіп бұзғандармен әңгіме жүргіземіз. Жалпы, кез-келген істің басын ашып алған жөн. Қандай жоба қолға алынса да, халықтың пікірі ескерілуі тиіс, – деді әкім.
Аймақ басшысы инвесторлар жобасын мақұлдамас бұрын әлеуметтік маңызына, қажет жағдайда ұлттық мүддеге де мән беру керек екенін айтты.
Оразай Жеңісұлы