COVID-19 

Облыс қауіпті «қызыл аймаққа» кірді

  Облыста тәулігіне 200-ден астам жаңа жағдай тіркелуде. 2 қарашадағы мәліметтер бойынша өңірде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 10521-ге жетті. Облыс  Covid-19 инфекциясының таралу қарқыны бойынша қауіпті «қызыл аймаққа» кірді. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев мәлім етті.

Екінші қарашадағы жағдай бойынша облыста ковидтің  6522 расталған және 3999 симптомсыз түрі тіркеліп, науқастардың жалпы саны 10521-ге жетті. 8508 пациент жазылып шықты. Алайда аурудың көрсеткіші өсуінің салдарынан облыс коронавирустың таралуы бойынша “қызыл аймаққа ” енді, деп атап өтті Талғат Тұңғышбаев.

Дерттің жайылуы жағынан Өскемен қаласы көш бастап тұр, облыс орталығында бір тәулікте 128 жаңа жағдай анықталған. Алтай ауданында 23, Семей қаласында 18, Риддерде 17, Ұлан ауданында 10, қалғандарында 5-6 жағдайдан тіркелген.  Спикер қалыптасқан жағдайға байланысты қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың орындалуын бақылайтын  мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілгенін, жаңа жұмыс кестесіне ауыстырылғанын ескертті.

– 2020 жылдың 1 қазаны мен 2 қарашасы аралығында облыс бойынша 1681 рейд жүргізілді, 9321 нысан қамтылды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындамаған тұлғаларға  ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 381 айыппұл салынды. Мобильді топтардың жұмысы жалғасуда, – деді департамент басшысының міндетін атқарушы.

Талғат Тұңғышбаев Өскемен мен Семей қалаларында ПТР тестерін тапсыруда орын алған ұзақ-сонар кезекке де түсініктеме бере кетті. Басшының айтуынша, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жолаушылар облыс аумағынан   ПТР зерттеуінің теріс нәтижесі болғанда ғана шыға алатын болғандықтан міндетті түрде тест тапсыруға мәжбүр болған. Қазір жағдай реттеліпті. Өскемен мен Семей қалаларында екі-екіден қосымша пункттер ашылған.

-Облыста тәулігіне 7 000 зерттеу талдамаларымен жұмыс істей алатын 10 зертхана қызметін үздіксіз атқаруда. Бұл біздің өңірге артығымен жеткілікті. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 3000-ға дейін зерттеу жүргізілуде. ПТР тестілерінің тапшылығы жоқ. Ал бүгінде облыста 78 мың тест бар. Бұл кем дегенде 3 айға жеткілікті және олар  үнемі толықтырылып отырады, – деді  Талғат Тұңғышбаев.

Спикер әлемнің көптеген елдерінде қатаң локдаундар енгізілгенін еске салды. Мысалы, Испанияда төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізілді, шектеулерді 2021 жылдың мамырына дейін ұзарту жоспарлануда. Ирландияда 6 қазаннан бастап қайта локдаун енгізілді. Үйден бес шақырымға ұзауға тыйым салынып, барлық кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Францияда 1 желтоқсанға дейін коменданттық сағат енгізілді. Германияда қайта карантин енгізілді. Қонақ үйлер, тамақтану орындары жабылды.

-Ал біздің облыста тек жұмсартылған шектеулер енгізіледі. Біз кәсіпорындарды жаппаймыз және коменданттық сағат енгізбейміз. Өңірде енгізілген барлық шектеу шаралары адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған. Біз азаматтардың осы шектеу шараларына жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытарына сенеміз, – деді Талғат Тұңғышбаев.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button