Қоғам

Облыc көктемгі тасқынға дайын ба?

Облыc көктемгі тасқынға дайын ба?

Қазіргі кезде облысымызда көктемгі тасқын жағдайларына жан-жақты әзірлік жүргізіліп, құтқару бөлімшелерінің өзара іс-қимылы пысықталып жатыр. Бұл туралы арнайы брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Сұлтан Ахметов және аталмыш департаменттің бөлім бастығы Евгений Шатурный мәлім етті.
Сұлтан Ахметовтің айтуынша, соңғы жылдары ықтимал тасқындарға, гидротехникалық имараттардың жағдайына барлық деңгейде жіті көңіл бөлінуде. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес «2015 жылдың көктем мезгіліне арналған тасқынға қарсы іс-шаралар жоспары» бекітілген. Тасқын кезеніңдегі су басуларды жедел жою үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары дайындық режиміне келтірілген. Іс-шараларға жеке құрамның 844 адамы, 149 техника, 22 жүзу құралы, тоғыз мотопомпа қатыстырылатын болады. Жолсыздық жағдайларындағы іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатына жеті шынжыр табанды көліктік тягач жұмылдырылмақ. Әуеден барлау жүргізу және жапа шеккендерді төтенше жағдай аумағынан эвакуациялау үшін жеті тікұшақ тастүйін дайын тұр.
Мұнымен қоса, тұрғындарды, коммуникациялар мен шаруашылық нысандарын қар көшкінінен сенімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «Қазселденқорғау» мекемесі көшкін қаупі бар телімдерге бақылау орнатқан. 2014 жылдың қарашасынан 2015 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде 14 профилактикалық қар көшкіні жүргізілген.
– Біз «Қазгидрометтің» тәулік сайын түсіп тұратын болжамдарына арқа сүйейміз. Облыста гидро және метеобекеттердің кең желісі бар, олар негізгі өзен бассейндерінің сумен толығуы жағдайына, мұздың қалыңдығына, қар қорының мөлшеріне бақылау жүргізеді, – дейді төтенше жағдайларды алдын алу бөлімінің бастығы Евгений Шатурный.
Ақпан айына жасалған алдын ала болжам барынша жайлы болды, қалыпты жағдайдағы қар түсімі мен өңірімізге сай температуралық режим күтілді. Алайда, ауа райы өз өзгерістерін енгізді. Десек те, тұрғындарға ешқандай зардап тигізген жоқ, су басу жағдайлары тіркелмеді. Тек көктайғаққа, бұрқасын қарға байланысты Шемонайха қаласы бағытындағы кейбір жолдар жабылды.
Бұдан соң Евгений Шатурный облыстың далалық аумақтарында қар қорының өткен жылмен салыстырғанда нормадан жоғары екеніне тоқталды. Атап айтар болсақ, биыл Шемонайха, Көкпекті, Үржар, Күршім, Жарма, Аягөз, Бесқарағай, Глубокое аудандарында қар қалың. Ылғал қорының ең көп мөлшері (нормадан екі есе) Бесқарағай ауданының Семиярка, Үржар ауданының Бақты және Аягөз ауданының Баршатас ауылдарында анықталған. Жер қыртысының 80 сантиметрден 105 сантиметрге дейін қатуы Тарбағатай, Бородулиха және Катонқарағай аудандарында байқалады.
– Ақпан-наурызда, яғни, өзендердегі мұздың қалыңдығы 84 сантиметрге жеткенде судың мұз бетіне жайылуы болмайды. Далалық аумақтарда температураның күрт көтерілуі еріген қар суының беткеймен төмен қарай ағуына әкеліп соқтырады. Қатқан топырақ әлі өзіне барлық ылғалды сіңіре алмайды да су жоғары жақтан жақын маңдағы елді мекендерге ағады. Бұған айқын мысал – 2009 жыл, сол кезде Тарбағатай ауданында шамамен 100 шақты үй су астында қалған-ды. Сондай-ақ, облыста бақылауды қажет ететін 800-ден астам өзен мен жылға және де 200-ден астам су имараттары – дамбылар, жасанды су қоймалары, су арналары бар. Тұрғындар оларды қоқыспен ластауға болмайтынын, жол астындағы су өткізгіш құбырларды, бастауларды ұдайы тазартып отыру керектігін ұғынулары тиіс, – дейді Евгений Шатурный.
2010-2013 жылдар кезеңінде Шығыс Қазақстанда иесіз жатқан гидроимараттарды түгендеу ісі жүргізілді. Қазір олардың басым бөлігі – коммуналдық меншік иелігінде. Шаруа қожалықтарының қарамағындағы дамбыларлар айрықша алаңдатушылық туғызуда. Аталмыш нысандардағы жағдайды қадағалау үшін іс-шаралар кешені әзірленген, су қоймаларының толығуы апта сайын тексеріледі. 2014 жылдың жазы мен күзінде тасқынға қарсы төрт шақырымдық бөген салынды, 1200 метр жағалау қоршауы күшейтіліп, жөнделді. Тасу қаупі бар өзендерде сағаны тереңдету, түзету және кеңейту, арық жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілді. Жанар-жағармайдың, құм салынған қапшықтардың және себу материалдарының қоры құрылған. Өткен жылдың қарашасында жүргізілген тексеру мәліметтері бойынша, су имараттарының негізгі бөлігі қанағаттанарлық жағдайда. Бірақ шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Айталық, Жарма ауданындағы бір жекеменшік дамбы эксплуатация нормаларына сәйкес келмейді. Қазіргі кезде аталмыш нысанды коммуналдық қызмет балансына беру жұмыстары жүргізілуде.
Төтенше жағдайлардан зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыру және оларды керек-жарақтармен қамту үшін материалдық-техникалық ресурстардың, құрал-жабдықтардың облыстық қоры құрылған. Сонымен қатар, құтқарушыларда 600 адамға шақталған шатырлы лагері де бар.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button