ҚОҒАМЫМЫЗҒА ҚОЗҒАУ САЛАТЫН ҚОЗҒАЛЫС

“Қазақстан-2050” жалпыұлттық қозғалысы Өскемен өңірінде «Talks-2050» жобасын жүзеге асырып жатыр. Осы орайда облысымызда жұмыс бабымен жүрген қозғалыстың медиа-директоры Қанат Әуесбаймен тілдескен едік.
– Қанат Әуесбайұлы, Шығыс өңіріне сапарыңыздың себебін айтып өтсеңіз.
– Облыста «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының «Talks-2050» деп аталатын шарасын өткізбекпіз. «Talks» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «әңгімелесу» мағынасын білдіреді. Яки, бұл 2050 жылға дейін дамыған отыз елдің қатарына енуге бет түзеген мемлекеттің даму келешегі туралы салиқалы әңгімелер. Алғашқы форум Атырау қаласында өтті. Одан кейін Астана қаласында, Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында ұйымдастырылды. Шығыс Қазақстан – біз форум өткізетін соңғы облыс. Мұнда да өңірге тән түйткілдердің түйінін тарқатуға тырыспақпыз. Бір сөзбен айтқанда, форумға әр өңірдің өзіне тән мәселесі арқау болмақ. Ел аузында жүрген өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, оны шешудің мүмкіндіктерін халыққа көрсетеміз. Құзырлы органдардың құлағына жеткізіп, құлаққағыс етеміз. Мәселені көтеріп қана қоймай, қоғамға қозғау саламыз. Қоғамдық қозғалыс ретінде мәселенің шешілуіне ықпал жасаймыз. “Talks-2050” – бейресми форум. Қатып қалған формальділік пен қатаң тәртіп жоқ. Форумға қатысатын түрлі саланың өкілдері көтерілген мәселелерді бүге-шігесіне дейін талқылап, шешу жолдарын көрсетсе, діттегеніміз орындалар еді. Форумға өз өлкесіне, жеріне жаны ашитын азаматтарды шақырамыз. Ешкім келмесе, бұл өңірде барлығы жақсы, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” өлке деп ойлаймыз. Бірақ олай емес қой. Тек әлеуметтік желілердің көмегімен азаматтық ұстанымы мығым, белсенділігі жоғары азаматтарға үндеу тастап отырмыз. Форум сенбі күні Өскемендегі этноауылда, «Бір шаңырақ астында» киіз үйінде өтеді. Форум “Шығыс Қазақстан облысы: бүгіні және ертеңі” тақырып аясында болмақ.
– “Қазақстан-2050” Жалпыұлттық қозғалысы” атауының жүгі ауыр. Алдарыңызға қандай міндет қойып отырсыздар?
– Осыдан екі жылдай бұрын Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Болашақ” бағдарламасы түлектерінің форумына қатысқан еді. Сол форумда “Қазақстан-2050” Стратегиясын жүзеге асыру жолында айтылған мақсат-міндеттерді халыққа насихаттап, соның айналасында жобалар жүзеге асыратын қозғалыс құрылса деген ұсынысын айтқан еді. Бір топ белсенді жас азаматтар Елбасының бастамасын құп алып, “Қазақстан-2050” жалпыұлттық қозғалысын құрды. Алдымызда тұрған мақсат – стратегияда көрсетілген міндеттерді орындамас бұрын, оны алдымен халыққа жан-жақты түсіндіріп, санасына қозғау салу. Мәселен, 2020 жылға дейін халықтың кем дегенде 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысу керек деген мақсат бар. Осының аясында нақты жобаларды жүзеге асырамыз.
– Осы күнге дейінгі атқарған жұмыстарыңызға қарап отырып, жаңашыл жобалардың көп екендігіне көз жеткізгендей болдым. Креативтілікке басымдық беретін сияқтысыздар. Жобалар төл туындыларыңыз ба, әлде тәжірибеде бар ма?
– Біз “Әлемде велосипедті қайта ойлап табу қиын” деген қағидатқа сүйенеміз. Қозғалыс мүшелерінің дені – дамыған Батыс елдерінің жоғары оқу орындарында оқыған студенттер. “Жақсысын үйрен, жаманынан жирен” деген сөзді басшылыққа ала отырып, сол жақта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларды қарап, оларды іріктеп, сүзгіден өткіземіз. Біздің ділімізге сай келетін тиімді әлеуметтік жобаларды неге жүзеге асырмасқа? Біз қоғамдық негізде жұмыс істемейміз. Кеңсеміз, басшылығымыз, орталық әкімшілік, белгіленген еңбекақымыз, 15 өңірде үйлестірушілеріміз бар. Өзгелерден ерекшелігіміз, қағазбастылыққа салынбай, қасаң стереотиптерден бойды аулақ салып, еркін форматта жұмыс істегіміз келеді.
– Қателеспесем, жиырма шақты жобаны жүзеге асырдыңыздар. Осы жобалар қаншалықты тиімді?
– Әр жұмыстың нәтижесін бірден көру мүмкін емес. Ол болашақтың еншісінде. “Зияткер ұрпақ” деген жобамыз бар. Аталмыш жоба бойынша түрлі саланың елге танымал азаматтары ауылдық мектептерге барып, дәрістер оқыды. Мысалы, медицина саласының мықты маманы ауыл балаларына дәрігерліктің қыр-сырын айтып, оқушыларға кәсіби бағдар береді. Бұл ауыл балалары үшін маңызды деп ойлаймын. Талай жыл өтседағы ұмытпай, оқушы кездерінде осындай танымдық кездесу болғанын айтып жүрер еді. Себебі, өзім мектепте оқып жүргенде ақын, жазушылармен кездесу өткен еді. Сол кісілердің айтқандары әлі күнге дейін есімде. Қазақта “Бір адам мың адамға олжа салады” деген сөз бар. Кездесуге қатысқан барлық адамның санасын өзгерту мүмкін емес. Бірақ арасында тым болмаса бір бала дәрігерлік мамандықты таңдаса, біздің жасаған жұмысымыздың зая кетпегені деп түсінемін. Бүгінде жарық дүние есігін ашқан 10 баланың үшеуі жүрек ақауымен туады екен. Осы орайда туабітті жүрек ақауы бар балаларға көмектесу үшін алдымен ата-аналарын оқыту қажет. Осы орайда қозғалыс “Сәби жүрегі. Туабіткен жүрек ақауы туралы ата-анаға арналған кітап” құралын шығарды. Оқу құралында туабітті жүрек ақауының негізгі түрлері мен емдеу тәсілдері түсінікті тілмен баяндалады, жүрек ақауларының пайда болу себептері және тұқым қуалаушылық арқылы берілу қаупі мәселелері қозғалған. Алайда, бұл кітап тек орыс тілінде ғана еді, ал мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ болатын. Сондықтан кітапты қазақ тіліне аударуды қолға алып, көмектесуге ниет білдірген еріктілердің арқасында ісімізді ойдағыдай аяқтадық. Туабіткен жүрек ақауы бар балалардың ата-аналарын жинап, оларға тегін тараттық. Кітап орыс және қазақ тілдерінде басып шығарылып, жүрекке ота жасалатын орталықтарға, ауылды жердегі амбулаториялық пункттерге де берілді.
– Бүгінгі таңда қозғалыстың қанша мүшесі бар?
– Қатарымыз 8 мыңға жетті. Мүшелерімізге билет беріп, жарна төлетпейміз. Ең бастысы, азаматтық белсенділігі жоғары болса, біздің жобаларға үн қатысып, орындалуына ықпал етіп, атсалысып, көмектесіп жатса, өз ұсыныстарын айтса, сол адамдарды мүше ретінде қабылдаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш