Қоғам

Қоғамдық жасақтарды құру қажет

Қоғамдық жасақтарды құру қажет

Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен облыстағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа және терроризмге қарсы күре жөніндегі комиссиялардың бірлескен отырысы болып өтті.
Жиында қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы, сонымен қатар, мал ұрлығының алдын алуға бағытталған қоғамдық құрылымдар жұмысын ұйымдастыру шаралары талқыға салынды.
Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Рашид Жақыповтың мәліметтеріне сүйенсек, жалпы қылмыстар саны былтыр 3 пайызға азайып, жағдай біршама тұрақтала түскен. Әсіресе, қоғамдық орындардағы қылмыстар 18 пайызға қысқарған. Бұл ретте қоғамдық құрылымдардың, яғни полицейлерге көмек көрсетуші жасақтардың атқарған рөлі ерекше. Мұндай ұйымдар Өскеменде, Риддер мен Зырянда жақсы жұмыс істеп келеді. Алайда, Семейде аталған жасақтар әлі құрылмаған.
2013 жылы мал ұрлығы 20 пайызға кеміпті. Бұған ауылдық елді мекендердегі тұрғындармен жүргізілген насихат жұмыстарының да септігі тигені сөзсіз. Ұлан, Шемонайха аудандарында қылмыстың бұл түрі күрт азайып отыр, десек те Күршім, Көкпекті, Жарма, Аягөз, Зайсан аудандарында мал ұрлығы өскен. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар меншік малдарын есепке алу, топтасып бағу істеріне бейжай қарайды. Ішкі істер департаментінің деректері бойынша, тек былтыр ғана жоғалған малды іздеуге полицейлер 14 миллион теңге қаражат жұмсаған.
Жалпы, қылмыстардың тек 5 пайызын ғана ауыр және аса ауыр қылмыстар құрайды, ал дені – бөгденің мүлкін тонау. Өткен жылы денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде 480 ұрлық фактісі тіркелген. Аталған ғимараттардың өткізу-тексеру режимін қолға алған жөн. Сонымен қатар, азаматтар заң бұзу әрекеттеріне негізінен мас күйінде барады. Атап айтсақ, облыстағы әрбір алтыншы қылмыс ішімдік ішкеннен соң жасалған.
Жиында Өскемен қаласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ерсайын Нәбиев сөз алып, өздерінің тың тәжірибелерімен бөлісті.
– Семейде неліктен полицияға көмектесетін еріктілер жасағы жоқ? Өскеменде көріп отырсыздар, ондай құрылым табысты жұмыс істеп жатыр. Сіздерде қылмыс өршіп тұр. Сонда қоғамдағы тәртіпті қалай қамтамасыз етпексіздер? Қала әкімдігінің бұл бағыттағы жұмысы көңіл көншітпейді. Жасақтар саны жеткіліксіз Аягөз, Тарбағатай және Көкпекті аудандарының басшыларына да осы мәселеге жіті назар аударған жөн, – деді облыс Әкімі.
Ішкі істер департаментінің басшысы Рашид Жақыпов, сонымен қатар, Риддер мен Зырян қалаларында уақытша бейімдеу және айықтыру орталықтары жоқ екенін айтып, бұл өз кезегінде тәртіп сақшыларының жұмысына, жалпы қылмыстылық жағдайына кері әсерін тигізіп отырғанын да жеткізді. Облыс Әкімі бұл мәселені тез арада реттеуді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянниковке тапсырды.
– Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өзара әрекетін әлі де нығайту қажет, сонымен бірге Өскемен қаласының үлгісі бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы қоғамдық құрылымдар барлық өңірлерде ашылуы тиіс. Олардың мүшелерін ынтыландыру мәселесін де шешкен жөн. Мұнымен қоса, мал ұрлығын азайту үшін тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыру керек, – деді аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button