Қоғам

Қоғамдық тәртіпті күшейтуге күш салады

Қоғамдық тәртіпті күшейтуге күш салады

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз орталығында қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған, жергілікті полиция қызметінің жұмысын талқылауға арналған сараптамалық кеңес өтті. Тұрғындармен кездесу барысында қоғамдық тәртіпті қадағалаушылар өңірде қалыптасып отырған проблемаларды тұрғындармен бірлесе отырып, шешуге күш салатындықтарын жеткізді.
Естеріңізде болса, жергілікті полиция қызметі өзінің жұмысын ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан бастаған болатын. Облысымызда жергілікті полиция қызметі екі мыңнан аса полиция қызметкерлерін біріктіріп отыр. ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Дулат Қазақпаевтың айтуынша, бұл қызмет жұмысын бастаған уақыттан бері өңірде қылмыс деңгейі төмендеп, оларды ашу көрсеткіштері артқан.
Жиында сонымен бірге, құқық қорғау органдары мен ЖОО жанынан құрылған студенттік жасақтардың полициямен өзара бірлескен іс-әрекеттері туралы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ жанынан құрылған студенттік жасақтардың жетекшілері әзірлеген ақпараттар да тыңдалды. Енді бұл шаруа алдағы уақытта Қазақстан-американ еркін университетінде де қолға алынбақ.
– Жергілікті полиция қызметі азаматтық қоғам институттарымен тығыз әріптестікте жұмыс істеуі қажет. Туындаған мәселелерді шешуде қоғам өкілдерімен бірлескен жиындарды, кездесулерді жиі өткізіп, кеңесіп тұрғандары дұрыс. Мәселен, учаскелік инспекторды таңдаған кезде аталған ауданның тұрғындарымен кеңесіп алған артықтық етпейді, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бойынша қоғамдық кеңес мүшесі Олег Чернышов.
– Аталған сараптамалық кездесуді өткізу бастамасын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы көтеріп отыр. Шараның басты мақсаты – азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін барынша көтеру,- деді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button