Қоғам

Қоғамдық көліктерде әскери әндер әуеледі

 Қоғамдық көліктерде әскери әндер әуеледі

Ұлы Жеңіс мерекесіне арнап облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған жастар лигасы патриоттық акция өткізді. Әскери киім киген бір топ белсенді жас баянның сүйемелдеуімен әскери әндерді әуелете шырқап, театрландырылған көрініс қойып, қала тұрғындары мен қонақтарын риза етті.

– Акцияны ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз –жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімді ояту. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларымызды еске алып, тағзым ету. Біздің шаһарда жеті көшенің аты Кеңес Одағы батырларының есімімен аталады. Қасым Қайсенов, Ізғұтты Айтықов, Төлеген Тоқтаров, Мыза секілді жауға кеудесін тосқан қаһармандарымыз бізге осынау бейбіт күнді тарту етті. Жас ұрпақ олардың есімдері мен ерліктерін ұмытпауы қажет. Акцияға қаланың ең белсенді патриот жастары атсалысуда, – дейді Өскемен қалалық мәслихатының ең жас депутаты Юлия Миронова.

Жастар тіпті қоғамдық көліктерге мініп, жолаушыларға «Жеңіс күні», «Катюша» сынды әндерді нақышына келтіре орындап берді. Оларды баянда сүйемелдеп жүрген – қала тұрғыны Геннадий Кузьмин.

– Акцияға қатысуға жастар шақырғаннан соң, ерекше құлшыныспен келдім. Әскери әндерді бала кезімнен жақсы көремін. Өйткені, бұл әндер сезімге толы. Бұл әуендерде халықтың сағынышы мен арманы, қайғы-қасіреті мен қуанышы бар. Бойыңа жігер беріп, жүрегіңе сенім ұялатады, – дейді ол.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button