Қоғам

Қоғамдық көліктерде кедергі көп

Қоғамдық көліктерде кедергі көп


Өскемен қаласындағы қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ешбір жағдай жасалмаған.

Аялдамалар мен қоғамдық көліктерде аталмыш бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқандығын өз көзімен көріп қайтқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері де осындай тұжырым жасады.

Партиялық мониторингтік топ өкілдері қоғамдық көліктердің мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты лайықталғандығын тексеру үшін арбаға таңылса да, белсенді өмір сүретін үстел теннисі бойынша спорт шебері Анна Мозаеваны «Ивушка» аялдамасына ертіп шықты. Өкінішке қарай, арбада отырған бойжеткен автобусқа өздігімен міне алмады. Алайда, оның биік баспалдақтарына сау адамның көтерілуінің өзі мұң еді.

– Өздігімнен жүре алмасам да, төрт қабырғаға қамалып отыратын адам мен емес. Өз шаруаларымды өзім тындырғанды жақсы көремін. Алайда, үйден шыға бере-ақ, кедергілерге тап боламын. Өскемен қаласында пандустар жоқ, бар болса да арбадағы адамдар өздігімен шыға алмайтын пандуссымақтар өте көп. Автобустардың бірде-біреуінде жиналмалы пандусты байқамадым. Ондайды Астанада көргенім бар. Дегенмен, мейірімді жандардың көмегімен кіреберісі аласа кейбір автобустарға мініп жатамын. Ал трамвай туралы айтудың өзі артық, – дейді ол.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунковтың айтуынша, мониторинг нәтижесі көрсеткендей облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің бірде-біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықталмаған. Арбамен жүретіндерді айтпағанда, көзі нашар көретін, құлағы естімейтіндерге арналған арнайы құрылғылар да жоқ.

– Елбасымыз соңғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құруымыз керек екендігін атап өткен болатын. Ал бұл тапсырмалардың қоғамда қаншалықты орындалып жатқандығына бүгін өзіміз куә болып отырмыз. Бұл мәселені назарға алу қажет, – дейді Олег Чугунков.

Оның айтуынша, партия бұл мәселені жергілікті атқарушы орган, әлеуметтік және өзге де ұйым өкілдерінен құралған жұмыс тобының қарауына ұсынбақ. Мәселені шешу жөніндегі ұсыныс бұдан әрі партияның орталық аппаратына жолданатын болады.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button