Қоғамдық көлікке көңіл толмайды
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семейде болған сапарында қалаішілік автобустарының мәселесімен де айналысты. Алайда облыс әкімі отырады деп жоспарланған №12,39,35 бағыттағы автобустар жоқ болып шықты.
Оларды ұзақ күтіп, реніш білдірген облыс басшысы келіп тұрған №29 автобустың жүргізушісіне жолығып, құжаттарын тексерді. Сөйтсе, оның тиісті құжаттарының бірі бар, екіншісі жоқ болып шықты. Бұл екі аралықта әкім отырады деген автобустар кешігіп, біраз бөгеліс болды. «Теміржол вокзалы» аялдамасында шағын қытайлық, сұрқы кеткен автобусты тексерген әкім халық мұнымен қалай жүреді екен деп еріксіз бас шайқады. Содан кейін Даниал АХМЕТОВ келіп тұрған №13 автобусқа отырды да, журналистермен бірге қаланы аралады. Айта кету керек, №13 автобус қаладағы ең мақтаулы автобус, салон іші кең. Ішіне әкім және журналистермен қатар, орынбасарлары да отырды. Автобус іші лық толды.
Барлығы кәдімгідей жолақысын төлеп, қаланы біраз шарлады. Автобус ішінде кәсіпкер Әсемқан Досқұжанов та бар екен. Бұдан бұрынғы Семейдегі жұмыс сапарында облыс басшысы осы кәсіпкер басқаратын «СемАЗ» ЖШС-інде болып, зауыттың өнімдерімен танысқан еді. Кәсіпорын еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес, машина жасау саласын дамыту мақсатында құрылған. Құрылған сәттен бастап республиканың барлық қалалары мен Беларусь, Ресей, Қытай елдерімен тығыз жұмыс істеп келеді.
– Алғашқы жылдары Беларусь мемлекетімен интеграциялық байланыс аясында «Беларусь» тракторының түрлі маркаларын және ауыл шаруашылығы саласына қажетті егістік техникаларын шығардық, одан бөлек, ресейлік «Урал», қытайлық «Shacman», жүк көліктерін, кореялық «DaewooBus» автобустарын шығарып жатырмыз. Бұл өнімдерді Ресей мен Беларусь нарығына экономикалық интеграция шеңберінде сатуға мүмкіндік алдық. Енді міне, «Semeysitybus» деген автобустарды шығаруды жобалап жатырмыз,-деді «СемАЗ» ЖШС-інің басшысы Әсемқан Досқұжанов қолындағы әдемі автобустардың фотосуреттерін көрсетіп.
-Мынауыңыз жақсы жаңалық екен. Автобустың ішінде міне, облыс басшысымен келе жатырмыз. Семейімізде автобустар шығарып жатырсыздар. Өткенде Универсиадаға біздің автобустар қызмет етуге кетті. Ол жақта да көңілден шығып жатыр деп естідік, семейлік автобустар сапалы екен деп. «Етікші етікке жарымайды» дегендей, неге Семейімізде автобус шығарсақ та, ескі-құсқы қытайдың автобустарымен жүруге мәжбүрміз? Сіз туған жеріңізді автобустармен қамтымайсыз ба?-деп сұрадық.
Шыны керек, Әсемқан Досқұжанов қолындағы фотолардан жаңа үлгідегі автобустардың ішкі салонын, сыртқы келбетін көрсеткенде кәдімгідей таңғалдық.
-Әрине, біз автобустарымызды ұсынып жатырмыз. Халық та өтініш білдіруде. Бірақ алдағы уақыт көрсетеді. Елге еңбек етуге, семейліктердің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға біз қарсы емеспіз, – деді кәсіпкер.
Ал бұл уақытта облыс әкімі автобустың артқы жағында тұрып, бірқатар кемшіліктерді айтып, көрсетіп жатты.
Раушан Нұғманбекова