Қоғам

Қоғамдық қабылдаулардың нәтижесін көріп отырмыз

Қоғамдық қабылдаулардың нәтижесін көріп отырмыз


Партия қызметінің негізгі бір бағыты – қоғамдық қабылдауларды және мемлекеттік органдар басшыларының, депутаттардың жеке қабылдауларын ұйымдастыру. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін цифрлық технологияларды қолдану арқылы жұмыстың жаңа әдістері де енгізілген.

Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов бекіткен кестеге сай барлық филиалдарда жергілікті билік органдарының өкілдері, депутаттар тұрғындарды қабылдайды.

Жыл басынан облыста бес мың қабылдау жүргізіліп, 10 мыңнан астам азамат қабылданыпты.

Тоғыз айдың ішінде өңірлік филиал төрағасы 10 қабылдау жүргізіп, 51 тұрғынды қабылдаған. Облыс әкімінің орынбасарлары 23 қабылдау өткізіп, 82 адамды қабылдапты.

Ең көп өтініш-талаптар облыстық филиалға (312) және Бородулиха (236), Үржар (196), Риддер (137) аумақтық филиалдарына түскен.
Келгендердің 18,5 пайызы тұрғын үй-коммуналдық сала мәселесін көтереді. Азаматтарды электрмен, сумен, жылумен қамту мәселелері, коммуналдық төлемдер бағасы алаңдатады. Тұрғындардың 16 пайызы – жұмыс іздеп, не болмаса еңбек дауын шешуге келгендер. Атап айтсақ, еңбеккер құқығының бұзылуы, жалақының, науқас парақтарының, еңбек демалысына қатысты ақының төленбеуіне байланысты жүгінушілер үлесі – 15 пайыз. Баспана немесе жер телімін сұрап келетіндер – 16 пайыз, яғни 1398 өтініш.

Есепті кезеңде облыстық мәслихат депутаттары 136 қабылдау жүргізіп, 227 өтінімді қабылдаған, оның 65-і оң шешілген.

Жүгінімдерге жасалған талдау оң шешілген мәселелер санының жылдан-жылға өсе түскенін келетінін көрсетеді: 2014 жылы – 21, 2015 жылы – 26, 2016 жылы – 34, 2017 жылы – 37, биыл – 42 пайыз.

Мәселен, Зырян аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдауына Зырян қаласының тұрғыны 2008 жылғы ұлына ота жасауға көмек сұрап келген. Операция Новосібір қаласында жасалуы тиіс, құны 1 миллион теңгеден асады. Ол адамды филиал қызметкерлері облыстық мәслихат депутаты Ержан Нұрбаевтың жеке қабылдауына жазады. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары өтінім білдірген әйелдің ұлын жалғыз өсіріп отырғанын, ота жасатуға қаражаты жоқ екенін растады. Мәселемен танысқан депутат бірден шара қабылдаған.

– Депутат Өскемендегі облыстық Ана мен бала орталығына отаны Астанада квота бойынша жасату мүмкіндігін қарастыру бойынша сауал жолдады. Мәселе бірнеше күнде оң шешілді. Балаға Астанада ота сәтті жасалды. Балақайдың анасы партияға шексіз алғысын білдіріп отыр, – дейді Зырян аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ирина Лыкова.

Бородулиха филиалы оң шешілген мәселелер үлесі бойынша ағарып алдан көрінуде. Айталық, Дмитриевка ауылының тұрғыны қоғамдық қабылдауға келіп, еңбекке жарамсыздық парағы бойынша тиісті ақысын ала алмай жүргенін айтқан. Ауырған баласымен бірге ол әйел де ауруханаға жатып, жұмыстан қалыпты. Бірақ еңбекке жарамсыздық парағы қолында болса да, жұмыс орны «балаңыз үш жастан асып кеткен» деген сылтаумен оған тиісті төлемдерді төлеуден бас тартқан.

– Аудандық партия филиалы еңбекке жарамсыздық парағы ашылса, баланың жасына қарамай-ақ жұмыс беруші заңға сәйкес тиісті әлеуметтік төлемдерді жүргізуге міндетті екенін түсіндірді, – дейді Бородулиха аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәуле Урашева.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button