Қоғам белсенділері құрметке бөленді

Өскеменде «Үздік қоғамдық қабылдау» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталып, ресми түрде марапатталды. Оған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов қатысып, қоғам белсенділерін құттықтады.
Салтанатты жиында сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова марапатталды. Бұдан соң «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит, «Нұр Отан» партиясы Аягөз аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжегүл Ғабдуллина мен партияның облыстық филиалы саяси бөлімінің меңгерушісі Алтынай Жаркимбаева марапатталды.
Айта кетейік, бұл байқау 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Басты мақсат – қоғамдық қабылдаулардың жұмысын жақсартып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру.
«Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» ретінде үшінші орынды Күршім аудандық филиалы иеленді. Екінші орынды Бесқарағай ауданы жеңіп алды. Ал жүлделі бірінші орын Семей қалалық филиалына бұйырды. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері тұрғындар арасындағы ең өзекті мәселелерді зерделей отырып, нақты шешімін табатын институтқа айналғанын атап өтті.
– Біздің филиалдың қызметкерлері жыл бойы барлық азаматтың сауалдарына дер кезінде жауап беріп, сапалы қызмет көрсете білді. Бұл соның жемісі, – дейді Зульфия Жамалтдинова.
Салтанатты іс-шара барысында облыстық мәслихаттың депутаты, «Көз микрохирургиясы клиникасы» ЖШС-нің бас дәрігері Зарина Камасова «Нұр Отан» партиясы төрағасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ ол «Үздік депутат» аталымына лайық деп танылды. Ал «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалының консультанты Назгүл Темешова «Қоғамдық қабылдаудың үздік қызметкері» аталымын иеленді.
– Осы күнге дейін атқарған еңбегімнің елеп-ескерілгеніне шын жүректен қуаныштымын. Шынымды айтсам, бұл мен үшін ерекше тосынсый болды, – деп ағынан жарылды Зарина Камасова.
Ажар Сағатбекова