Оқ пен оттың ортасынан шыққан жігіт

Талғат Әлмұхаметов – Ауған соғысының нағыз қан майданында болған азамат. Қасындағыларды оқ жұлып әкетіп жатқанында өзінің ауыр жаралы болып, Ресейдің сонау Новосібір қаласының госпиталінен қалай шыққанын білмейді. Тегі ұзақ уақыт есін жинай алмаған-ау, өзіне-өзі келіп, санасы ашылғанда білгені госпитальда жатқаны. Тек кейіннен медбикелерден Новосібір қаласында екенін білді.
Талғат Башырұлы 1965 жылы Үржар ауданының орталығында дүниеге келген. 1972-1982 жылдары М. Горький атындағы орта мектепті бітіріп, 1983 жылы Аягөз қаласындағы ДОСААФ-ты аяқтап, жүргізуші куәлігін алады. Сол жылы әскер қатарына шақырылып, Өзбекстанның Самарқанд қаласының түбіндегі полигонда әскери міндетін танк полкында атқарып жүреді.
Отан алдындағы міндетін атқарып, еліне қайтып кетерме еді, қайтер еді, егер Ауған соғысы басталып, сол кездегі Кеңес әскерлері Ауған еліне кірмегенде.Өзінің айтуы бойынша бірінші күннен-ақ қан майданға кіріп, дұшпандармен бетпе-бет айқасқа түскен. Біраз уақыттан соң бұл басқарған ротаға танктерге, жалпы әскери-техникаларға май құятын станциясын қорғап тұру тапсырылады. Бұл ең бір қауіпті жер болатын. Дұшпандар да білетін әскери техникаларды тоқтату үшін, ең бірінші екі май құю станциясын жою керектігін. Сондықтан болар, күніне неше рет бұларға дүркіреп лап қоятын. Талғат ойлайтын бәрі осымен біткен шығар деп. Неге десең қасындағылар бірінен соң бірі оққа ұшып жатты. Сол кездегі 18 жастағы жігіт оқты ата-ата автоматының қатты ысып кеткенін де білмей қалады. Алақандарының күлдіреп кеткенін артынан көретін. Соғыстың осыншалықты қан төгіс болатынын көзімен көріп, санасымен сезінді.

Ауыр жарақатпен ес-түссіз түскен мұны Новосібірдің госпиталі 5-6 айдан кейін аяғынан тік тұрғызды.Үйіне хат жазды. Әкесі жылап-сықтап келіп, мұны Үржарға алып кетті. Үйге келіп біраз уақыт өткен соң оңалып, әбден жазылып қалпына келді, кейіннен Алматының құрылыс техникумын бітіріп, өзі ұнатқан қызға үйленіп, отбасын құрды. Қазір үш баласы бар. Бүгінде аудандағы Ауған соғысы ардагерлерінің «Айбын» қоғамдық ұйымының төрағасы міндетін атқарып жүр. Бұл жігітті аудан тұрғындары да құрмет тұтады. Ол жастар арасында жиі болып, оларды Отансүйгіштікке тәрбиелеуге ұйтқы болып жүр.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.