Қоғам

Қоғамдық пікірге сүйенеді

Тарбағатай ауданында қоғамдық пікірге сүйене отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік әділдік ұстанымын нығайтуға басымдық берілуде. Оған дәлел –  аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов ауылдық округтермен есепті кездесулерінде  білім саласында қамқоршылық кеңестің рөлін күшейтуге екпін түсіре сөйледі. Расында да, қамқоршылық  кеңес мүшелері өздеріне бекітілген ережеге сәйкес,  ауылдағы мектептің материалдық-теxникалық базасын қадағалауға, демеушілерді тарту жұмыстарын ұйымдастыруға, жұмысқа қабылданған  қызметкерлер сапасын, арыз-шағымдарды талқылау  процестеріне қатысып, өз ұсыныстарын білдіре алады. Тіпті, мектеп директорының жыл ішінде атқарған жұмысының есебін тыңдауға да құқылы. Әлеуетін толық іске асыра алса, директордың тәртіптік, кәсібилік, біліктілік деңгейіне теңгерімді бақылау жасау тетігі де осы қамқоршылық кеңесте жатыр емес пе?! Жасыратын несі бар, ауыл тұрғындары осы қамқоршылық кеңестердің не істеп, не қойып жатқандығынан толық хабардар деп айта аламыз ба?..

Бүгінгі таңда  Тарбағатай ауданы бойынша 2018 жылдан бастап 2000-нан астам халқы бар 8 ауылдық округ (Ақсуат, Ақжар, Ойшілік, Көкжыра, Құмкөл, Қызылкесік, Қабанбай және  Тұғыл) IV деңгейлі бюджетпен жұмыс істеу жүйесіне көшірілді. Сондай-ақ Бюджет кодексінің 243-5 бабына сәйкес, 2020 жылдан бастап әкімшілік-аумақтық бірліктердегі халқының санына қарамастан қалған 9  ауылдық округіне де (Екпін, Жаңаауыл, Жетіарал, Сатпаев,  Кіндікті, Қарасу, Құйған, Маңырақ, Ырғызбай) IV деңгейлі бюджет енгізілді. Бұл тұста аудан әкімі Серікқазы Құсайынұлы  жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражаттарын және жергілікті өзін-өзі басқарудың табыс көздерін тиімді пайдалану бойынша жергілікті қоғамдастықтың жұмысын жандандыруды халықпен өткен әр кездесуде айтып келеді. Тиісті сала басшыларына да қадау-қадау тапсырмалар жүктеуде.  Жергілікті қоғамдастық- қоғамдық бақылаудың тиімді тетігі деуге болады. Өйткені жергілікті қоғамдастық төрағасы мен мүшелері сол ауылдан шыққан адамдардан жасақталады. Олар жергілікті жерде қандай қиыншылықтар мен мұқтаждықтар барын жақсы біледі. Сондай-ақ ауыл бюджетіне салықтан не қалталы азаматтардан қайырымдылық ретінде түскен қомақты қаражатты әлдебір жобаға жұмсамас бұрын, ауыл әкімі тағы да жергілікті қоғамдастық жиынының келісімін алуы керек болады.

Аудан әкімі  аудандық қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп беріп, аудандағы ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, денсаулық, жұмыспен қамту салаларындағы жағдайға жан-жақты тоқталды. Тек істелген жұмыстарды ғана жіпке тізбей, кемшін тұстарымызды да ашық айтты. Алдағы уақытта қолға алынатын жобалар мен жоспарларды атап өтті.
Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері – Төлеген Қалимажан, Қуаныш Қабидолдин, Қаныбек Жорғатаев, Шәкен Көпшікбаева  өздерінің тың ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кез келген сала бойынша тікелей сұрақтарын қойды.  Аудан басшысы әкімдік жанын ашылған «Ашық әкімдік» фронт-офисінде тұрғындарды жеке-жеке  қабылдап, қандай бір мәселе жағдайында тиісті бөлім, мекеме басшысынан сол жерде сұрау алып, шешіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Тағы бір айта кетерлігі, аудан әкімінің барлық ауылдық округтердегі есепті кездесулерінде барынша ашықтық, шынайылық принципі сақталып, «сценарий» бойынша пікір,  мақтау айту үрдісінің жолы кесілді деуге болады. Жалпы, әділетті қоғам құру осындай кішкене сатылардан бастау алады деп есептейміз.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button