Қоғам

Қоғамдық көліктер залалсыздандырылады

Облыс орталығында әлемге жайылған коронавирус індетінің елімізге енуінің және таралуының алдын алу жұмыстары басталып кетті.  Бұл жөнінде Өскемен қалалық штабының отырысында айтылды.

-Республика көлемінде коронавирустан сақтану үшін кейбір шектеу шаралары қолға алынды. Бірақ біздің алдымызда сауда орындарының қалыпты  жұмыс істеуін, қоғамдық көліктердің тұрақты қатынауын, бір сөзбен айтқанда, қаланың қалыпты өмір ырғағымен жүруін және тұрғындардың жұқпадан қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері тұр, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысынасәйкес облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді әр рейс сайын залалсыздандыру жұмыстары қолға алыныпты. Ол үшін автобустар тұрақтайтын 28 орында уақытша жуу орындары ашылған. Көліктердің жұмыс кестесінде де өзгерістер болады. Транспорттарды дезинфекциялау үшін қосымша 10-15 минут уақыт  бөлінеді. Барлық сауда үйлері мен базарларда, қоғамдық орындарда тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін залалсыздандыру құралдары құйылған диспенсерлер орнатылуға тиіс. «Дина» және  Мыза көшесіндегі толайым сауда базарларына кіріп-шыққан көліктердің сырты мен дөңгелектерін дезинфекциялайтын құралдар қолданылады.

-Барлық сауда үйлерінің, қоғамдық тамақтану орындарының қожайындары, шаруашылық жүргізіп отырған барлық кәсіпорындардың басшылары дезинфекциялық шаралар жүргізетін қызметтермен келісімшартқа отырулары тиіс. Адам аяғы көп жүретін жерлердің залалсыздандырылуына біз қатаң бақылау жасаймыз. Талаптарды орындамаған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деп ескертті қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Михаил Дерябин.

Қала әкімі тұрғындардың азық-түлік тапшылығына алаңдамауларын сұрады.

Жиында сөз болған тағы бір мәселе – медициналық бетперделердің тапшылығы болды. Қалалық кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғасан Тұрғанбаевтың айтуынша, облыс орталығында қажетті медициналық дәке бар. Қазір осы дәкеден бетперде тігуге «Асфарм» фирмасы  мен қаладағы оншақты ательенің қожайындары дайын отыр. Қажеттілік туа қалғанда олар тәулігіне кем дегенде 50 мың бетперде тіге алады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button