Қоғам

Қоғамдық көлік қатынасы реттеледі

Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Instagram парақшасында қолданушылар Семейдегі қоғамдық көліктердің жұмысы реттеуді сұрады. Тұрғындар  автобустардың жай-күйіне, олардың ыңғайсыз бағыттары мен жүру кестесіне шағымдануда.

Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі проблемалар бар екенін жоққа шығармайды. Қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданды.

– Шынымен де, қоғамдық көліктің жұмысына қатысты  проблема сұрақтар бар, олар бақылауда және біртіндеп шешілуде. №9 және №24 маршруттардың қозғалысы тұрғындарды алаңдатады. Олар бойынша жұмыс кешенді түрде жүргізіледі. Біз жылжымалы құрам санын көбейтіп, рейдтер ұйымдастырып, айыппұлдар салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қарбалас уақытта жетіспейтін бағыттарға автобустар  қосамыз. Талаптарды орындамаған тасымалдаушыларға  келісімшартты бұзғанға дейін қатаң шаралар қолданылады.

Бүгінгі күні желіге 230-ға дейін автобус шығады. Электрондық билеттің арқасында біз нақты уақыт режимінде жолаушылар ағынын қадағалаймыз, бұл біздің іс-әрекетімізді реттеуге мүмкіндік береді. Автобустардың саны күн сайын артып келеді. Қоғамдық көлік кестесіне қатысты шағымдар болды. Мұнда келісімшартқа сәйкес автобустар 21.30-ға дейін тасымалдайды, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов.

Сондай-ақ қала тұрғындары бұрынғы маршруттарды қайтарып, жол ақысының өсуіне жол бермеуді сұрайды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде атап өткендей, бүгінде өтінімдерді қарап, белгілі бір маршруттарды қайта енгізу бойынша зерттеу жұмыстары және тасымалдаушылармен тарифтерді ұстап тұру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Айта кету керек, Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде ең төменгі тарифтердің бірі сақталып отыр. Жол жүру ақысы қазір 80 теңгені құрайды. Азаматтардың әлеуметтік жағынан осал санаттарының бір бөлігі ақысыз және жеңілдетілген жол жүру құқығына ие.

Семей қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бүгінгі күні қалада үш тасымалдаушы жұмыс істеп жатыр: «Taxomotor Park» ЖШС, «Semey Bus Park» ЖШС және «Semey Bus» ЖШС. Қоғамдық көліктердің қатынасы бақылауда. Мәселелер туындап жатса, тұрғындар қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тікелей хабарласа алады.

Наргиза Омарқанова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button