COVID-19 

Оңалтудың хаттамасы жасалды

Коронавирус дертіне шалдыққандарды оңалту, оларды үйреншікті  өмірге қайта бейімдеу – науқастарды емдеудегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені ғалымдар қауіпті жұқпаның адам ағзасының барлық органдарына кері әсерін тигізетінін дәлелдеген. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі ковидпен ауырып тұрған пациенттерді емдеу мен оңалтудың хаттамасына қол қойды. 

Қазір облыстық оңалту орталығында ковидпен ауырғандарды оңалтуға арналған отыз төсек-орын дайын.  Қандай науқастар оңалтуды қажет етеді және оған жолдаманы кім береді? Біздің сауалдарымызға облыстық оңалту орталығы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Толқын Секеева жауап берді.

Толқын Маратқызының айтуынша, облыста «Жол картасы» жобасының аясында үш емдеу ұйымы осындай қызмет түрін тегін көрсете алады. Олар: облыстық оңалту орталығы (Өскемен және Семей өңірлерінде), Опытное поле ауданындағы туберкулез орталығы және Семей қаласындағы Қарағайлы орталығы.  Бүгінгі таңда пациенттерді екінші және үшінші кезеңмен оңалтудың хаттамасы жасалған.

Біздің оңалту орталығында қазір екі жүзден астам науқас басқа дерттерден, мысалы, инфаркт, инсульт, тізе буынын эндопротездеуден кейінгі оңалту ем-шараларын алып жатыр. Біз олардың құқықтарын шектей алмаймыз. Сондықтан әзірге ковидпен ауырғандарды оңалтуға отыз орынды  қайта бейімдедік, деп түсіндірді Толқын Секеева.

Стационарда ауыр жағдайда, оттегі концентраторына қосылулы  жатқан пациенттер, облыста ондай 300 науқас бар,  инфекциялық стационардан шыққан соң осы орталыққа жіберіледі. Оларға он төрт күнге жеке оңалту бағдарламасы тағайындалады. Бұл оңалтудың екінші кезеңі. Ал үшінші кезеңі амбулаторлык-емханалық емдеу, ковидтің жеңіл және орташа түрімен ауырғандар да осы орталыққа келіп-кетіп емделе алады. Оңалту шараларына тыныс алу гимнастикасы, физиоемдеудің түрлері, лазеротерапия, инфрақызыл сәуле, массаж, емдік денешынықтыру, жүгіру жолағы, велосипед тренажерларында жаттығу, алты минуттық жүру, белсенді және белсенді емес қимылдар кіреді. Қажет болған жағдайда жеке инструктормен кинезитерапия сеансын да өткізеді. Басшының сөзіне қарағанда, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері осындай науқастармен жұмыс істеу бойынша барлық дайындықтан өткен.

Маманның түсіндіруінше, оңалтуға қандай науқастардың жататынын мультидисциплинарлы комиссия оңалту маршрутының шкаласына қарап шешеді. Комиссия құрамына реаниматолог, психолог мамандар, емдік денешынықтыру нұсқаушысы, орталық дәрігерлері және бас дәрігердің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары кіреді. Науқас инфекциялық стационардан шығарда оның құжаттары осы комиссияға келіп түседі. Комиссия мүшелері әр пациент бойынша жеке шешім қабылдайды. Егер пациенттің  жағдайына шкала бойынша бір балл қойылса, ол ауыр науқас деп саналады және екінші кезеңге жатады. Баллдары бірден жоғары науқастарды амбулаторлық-емханалық деңгейде оңалтуға болады. Оңалтудың үшінші кезеңімен өздерінде пульмонолог маманы бар, амбулаторлық-емханалық оңалтуға мемлекеттік тапсырысқа ие емдеу ұйымдары да айналыса алады екен.

Әр емханада ковидпен ауырған өз пациенттерінің тізімі бар. Учаскелік терапевт оңалтуды қажет ететін тұлғалардың құжатын бізге жолдайды. Сонымен қатар науқастар оңалту орталығына  өз бетімен де келе алады. Егер олардың жағдайы жоғарыда айтылған шкала бойынша оңалтуға сәйкес келсе, оларды орталық кезекпен қабылдайды. Біз осы аптада алғашқы науқастарды қабылдауға дайынбыз, дейді Толқын Секеева.

Қазір тек Медициналық сақтандыру қорының тарифтерді бекітуі ғана қалыпты. Алдын ала есептеу көрсеткіштері бойынша бір науқасты амбулаторлық кезеңде оңалтуға 65-90 мың теңге шамасында, ал  стационарда оңалтуға  120 мың теңге қажет. Бұл шығындар медициналық сақтандыру қоры есебінен өтеледі, тұрғындар үшін тегін.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button