Қоғам

Нәзік жанға қол көтеру ерлік емес

Көрші келіншектің көзі тағы да кәдімгідей көгеріп қалыпты. Көгеріп, күп болып іскен дидарын сырт көзден жасырып, қолымен қанша көлегейлегенімен, бәрібір білініп тұр. Оның күйеуінен жиі таяқ жейтінін бұл үйдегілер жақсы біледі. «Қашанғы шыдайсың, үйіңе кетіп қалмайсың ба» деп оған ақыл айтушылар да көп. Бірақ, ол шыдап келе жатыр… Кеткенде қайда барады?

Нәзік жанға қол көтеру ерлік емесИә, кейбір деректерге қарағанда, елімізде жыл сайын 500-ге жуық әйел өзінің күйеуінің қолынан қаза табады екен. Елімізде осынша отбасы ойрандалып, шаңырағы ортасына түсетін көрінеді.

Хаттағы сыр

Жалпы еркектер осы неге әйелге қол жұмсайды? Әрине, әртүрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Десек те отбасындағы жанжал кезінде қит етсе әйелге жұдырығын ала жүгіретін еркектердің қылығын қалай түсінуге болады. Кеше ғана өліп-өшіп, сүйіп алған жарын ертеңінде шашынан сүйреп, көгала қойдай сабайтын жігіттер жайында өзіміз де талай әңгімені естідік. Бірақ нәзік жандыға қол көтеру еркек үшін ерлік болмаса керек. Осы арада «Ақ моншақтың» поштасына келген С. деген келіншектің хатын келтіре кетуді жөн санап отырмын.

«Құрметті «Ақ моншақ»! Мен «Дидар» газетінің қыз-келіншектерге арналған осы бетін асыға күтетін болдым. Болашақта өңіріміздегі қаншама әйелдердің сырласына айналарына сенемін. Осы арада мен өз басымдағы жағдай туралы баяндағым келеді. Мен күйеуімді жақсы көремін. Қанша дегенмен балаларымның әкесі ғой. Бірақ ол тұрмысқа шықпай тұрғанымда-ақ маған қол көтерген болатын. Алғашында кешірдім. Мұндай қадамға мені шексіз сүйгендіктен барды деп ойладым. Содан тұрмысқа шыққаннан соң, күйеуімді өзім тәрбиелеп аламын деген ой басым болды менде. Бірақ әу баста әйеліне қол көтеріп үйреніп алған адам оны кейін де әдетіне айналдырып алады екен ғой. Соңғы кездері көзім осыған анық жетті. Ұрыс-керіске негізгі себеп болатын нәрсе – сол баяғы қызғаншақтық. Менің еркек кіндіктінің бетіне күліп қарамауым керек екен. Тіпті көшеге шыққанда иығыма жөні түзу киім ілсем де пәлеге қаламын. «Кімге қылмыңдайын деп барасың» деп жанжал шығарады. Қазір өзіме өзім қарамай, қалай болса, солай жүре беретін болдым. Өйткені құлағымның тыныш болғанын қалаймын. Кейде күйеуім қол жұмсаған сайын, онымен ажырасып кеткім келеді. Бірақ ажырасқанда қайда барасың? Балалармен қай жақыныңа сиясың? Осы жағын көп ойлаймын. Ол да әр қол жұмсаған сайын «осы соңғы рет ұрғаным болсын, енді қолымның ұшын да тигізбеймін» деп уәде береді. Өкініштісі, бәрі бос сөз. Келесі жолы тағы да жұдырық ала жүгіреді… Дәл қазіргі күні менің күйеуіме деген сезімдерім сөніп бара жатқандай. Тек балаларым үшін шыдап жүрмін».

Хат мазмұны осы. Бірақ біз осынау хаттағы мәселенің көптеген әйелдерге ортақ екенін білеміз. Сырт көзге ұсақ-түйек секілді болып көрінетін осындай жағдайлардың кесірінен жүздеген отбасылардың шаңырағының ортасына түсіп жатқаны да шындық. Мысалы, елімізде 2008 жылы 135 280, 2009 жылы 140 386 неке тiркелсе, оның 35 852-і, ал 2009 жылы 39 257 неке бұзылған екен. Кез келген дөрекі мінездің қандай да болмасын ізгі сезімді өлтіретіні сөзсіз. Дөрекілік дөрекілікті ғана туғызатыны бесенеден белгілі.

Таяуда мұндай қайғылы оқиғаның бірі Өскеменде де орын алды. Өңірге танымал театр актрисасы Жадыра Әділова айдың, күннің аманында өз күйеуінің қолынан қаза тапты. 40 жастағы келіншек ауруханаға жетпей көз жұмды. Ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс Жарма ауданынан келе жатқан жолда басталыпты. Ашуға булыққан азамат көлік ішіндегі әйелін сабай берген. Өзіне-өзі келгенде ол өлімші болған жұбайын көріп, Өскеменнің іргесіндегі Қасым Қайсенов кентіндегі ауруханаға жеткізуге асыққан. Бірақ сүйген жары жан тәсілім етіпті.

Осынау оқиға талай жанның жүрегін ауыртып кетті. Театр сахнасында көбіне комедияларда ойнайтын Жадыраның өмірі күйеуінің кесірінен осылайша трагедиямен аяқталды.

Ақылды әйел азаматын сыйлайды

Еркек әйелге бекерден бекер қол көтермейді, бұл жерде әйелдің де кінәсі бар дейді психолог мамандар. Үйін тап-таза етіп, жайнатып, күйеуінің шайын қайнатып, балаларын ойнатып отырған әйелге қандай күйеу қол көтеруші еді. Ал асыл уақытын өсек айтамын деп өлтіріп алып, өмірі ештеңеге үлгермей, тамағы уақытында әзір болмай, үйі шашылып жататын әйелдің жөні мүлдем басқа. Көбіне күйеуінен таяқ жейтіндер де осы топтағы әйелдер. Олардың кейбіреуінің тілі де ұзын болады. Ал ер-азаматты бетінен алатын әйелді кім сыйлаушы еді?

Әрине, нәзік жандыларға жуан жұдырық жұмсау қатыгездік. Бірақ әйелдердің де өзінің әр қадамын аңдап басқаны абзал. Сонымен қатар кейбір еркектер үшін әйелге қол жұмсау қалыпты жағдайдай көрінуі ғажап емес. Өйткені бала кезінде ол әкесінің анасын соққыға жыққанына талай куә болуы да мүмкін ғой.

Жалпы әйел мен еркек арасындағы ұрыс, төбелес кезінде отбасында көп зардап шегетін ол – бала. Кейбір жағдайда ата-ана арасындағы жанжал дүниеге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан бала жүрегіне айықпас жара салып кетеді. Баланың әдемі мөлдір әлемі ластанады. Сондықтан да отбасы жарастығы кез келген бала үшін өте маңызды.

Иә, өмір ғажап! Осынау өмірді сұрқай, сүреңсіз ететін тек өзіміз. Осы орайда ерлі-зайыптылар бір-бірінің жүйкесіне тиіп, қажай бермей керісінше, бірінің бірі жанын түсінуге тырысса қандай керемет болар еді. Қазағымыздың әр шаңырағында тек қана шаттық салтанат құрса дейміз біз. Өйткені еліміздегі әр отбасы бақытты болса, мынау қоғамның да бақытты болары сөзсіз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button